Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Ой-сана» тіл білгірлерінің байқауы өтіп, онда ұстаздары шәкірттерімен бірге бақ сынады.
Алғашқы кезең жаңылтпаштарды жаңылыспай жатқа айту еді. Сайысқа қатысушы Маржан Мұхамеджанова бұл сыннан ешбір іркіліссіз өтті. Ал, шығармашылық қабілетті шыңдайтын, бір сәтке болса да қиял еркіндігіне самғайтын кезеңде Қырмызы Халелова көпұлтты мемлекет тақырыбын барынша шынайы ашуға тырысты.
Педагогикалық тәжірибеде көп жылдан бері қолданылып әрі толымды нәтижесін беріп келе жатқан суретті сөйлету әдісі қатысушылардың сөз саптауын, сөз мәнерін жан-жақты аңғартты. Олар қазақ халқының өткені мен бүгінін танытатын бейнесурет арқылы көркем әдебиет үзінділеріндегідей жарасымды диалог үлгісін жасай білді.
Соңғы «Шабыт жұлдызы» кезеңінде Руслан Омаровтың орындауындағы С.Есениннің туындысын көпшілік ұйып тыңдап, жақсы әсер алды. Сөйтіп, әділ қазылар алқасының шешімімен Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің тәлімгері Қырмызы Халелова бірінші орынға, №2 негізгі мектептің мұғалімі Маржан Мұхамеджанова екінші орынға, Өлеңті ауылдық мектебінің мұғалімі Абылайхан Әбілқайыров үшінші орынға лайық деп танылды. Барлық қатысушылар грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Шәкірттер мен ұстаздар арасында өткен мұндай шара болашақта да жалғасын тапса, нұр
үстіне нұр.
Әлия АҚНАЗАРОВА.
Суретті түсірген автор.
Ерейментау ауданы.