Басты мәселе – жұмыс

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 34 қадамын жүзеге асыру шеңберінде Ақмола облыстық прокуратурасы «Түзеу мекемелерін еңбекпен қамту – 2017» форумын ұйымдастырды.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков пен облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысты. Форумды Ақмола облысының прокуроры Мұратбек Исадилов ашып, жүргізді. Бүгінгі күні түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан адамдарды еңбекпен қамту өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі күні тек Ақмола облысындағы жазасын өтеп жатқан сотталғандар өздері залал келтірген жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ, мемлекетке жалпы көлемі 1 миллиард 690 миллион теңге берешек екен. Сот шешімі арқылы бекітілген соншама қарызды жұмыс істеп, табыс таппайтын сотталған адам қалай қайтармақ? Сондай-ақ, жұмыспен қамтылмаған сотталушылар арасында заң бұзушылықтардың деңгейі жоғары болатынын тәжірибе көрсетуде.
Облыс прокурорының орынбасары Марат Мағжановтың айтуынша, түзеу мекемелерінен жазасын өтеп шыққандардың әрбір үшіншісі қайта қылмыс жасайды екен. Мұның басты себебі жұмыссыздықтан болатын жай. Егер түрмеде отырған сотталған адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты игеріп, түзеу мекемесінде жұмыс істесе, келтірген материалдық залалды өтеп, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына, онан қалды отбасына көмектесуіне  жағдай жасалар еді. Сондай-ақ, жұмысшы мамандығын игерген бостандыққа шыққан адамның жұмысқа қиналмай орналасуына да мүмкіндігі мол болмақ. Бұл өз кезегінде жазасын өтеп шыққандар арасындағы қылмысты азайтып қана қоймай, оған қоса сотталғандарды ұстауға жұмсалатын шығынды кемітуге де игі ықпалын тигізеді. Осыған орай, жазасын өтеушілерді еңбекпен қамту мәселесіне тек қылмыстық атқару органы ғана емес, басқа мемлекеттік құзырлы мекемелер және бизнес өкілдері де ынталы болып, көмектесуі тиіс.
Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Кенжебек Өнербеков сотталғандарды еңбекпен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінгі күні облыс аумағындағы түзеу мекемелерінде еңбекке жарамды 1500-дей жазасын өтеуші болса, қазір солардың 50 па-йыздайы жұмыспен қамтылған. 2018 жылға дейін бұл көрсеткішті 75 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Мұндай жетістікке мемлекеттік құзырлы органдар мен кәсіпкерлер тарапынан қолдаусыз жету мүмкін емес. Соған байланысты департамент тарапынан бизнес өкілдерін қызықтыратын түрлі инвестициялық жобалар ұсынылуда.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің жанынан құрылған «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалдары жер-жердегі түзеу мекемелерінде құрылып, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке қажетті және халық тұтынатын басқа да тауарларды шығаруда. Мәселен, Ақмола облысының аумағында жұмыс істеп жатқан «Атбасар-Еңбек» кәсіпорны 74 түрлі тауар шығарады екен.
Оның ішінде ауыл шаруашылығында қолданылатын ауыр және дискілі тырмалар, қоршаудың үстінен жүргізілетін тікенек сымдар, бір және екі қатарлы кереуеттер, қоқысқа арналған жәшіктер, креслолар бар. Сондай-ақ, осы кәсіпорын жұмысшылар киімдері мен көрпе, матрас, жастық, қолғап сияқты халыққа қажетті тауарларды да шығарады. Ал, «Еңбек-Аршалы» кәсіпорнында теріден тігілген аяқ киімдер өндірісі жолға қойылған. Түзеу мекемелері кәсіпорындары өндірген өнімдер сапасы жағынан шет елдік өнімдерден кем емес және бағасы біршама төмен.
Түзеу мекемелерінде он саусағынан өнер тамған мамандар аз емес. Бүгінде ондағы кәсіпорындарда түрлі халық тұтынатын тауарлар шығару біршама жолға қойылған. Егер мемлекет және  бизнес қауымдастығы тарапынан қаржылық қолдау көрсетілер болса, жаңа өндіріс түрлерін игеріп, өнім көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік бар. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков түзеу мекемелері кәсіпорындары тарапынан ұсынылған инвестициялық жобаларға қатысудың тиімділігін айта келе, кәсіпкерлер мен құзырлы мекемелердің осы маңызды іске қатысуы қажеттігін атап өтті.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар