Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күтумен өткен ғұмыр - АРҚА АЖАРЫ

Күтумен өткен ғұмыр

Бүгінгі мереке күні зұлмат соғыста қыршын кеткен боздақтар туралы айту, еске алу, қолдан келгенінше құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы. Олардың он екіде бір гүлі ашылмай, майдан даласында ажал құшқандары орны толмас өкініш, әрине. Бүгін сол боздақтардың аруағына бағыштап құран оқып, пейіште нұры шалқысын деген тілек тілейміз.

 

Сұм соғыс көптеген отбасылардың шаңырағына орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Тіпті, кейбір азаматтардың артында белгі-дерегі де қалған жоқ. Осындай есіл ерлердің бірі – Райкен Хамзин. Зеренді ауданының тумасы. Бұрынғы көнекөз қариялар Райкеннің тумысынан аса дарынды, өнерлі болғандығын жыр қылып айтады.
Мектепте оқып жүргенінде әсіресе, әдебиет пәніне ынтасы айрықша болыпты. Сол тұстағы ақындардың жалынды жырларын жатқа айтады екен. Жалғыз өлең ғана емес, ілкі заманнан бері жалғасып келе жатқан халық қазынасы – хисса жырларды да нәшіне келтіре төгілтіп орындайтын болған. Көзі көргендердің сипаттауына қарағанда, тәп-тәуір әнші болса керек. Осындай тамаша қасиеттерімен бірге, өзі де өлең шығаратын, табиғаттың кейбір құбылыстарын, замандастарының бойындағы жарқын мінездерін жыр тілімен өретін дарыны болыпты. Әншілігі өз алдына тағы бір бөлек.
Мектепте оқып жүрген кезінде білімге деген ұмтылысымен айрықша көзге түскен. Барша жан дүниесі сәуірдің ақ таңындай мөлдірейтін балауса жастың жарық дүниеге, жарқын өмірге деген құштарлығы тіптен ғажап. Табиғат сыйлаған осындай тамаша қасиеттерінің арқасында ерте көзге түскен.
1936-1937 жылдары Зеренді аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланған. Жауапты қызмет атқарған кезде Райкеннің жасы 20-да ғана екен. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Барша қазақ даласын алапат аштық жайлаған сұрапыл жылдар.
Жер-жерде жаңа құрылып жатқан комсомол ұйымдарына басшылық жасау, олардың жұмысын қалыпты арнаға түсіру оңай-оспақ іс емес. Оның үстіне, сайын дала төсіндегі жаңалыққа елдің әлі еті үйренбеген, қалыпқа түспеген кезі. Оған қоса, аштықтың азабы үстемеленіп, жалынды жасты былай қойғанда аптал азаматтардың иығына зілмауыр жүк артқан жылдар емес пе?! Міне, осы кезде бойында ұйымдастырушылық қабілеті зор Райкен Хамзин өзіне қойылған міндет жүгін мінсіз атқарған.
Халықпен тіл табыса білген. Ел жа-йын ойлайтын, ұлт мүддесін бірінші қоятын жігерлі жас білімін толықтыруды ұйғарады. Және жергілікті жерде емес, сонау Алматыға білім іздеп аттанады. Осы кезде соғыс басталып, еліміздің көптеген жастары тәрізді арманы асқақ Райкен де қолына қару алып, басқыншы жаумен күреспекке сапар шеккен. Майдан даласына аттанғаннан кейін хабар-ошар болмаған. Осылайша бір ғұмыр үзілді. Артта қалған ағайын-туыс Райкендей жалынды жастар болғанда талай асуларды алуы мүмкін еді деп отыратын. Қайғыдан көкіректері қарс айырылатын. Амал не, тағдырдың салған ісіне не істерсің?..
Осындай азаматтың артында тек ел есіндегі жарқын бейнесі қалды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Алпамыс батыр тәрізді қойылымдардың басты рөлдерінде ойнаған өнері, домбыраның қос ішегінде халық күйлерін нәшіне келтіре тартатын шеберлігі ғана сақталып қалған.
Әкем Қамидолла Хамзиннің айтуына қарағанда, үлкен ағасы Райкен, ортаншы ағасы Хайролла екеуі де соғысқа қатысқан. Әкем бауырының бір хабары болар деп ғұмыр бойы іздеумен өтті. Аңсағаны да, арманы да сол болатын. Адам баласында әрине, арманның көп болуы мүмкін, соның ішіндегі әкем үшін ең қымбаты осы еді. Бүгінгі мереке күні майдан даласында опат болған ағаларымыздың рухы разы болсын деп жаздым осы бір естелігімді.
 
Әділхан Хамзин,
полиция полковнигі.

Зеренді ауданы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар