Жерді сату туралы мәселе шыққаннан бері қарапайым халық не істерін білмей, көңілде бір күдіктің, алаңдаушылық сезімнің болғаны рас. Елбасының кешегі күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі сол күдігімізді сейілтіп тастады.
Менің ғана емес, күллі ағайынның иығынан ауыр жүк түсті деп ойлаймын. Иә, Жер кодексін қабылдау бір жылға шегерілді. Ендігі кезекте, ел болып, осы мәселенің басын ашып алуымыз қажет. Көбіне тұрғындардың наразылығын тудырған жайт – ол «жерді шетелдіктерге көп мерзімге жалға берсек, олардың оны өңдеу үшін себетін химиялық дәрілерінен кейін жеріміз пайдалануға жарамсыз болып қалмайды ма?» деген қорқыныш. Президент осыған және жерді нарықтық экономикаға лайықтап пайдалану мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Енді бұл жағдайды аудандарда, мекемелер мен оқу-орындарында тиісті мамандар дұрыстап түсіндіруі қажет. Жер сатылса да, елді мекендерде мал жайылымдары, шабындық жерлер қалдырылуы керек.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қобалжу үстінде жүрген елінің қалауын дөп басып, дер кезінде Жер кодексіне мораторий жариялағаны өте құптарлық іс.
Сөз соңында айтқым келетіні, жергілікті әкімдер ауыл тұрғындарының да пікірін тыңдап, солармен келісе отыра бір ымыраға келгендері жөн. «Бірігіп пішкен тон келте болмас» демекші, қашанда көптің пікірімен санасып өмір сүрейік. Менің ағалық тілегім осы.
Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.