Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа мешіт тағылымы - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа мешіт тағылымы

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Көкшетаудағы Науан хазірет атындағы орталық мешітте ардагерлермен тағылымды кездесу болып өтті.

 

Жылы шырайлы, әсерлі жүздесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Науан хазірет  атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин жиналған қауымға өткен жылдың қыркүйек айында ашылған жаңа мешіттің  сын-сипаты, сәулеттік ерекшеліктері туралы кеңінен айтып берді. Соның ішінде мешіттің ішкі қабырғаларында жазылған Құран сүрелерінің мән-мағынасына тоқталып, қасиетті орынның өңір мұсылмандарының басын біріктіруде, халықты имандылық жолына бұрып, ізгілікке, мейірімге үндеуде атқарып отырған жұмысынан түрлі мағлұматтар келтірді.
Бұдан кейін сөз мешіт құрылысына белсене атсалысып, осы мақсатта құрылған қоғамдық қордың жұмысына бас-көз болған облысымызға танымал еңбек ардагері Болат Жанәділовқа беріліп, ол кісі  мешіттің алғашқы қазығы қағылғаннан бастап соңына дейінгі құрылыс жұмыстарынан жан-жақты хабардар етті. Жиналғандар, оның ішінде кезінде түрлі себептермен мешіттің ашылуына қатыса алмаған адамдар осылайша оның іші-сыртының қалай безендірілгенін, бұған қандай орындар үлес қосқанын, жалпы, қор қаржысы қалай жұмсалғанын бүге-шігесіне дейін біле түсті десек артық емес.
Бас имам құран бағыштап, тағылымды шараның таныстырылым жағы аяқталғаннан кейін ұлт тәрбиесі, дін мәселесінде өздерінің ұлық сөздерін айтар аға ұрпақ өкілдері бұл келелі әңгімені арнайы жайылған дастархан басында жалғастырды. Осы орайда, кезекпен сөз алған экономист-ғалым, ел ағасы Қасымхан Құсайынов, белгілі ақын-жазушы  Төлеген Қажыбай, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Теңдік ауылынан келген, кезінде осы мешіт құрылысына 1 миллион теңге демеушілік көмек жасаған Орынбай қажы Әлжанов, Сырымбет қажы, тағы басқалары ардагерлерді жаңа мешіттің  қадір-қасиетіне бойлатып, осындай көппен жанды байланыс, игі сабақтастықтың қамын жасап жатқан дінбасыларына алғыстарын айтып, өздерінің көкейде жүрген кейбір ұсыныс-пікірлерін де ортаға салуды ұмытпады. Мәселен, Төлеген Қажыбай ағамыздың пікірінше, мешітте мүмкіндігінше әйгілі дін  ғұламаларының, философиялық  ілім иелерінің шығармалары топтастырылған жақсы кітапхана да болуы керек. Сондай-ақ, ендігі жерде бүкіл ақмолалық мұсылман жамағатының көз қуанышына айналып отырған сәулетті де зәулім мешіт үйінің айналасын көгалдандырып, ағаш, гүл егіп, көркейтіп ұстау  да басты мәселенің  бірі болғаны жөн.
Бұл тұрғыда, қазірдің өзінде баянды істердің баршылық екені жиналғандар назарына ұсынылған шағын бейне фильмнен де  айқын көріне түсті. Қайырымдылық шараларын  өткізу, халықты түзу діни жолға бастайтын білікті имам кадрларын даярлап, олардың жұмысын күнделікті назарда ұстау, жастарды жат ағымдардан сақтандыру, тағы басқа  бағыттарда атқарылып жатқан сан салалы жұмыстар жайшылықта көзге көріне бермегенімен, осындайда жиналған қауымды шын мәнісінде бір қуантып тастағанын байқадық.
Мешіт тарапынан қолға алынып жатқан сол сауапты істерге алда бүгінгі жылы жүздесудің, мақсат пен мүдде, ниет пен тілектің бір арнада тоғысуы да өз көмегін тигізері сөзсіз. Бұл да бас имам Қанат Қыдырмин, оның көмекшілерінің бір білгендігі деп тарқасқан жұрт қасиетті дінімізге тағы бір мәрте жан жүректерімен ұйыса түсті. Бұл – өңірімізде жаңа мешіт игі ықпал етіп отырған  имандылық иірімдерінің жақсы бір нышаны болса керек.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.      
Суретте:  бас имам Қанат Қыдырминнің сөз алып тұрған сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар