Зеңбірекші Құрмаштың ерлігі

Асылында адам бойындағы қасиеттер туған жердің топырағынан даритын болса керек. Бурабайдың баурайындағы кенепке майлы бояумен салған ғажайып суреттер тәрізді табиғаттың тылсым күші кіндік қаны топырағында тамған перзенттерінің көкірегіне көшетіндей.

 


Бір кезде Махамбет ауылы деп аталатын елді мекенде жарық дүние есігін ашқан Құрмаш та ізгілікті ақ қайыңның сыбдырынан ұғып, қайтпас қайсарлықты қарағайдың қарсы біткен бұтағынан бойына дарытқандай. Сонау бір кезде ынтымағы мол, босағасына тепкілесе кетпейтін ырыс дарыған Махамбет ауылы кейін Үлгіалған деп аталды. Қарашаның қарлы дауылындай замананың желі де шағын ауылдың талай шаңырағын шайқалтып, туған жерден үдере көшуге мәжбүр етті. Қазір Алаштың сан талай аптал азаматтары өмірге келген, ата қоныс еткен сол ауылда 6-7 шаңырақ қана түтін түтетуде.
Жаратқан ие бойына білімге құштарлық сыйлаған, білуге ынтызар еткен Құрмаштың өмірге деген құлшынысы, білмекке деген ұмтылысы алапат қуатқа толы еді. 1952 жылы Петропавл қаласындағы колхоз төрағаларын дайындайтын техникумды үздік бітірді. Ол тұста шаруашылықтарға басшылық жасайтын кадрлар қасқалдақтың қанындай қат. Жалғыз кіріс-шығысты ғана есептеу емес, мүмкіндігі шектеулі, қажыр-қайраты кемшін шаруашылықтың жұмысын өрге бастыру үшін істің көзін табу керек. Егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығын да. Әлі де тұрмысы түзеліп кете қоймаған елдің әлеуметтік жағдайын да. Басқарманың міндеті көп, жауапкершілігі де аз емес.
Бірақ, шаруашылыққа бел буып араласуға мүмкіндік бола қойған жоқ. 1939 жылы әскери міндетін өтеуге шақырылды. Өз тұстастарына қарағанда екі тілде бірдей сөйлейтін, білімді әрі жігерлі жас әскери қатал тәртіпке тез-ақ көндіккен. Іле соғыс басталды.
Жауынгер Құрмаш Баймұтов – зеңбірекші. Сұрапыл соғыстағы бір ерлігі жайлы баяндай кетелік. Гродно қаласының солтүстік аймағында қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстық. Шілде айының 18-і күні. Басынан бақайына дейін мұздай қаруланған неміс басқыншыларының екпіні бет қарататын емес. Тұс-тұстан ауыр снарядтар гүрс-гүрс жарылып, окопқа жасырынған жауынгерлердің иманын қасым қылғандай. Бұлардың зеңбірекшілер тобына Неман өзенінің жағалауындағы плацдармды кеңейту тапсырылған. Шешуші айқас осы плацдармды кімнің басып алмағына байланысты. Гитлершілер де қолда бар қаруының барлығымен тынымсыз атқылап, қарсылық көрсетуде. Құрмаштың дәл көздеп атқан оғы жиырмадан астам неміс әскерін жер жастандырды. Үсті-үстіне оқ боратқаннан кейін жансебіл жаяу әскер жандарын шүберекке түйіп, қолма-қол айқасқа шықты. Дәл осы сәтте неміс танкісінен атылған снарядтың жарықшағы тиіп, Құрмаш та жараланды. Бірақ, бүк түсіп жатып қалған жоқ. Не шегінбеді де. Жараның орнынан қаны сорғалай жүріп, зеңбірекпен атқылай берді. Көзделген мақсат орындалып, өзен жағасындағы плацдармның аясы кеңейген соң ғана жаралы жауынгер госпитальға жіберілді. Қансырап бара жатса да, қаһарлы еді. Жаралы болса да жаны жүдеген жоқ. Өйткені, ол немістің бес самолетінің, одан басқа да толып жатқан техникалары мен солдаттарының көзін жойып үлгерді.    
Қан қасап майданның тағы бір суреті. Адамның аза бойы қаза болатындай қорқынышты, азалы сурет. Дегенмен, керек. Кейіпкеріміздің қаһармандық бейнесін әйгілеп, сөзбен таңбалау үшін. Бүгінгі ұрпақтың жетесіне жеткізе айту үшін.
