жер байлығын кәдеге жаратушылар осыны ескеруге тиіс
Жуырда Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың қатысуымен өткен семинар-кеңесте осы және жер байлығын пайдалануға қатысты басқа да мәселелер жан-жақты талқыланды.
Семинар-кеңесте бірінші болып сөз алған Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Берік Мұстафин жер игеруде заңдылықтың сақталуы, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен жасаған келісім-шарттарда көрсетілген талаптарды орындауы, әлеуметтік және салықтық төлемдердің толық көлемде аударылуы, жер телімдерін заңдастыру және басқа да мәселелерге тоқталды.
Сондай-ақ, Целиноград, Шортанды аудандарының әкімдері, Аршалы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары кәсіпкерлерге жер телімдерін беру тұрғысындағы жұмыстар, олармен арадағы келісім-шарттарда көрсетілген міндеттердің орындалуы және басқа да мәселелер жайлы ойларын ортаға салды.
Жер байлығын пайдаланушылардың заңдылықты сақтауы, салық пен басқа да төлемдерді дер кезінде аударулары, келісім-шарт талаптарын орындаулары сынды мәселелермен қатар, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындармен күрес мәселесіне баса назар аударылды. Бұл орайда заң талаптарына сай жұмыс істейтін кәсіпкерлердің наразылықтарын түсінуге болады. Себебі, рұқсатсыз құм, қиыршық тас сатумен айналысатындар заңды белшесінен басып, оңай жолмен келген материалдарды арзанға сатады. Яғни, заң аясында жұмыс істейтіндер олармен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Бұл мәселе жайында кәсіпкерлермен қатар, Ақмола облыстық табиғатты қорғау полициясының басшысы Асқар Сәдуақасов, облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Бауыржан Шәйкенов те пікірлерін білдірді.
Әрине, мұндай бассыздыққа тосқауыл қою керек. Өкінішке орай, әзірге заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылармен күрес нақты нәтиже бермей тұр. Жасыратыны жоқ, бұл арада селолық округтер әкімдері де, тиісті орындар да солқылдақтық танытып отыр. Сондай-ақ, көп жағдайда олармен күрес құм мен топырақ тасып жүрген көлік иелерін ұстаумен шектеледі. Нақтырақ айтсақ, ондай көлік иелері ешқандай құжатсыз, ауызша келісіммен жұмыс істейтіндіктен жүктің иесі кім екендігін де айта алмайды. «Ақшамды төледі, айтқан жеріне апарамын, басқа ештеңе білмеймін» деген жүргізушіден не талап етуге болады. Яғни, «айран ішкен құтылады да, шелек жалаған тұтылады».
Ендігі бір мәселе, ол жер байлығын пайдаланушылармен жасалған келісім-шарттарда көрсетілген талаптардың орындалмауы. Қысқаша айтқанда, кәсіпкерлер белгіленген жоспарды орындамайды. Ол өз кезегінде салықтың төленбеуіне, қосымша жұмыс орындарының ашылмауына апарып соғады. Енді осыған көптеген кәсіпкерлердің жер телімдерін рәсімдемегенін, экологияны ластауға жол беретіндігін қоссақ шешімі табылмаған проблемалардың әлі өте көп екендігін байқаймыз.
Семинар-кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров аудан әкімдері мен осы жұмыстарға мүдделі облыстық басқармалар басшылары мен құқық қорғау органдарынан жағдайды тез арада түзеу шараларын нақтылап, мәселені толық шешуді талап етті. Бұл орайда, әсіресе селолық округтер әкімдеріне қойылар талап күшейтілуге тиіс. Шындығында, өзі басқарып отырған ауылдың аумағында жер байлығын пайдаланушыларды бақылай алмады дегенге кім сенеді?! Рас, Целиноград ауданында мұндай заң бұзушылардың үстінен қылмысты іс қозғау фактілері де бар. Алайда, заң бұзушылықтың алдын алу жұмыстары өз деңгейінде деуге ерте.
Ендігісі семинар-кеңесте айтылған мәселелерден нақты қорытынды шығарып, істі алға бастыру. Ол үшін әрине жергілікті әкімдер де, жерді пайдалану жұмыстарына жауапты органдар да істі қатаң бақылауға алулары қажет. Сонда заңды белшеден басып, ешқандай рұқсатсыз табиғат байлығын ұрлап, экологияға нұқсан келтіретіндердің жолы кесіледі. Ал, жер байлығын заңды пайдаланушылар болса өз кезегінде заң талаптары мен келісім-шарттарда көрсетілген міндеттемелерін бұлжытпай орындауға тиіс. Сонда ғана жоғарыда айтылған кемшіліктер түзеледі.
Талғат ҚАСЕН
Целиноград ауданы.