Бірер жылдан соң Ерейментау қаласы жасыл желекке малынып тұратын болады. Таяуда ауданда «Өз ағашыңды ек» деп аталатын экологиялық акция барысында екі жарым мыңнан астам көшеті отырғызылды.
Аудан орталығында аққайың, алма ағашы, терек тәрізді ағаштардың 540 көшетін еңбек ұжымдары, білім саласының мекемелері отырғызды. Ал, селолық округтерде жаңа отырғызылған 1600-ден астам балапан ағаштар бүр жармақ.
Ауданда осы шараға үш мыңнан астам адам қатысты. Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың айтуына қарағанда, туған жердің топырағына ағаш көшеттерін отырғызып, жасыл желегін жайқалту игілікті іс. Орман алқаптары, парктер экология-ны сақтаудың мықты кепілі. Негізгі мақсат – ағаш санын көбейту ғана емес, табиғатты аялай білуге баулу.
Кез-келген ағаштың бой салып өсіп-жетілуіне ұзақ уақыт керек. Осы уақыт ішінде тамырын тереңге тартқан көшеттер тәрізді аудандағы жас толқын да толысып қалмақ. Туған жердің төсіне ағаш отырғызған әр адам табиғаттың мөлдіреген кейпіне сызат түсірмеуге тырысады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.