Отбасы – тәрбиенің ұясы

«Адам анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» дейді өзінің 19-ғибратты қара сөзінде ұлы Абай.

Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз бен ата-ананың рөлі ерекше. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Баланың білімге құштарлығы өзін қоршаған ортасына, ұстазға, ата-анаға, құрбы-құрдастарына және тікелей  баланың өзіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтпаған. Баланың дамуы жанұяда басталады. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Жас шыбық иілгіш болса, жас бала да сондай жақсыға да, жаманға бірдей бейім болатынын бәріміз білеміз. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балаларының көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Бірақ, көп жағдайда біз балаларға олай көңіл бөле бермейміз. Күні бойы жұмыста боламыз, кешкі дастархан үстінде ғана бір-бірімізді көреміз. Одан әрі тағы ата-аналар өз шаруаларымен айналысады, теледидар көреді, ал, балалар өз бетімен ұялы телефон немесе компьютермен интернетте отырады. Балалардың көбі кіммен, қалай араласатынын білмейді.
Жағымсыз жағдай орын алса кім кінәлі? Әрине, ата-аналар өзінен кінә іздемейді. Ата-аналар баланың  жағымсыз іс-әрекетіне достарын, қоршаған ортаны, тіпті мектепті кінәлайды. Бірақ, ата-ана  кінәні өзгеден емес, өзінен іздеу керек. Бала тәрбиесінде қашан, қай жерде қате жібергенін пайымдап, сол қателерді жоюға тырысуы тиіс.
Бала дұрыс тәрбие беруде ата-ана, мектеп және бала тығыз байланыста болуы керек. Сонда ғана Отанымыздың болашағын сеніп  тапсыратын, Тәуелсіздігіміздің туын жоғары ұстайтын азамат пен азаматша тәрбиелейміз. Бұл ретте, әрбір ата-ана баласы үшін мемлекет алдында жауапты екенін ұмытпағаны жөн.

Алмагүл БЕЙСЕМБАЕВА,
Ортақ орта мектебінің сынып жетекшісі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар