САЛ-СЕРІЛЕРДІҢ ІЗІН БАСҚАН

 

жас өнерпаздар астаналық өнерсүйер қауымды тәнті етті

Сонау 1955 жылы Көкшетау қаласында кітапханашылар даярлайтын техникум болып ашылған білім ордасының атауы әр жылдары мәдени-ағарту, өнер колледжі  болып өзгергенімен негізгі мақсаты –  өнер қуған жастардың шеберліктерін шыңдау болып қала береді. Бүгінде Ақан сері атындағы мәдениет колледжі еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі.

 

Жуырда аталмыш оқу орнының өнерпаздары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және колледждің 60 жылдығына орай Астанадағы Оқушылар сарайында өнерлерін ортаға салды.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, колледж директоры Құралай Ғазизқызы Ыдырысова қысқаша сөз сөйлеп, жиналған жастарға білім ордасы туралы мағлұмат берген соң концерт басталып кетті.   Сахна шымылдығы ашылысымен «Жаңалыққа құштарлық» атты композициямен басталған қойылым алғашқы сәттерден-ақ көрермендерді баурап алды десек ақиқаттан алыс кетпегендігіміз. Бұл арада концертке жиналған жастардың да «өнерге таласы бар», әннің әрбір нотасын, бидің әрбір қимылын жіті бақылап, сын көзбен қарайтын көрермен екендігін айта кету керек. Яғни, аталмыш концерт көкшетаулық өрендер үшін үлкен сын болды деуге әбден болады.
«Ізін көрем» атты әнмен сахнаға бірінші болып шыққан Толқын Жұмаһастың дауысының кеңдігі, өзін кәнігі әртістерше ұстауы, жалпы сахна мәдениетін жетік меңгергендігі оның болашақта эстрада жұлдыздарының біріне айналатындығын айғақтап тұрғандай. «Кішкентай» әнін орындаған Ерхан Байболаттан да зор үміт күтуге болады. Әсем әуендерден бастау алған концерт одан әрі мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасты. Катерина Сидлецкая жетекшілік ететін «Жарқын» халықтық би ансамблін де кез-келген халықаралық байқауға ұялмай апаруға болатындай. Ал, «Көңілашар» күйін орындаған домбыра ансамблінің мүшелері болса тыңдармандарға күй құдіретінің қандай болатындығын тағы бір көрсетті. Әрине, концертте өнер көрсеткен талантты жастардың бәрін тізіп шығудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, бір нәрсе айқын. Ол – Ақан сері атындағы колледж тәлімгерлерінің болашақта қазақ өнерін бұдан да биік шыңдарға көтеретіндердің арасынан нық орын алатындығы. Мәселен, халық арасында кең тараған «Маралдым» әнімен жиналған жұртшылықты тамсандырған құрамында Әлихан Кәрібаев, Ерқанат Байболат және Рүстем Мұсафарханов бар ерлер триосын қалай мақтасақ та артық болмайды. Оның бір айғағы ретінде жоғарыда айтып өткеніміздей өнерді кәсіби тұрғыда бағалай білетін жиналған көрермендердің зор қошеметін айтуға болады.
Шәкірттеріне дем берейін деген болар, өз кезегінде колледж ұстазы Алла Павлиди де әсем әнімен көрермендерді бір серпілтіп тастады. Жалпы, бір жарым сағаттан астам уақытқа жалғасқан концерт репертуардың байлығы мен орындаушылардың шеберліктері арқасында бір демде аяқталғандай әсерде қалдырды. Тіпті, концерт аяқталған соң көрермендердің жаппай орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтауы да көкшетаулық өрендердің сахнаға әбден ысылып, музыка әлеміне терең бойлағандықтарын, әлі де талай асуларды алуға дайын екендіктерін аңғартты.
Әрине, бұл арада Мәдениет колледжіне негізінен талантты, өнерге, музыкаға бейім жасөспірімдер қабылданатындығы белгілі. Алайда, білікті ұстаздардың көмегінсіз, күнделікті дайындық пен үнемі ізденіс үстінде болмай биік белестерді бағындыру мүмкін еместігі де белгілі. Яғни, жастардың өнерлеріне тәнті бола отырып, оларды осындай дәрежеге жеткізген колледждің директоры Құралай Ыдырысова бастаған ұстаздар қауымының ерен еңбектерін ерекше атап
өту керек.
Рас, Көкшетау өңірі ежелден сал-серілердің мекені болған. Атақтары қазақ сахарасына кең танымал болған Біржан сал мен Ақан сері, «Гәккуін» әншінің әншісі ғана орындай алатын Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса сынды өнер саңлақтарының әндерін де сәндерін де жалғастырып келе жатқан небір талантты жастар бұл өңірде бүгінде де аз еместігін тағы бір байқадық.
Концерт барысында тағы бір байқаға-нымыз бағдарламаның әрқилы болып келетін тыңдармандардың талаптарын неғұрлым молынан ескеруге бейімделгендігі. Әрине, дәстүрлі әндеріміз бен күйлеріміздің, қазақ билерінің қайталанбас ерекшеліктері ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Сонымен қатар, өнердің дамуы шексіз екендігіне назар аудара отырып, бүгінгі заманда белең алған көптеген өзгерістер де назардан тыс қалуға тиіс емес. Әсіресе, эстрада және басқа да өнер салалары кең өріс алғандығы белгілі. Колледж студенттері жастық жігермен бұл тұрғыда да теледидарда күнде көрінетін көптеген «жұлдыздармен» иық тіресе алатындықтарын паш етті. Оның айғағы ретінде  А.Павлиди жетекшілік ететін «Thebest» вокалды тобының өнерін айтуға болады. Сондай-ақ, қазіргі заманғы билерді орындаған «Диамант» ансамблі сахнаға шыққанда залда отырғандар бірге билейтіндей күй кешкендігін көріп жастардың өнерлеріне тәнті болдық.
Жалпы, қазақ халқы қай заманда да өнерден, ән мен күйден кенде болмаған ғой. Көп халықтарда кездесе бермейтін, екі шекті домбырамен тартылғанда көз алдыңа қазақтың кең сахарасы мен оның сұлулығын елестететін күйлеріміз, әуелетіп салғанда алты қырдың астынан естілетін әндеріміз ежелден келе жатқан мәдени мұрамыз. Сол байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, заман ағымына орай туындаған ән айту мәнерлерін де меңгерген өнер иелері аз емес. Дегенмен, «әу дегеннің бәрі әнші еместігі» де белгілі жай. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда Ақан сері атындағы Көкшетау Мәдениет колледжінің қазақ өнерін, әні мен күйін, музыкасын насихаттауда, болашақ өнер жұлдыздарын баптауда атқарып отырған ауқымды
жұмыстарын ерекше атап өту керек.
Елордамыз  – Астана қаласындағы Оқушылар сарайында өткен концерт осылай аяқталды. Өнерлерімен Астана жұртшылығын тәнті еткен көкшелік өрендердің әлі де талай асуларды бағындырары сөзсіз. Оған олардың мүмкіндіктері жеткілікті. Ал, ең бастысы – оларды баптайтын білікті ұстаздары бар, жастардың өнерге деген құштарлығы бар. Осылар тоғысқан жерде қазақ өнері өркендей береді.
 Талғат ҚАСЕН
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар