Атқарылған істер, алдағы міндеттер

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде өңірдің 2016 жылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен осы кезеңде  бюджеттің орындалуы және жылу беру маусымының нәтижелері мен елді мекендерді санитарлық тазалыққа келтіру мәселелері қаралды.

Мәжілісте баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров бюджеттің кіріс бөлігінің 111,2 пайызға орындалғандығын атап өтті. Ал, шығыс бөлігі 249 миллион теңгенің игерілмеуінен 99 пайызға орындалған. Бірінші тоқсанның көрсеткіштері бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда. Бірақ, мәжіліс барысында облыс әкімі қатысушылар назарын шешімін күткен мәселелерге
аударды. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты көзделген 7 жоба әлі күш алып кеткен жоқ. Жалпы, биыл әр қала мен аудан осындай жолмен әлеуметтік салада бір-бір нысанды іске қосуы керек. Қазір 117 конкурстық рәсімдер аяқталмаған күйінде тұр. Тездетіп осы тұйықтан да шығу қажет. Бюджет қаржысын игермегендерден сұрау қатты болмақ.
Баяндама бойынша жарыссөзде сөйлеген Бұланды ауданының әкімі Қуандық Испергенов, Еңбекшілдер ауданының әкімі Асқар Қиықов және Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов күн тәртібіндегі мәселе бо-йынша өз аудандарындағы істің жайынан хабардар етті. Осы орайда, облыс әкімі әр аудан бойынша өз ойларын ортаға салып, басшыларға олқы тұстарды алға тарту жөнінде тиісті міндеттер қойды.
Облыстық  энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко қысқы жылу беру маусымының қорытындылары және елді мекендерді санитарлық тазалыққа келтіріп, көркейту жөніндегі жұмыстардың барысы жайлы есеп беріп, бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биыл жылу беру маусымы ойдағыдай өткені белгілі. Алайда, үш апатты жағдайдың орын алғаны алаңдатпай қоймайды. Әйтеуір, бұл бу қазандықтары жарылыс-тарында адам шығыны жоқ. Сонымен бірге, жылу қарызы өсіп, 2 миллиард 978 миллионға жеткен. Мұның  басым бөлігі өткен жылдардың қарызы. Көп аудандар жылу маусымында облыстың көмегіне жүгінген. Тек Ақкөл ауданы ғана қыстан өз күшімен шығып отыр. Сергей Кулагин баяндамашыны тыңдай келе, осы бастан отынның екі айлық қорын жасауды, ал, қазандықтардың қысқа дайындығын
1 қыркүйекке қарай аяқтауды тапсырды.
Мәселе дәстүрлі айлыққа қарай ойысқанда, облыста ағаш отырғызудың өте баяу жүргізілетіндігі айтылды. Биыл 19239 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланса, бүгінге дейін соның 3 мыңы ғана отырғызылыпты. Бұл түрімен жоспардың қашан орындалатыны белгісіз. Қолайлы уақыт өтіп барады, әрі отырғызылған көшеттер жылда дұрыс өспей, 30 пайызы ғана сақталуда. Осыған қынжылған облыс әкімі алдағы уақытта бұл жұмысты дұрыс жолға қою үшін ағаш отырғызатын арнайы машина сатып алу жөнінде мәселе көтерді. Сонымен бірге, бұл іспен кәсіби мамандар айналысуы керектігіне назар аударды.
Өзінің қорытынды сөзінде Сергей Кулагин инвестициялық жобаларды уақытында іске қосып, салынған жаңа кәсіпорындардың толық өндірістік қуатында жұмыс істеуіне қол жеткізуді басты міндет етіп белгіледі. Биылғы жылдың тамыз айында цемент зауытының құрылысын аяқтау көзделуде. Әкімдер әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермей, 55 теңге көлемінде ұстаулары керек. Биыл облысымыздағы 159 Ұлы Отан соғысының ардагеріне 200 мың теңгеден, ауған соғысы мен Чернобыль апатының  ардагерлеріне 10 мың, тыл еңбеккерлеріне 20 мыңнан әлеуметтік көмек көрсету жос-парланып отыр.
Әкімдік мәжілісінде облыс үшін өмірлік маңызы бар бұдан басқа мәселелер де назардан тыс қалмай,  тиісті тапсырмалар жүктелді.
***
Сол күні облыс әкімі Сергей
Кулагин шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық чемпионатында жүлделі екінші орынға ие болған Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубының мүшелерімен кездесіп, біріншілікте жақсы өнер көрсеткен жерлестерімізге өзінің және ақмолалық  жанкүйерлердің атынан шынайы алғыс сезімін жеткізді. Өңір басшысы арландық хоккейшілердің бұл табысы облысымызда осы спорт түрінің ойдағыдай дамуына игі септігін тигізетіндігін айта келе, команданың келесі чемпионатта жеңіс тұғырының ең жоғары сатысынан көрінетіндігіне сенім білдірді.   
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар