Жас бишілеріміздің үш алтыны
Бұл туралы Ақмола облысының спорттық-балдық би федерациясының жетекшісі Эльмира Шарипова «Ақмола медиа орталығында» өткізген брифингінде мәлімдеді.
Спорттық-балдық би федерациясының «Реверанс» клубының шәкірттері бақ сынаған байқауға ТМД мен Еуропа елдерінен 1800 жұптан құралған 90 спорттық би клубы қатысты. «Ұйымдастырушылардың өздері де қатысушылардың саны мұншалықты көп болатынын күтпеген екен. Күрделі қимылдарға негізделген спорттық биді тамашалау да бір ғанибет. Сондықтан болар көрермендер тартысты бәсекені сүйсіне тамашалапты. «Біздің жас спортшыларымызды жігерлендіріп, ынталандырғаны Еуропа мен Ресей, Әзірбайжан, Польша және Испанияның кәсіби бишілері, әлем чемпиондарының байқау барысында өткізген шеберлік сағаттары болды», – дейді Эльмира Шарипова.
Көкшетау қаласынан қатысып, еліміздің намысын қорғаған Данил Смирнов пен Амаль Байсалбаева «Ювеналды 1» санатында латынамерикалық бағдарламада алтын медаль, Еуропалық би бағдарламасында екінші орын алса, Нұрбек Сұлтанов пен Алина Бондаренко «Ювеналды Е класс» санатында бірінші орынға ие болған.
Одан әрі, Абай Зейнолла мен Дарья Никифорова кіші санатта алтын медальға қол жеткізді. «Реверанс» клубының шәкірттері Богдан Ручка мен Далида Тсенова «Ювеналды 2 класс Е» санатында, Владислав Максин мен Меруерт Ермекова «Ювеналды 2 класс Д» санатында бесінші орыннан көрінді. Жыл сайын өткізілетін би байқауы болашақта да дәстүрлі жалғасын таппақ.
Мерген ТОҚСАНБАЙ.