Жауынгер Баймұтов взводтағы қорқуды білмейтін ер жүрек сарбаздардың бірі. Бірі ғана емес, бірегейі. Кейін қолымызға тиген майдан даласында жазылған деректерде осылай делінеді. Ол өмір мен өлім белдескенде толқыған жауынгерлерді шабуылға бастаған марқасқа. Құтты баяғы бағзы замандағы Алаштың көзсіз ерлері тәрізді. Мына бір дерекке назар аударарлық 1942 жылдың сәуір айының 13-і күні. Неміс ұшақтары әлденеше уақыт бойы бомбалаумен көз аштырмаған. Өздері мұндай көп бола ма? Аспанның өзі қызғылтым түске боялғандай. Жоқ әлде жерде құрбан болып жатқан сансыз, жазықсыз адамдардың қасіретінен қарайып кетті ме екен. Әйтеуір, қара аспанның астында қара ниетті ұшақтар бірінен соң бірі тізбектеліп, тынымсыз ұшқан. Ал, жерде өмір сүрсем деген жалғыз-ақ ниет көкірегіндегі шыбын жанын шырқырата жұлмақ болған темір шеңгелмен тайталасып тіресіп жатты. Тіресіп қана қойған жоқ, темір көбені сөгіп те жіберді. Зеңбірекші Баймұтовтың тобы жаудың төрт бронды машинасын, оннан астам автомашиналарын жендеттерімен қосып жойып жіберді.  Міне, осы батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылды.
Майдан даласындағы жауынгерлердің көкірегінде қандай сезімнің болғандығын біз бүгін тап басып айта алмайтынымыз шындық. Алдында ажалдың оғы жаңбырша жауып тұрса, оңынан да, солынан да қара жерді солқ-солқ еткізіп бомба жарылса, қорғанышы аз, таянышы кем жауынгер не істер еді. Дәл қазір айту қиын. Бірақ, жауынгер Құрмаш Баймұтовтың тайсалмағандығы анық. Қорықпағаны былай тұрсын, ерен ерлік көрсеткен. Тағы да майдан даласында толтырылған құжатты сөйлетіп көрелік. 1944 жылдың қаңтар айының 12-і күні Овинищи деревнясының жанында қиян-кескі ұрыс болды. Біресе кеңес жауынгерлері, біресе неміс басқыншылары шабуылға шығады. Жау жағының жүзден астам офицерлері мен солдаттары лап қойды. Міне, осы кезде жауынгер Құрмаш Баймұтовтың зеңбірегі сөйлеп қоя берді. Аспанға көтерілген шаңнан алдындағы соғыс жүріп жатқан алаң көрінбейтін еді. Әйтсе де, дәл осындай жағдайға көз қаныққан, қол бекем. Мергендікке әбден төселген зеңбірекші жанын қоярға жер таппай, кейін шегінген немістің бронды техникасын батпаққа қонған үйрек тәрізді бірінен соң бірін атып түсіре бастады. Шаб-уыл да тыйылды. Снарядтың жарылған екпінімен көтерілген торғын тозаңның шымылдығы сөгілген кезде қисая құлаған, жартылай жанған жау техникасы көріне бастады. Жау әскері шығынға белшесінен батыпты. Бөлімше басшылары ер жүрек қазақ жауынгерінің сындарлы шақтағы қаһармандығын жоғары бағалады. Іле сәл ғана тыныс тапқан сәтте арнайы құжат толтырып, наградаға ұсынды.
Шабуылдан шайлықпаған есіл ердің омырауы-на екінші, үшінші дәрежелі екі «Даңқ» ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медальдары тағылды. Майдан даласындағы соғыс сипатын толайым айтып шығу тіпті де мүмкін емес. Жалғыз-ақ анығы, кеудесіндегі намыс оты, еркі мен жігері ерлікке сүйрегендігі. Онда да атым шықсын, абыройым асқақтасын деген жоқ шығар. Міндеті еді. Отанды қорғау, кең байтақ елін қорғау Құрмаш сынды он екіде бір гүлі ашылмаған азаматтардың азапты да, абыройлы міндеті. Сол міндетті нағыз ерлерше атқарып шықты. Абыройына иненің жасуындай кіршік түскен жоқ. Сан мәрте сұм ажалмен бетпе-бет келіп тұрса да, жарты қадам шегінуді, жасырынуды білмепті.  
Кейінгі өмір мылтықсыз майдан. Соғыстан кейінгі әбден арып-ашыған, жүдеп-жадаған колхоз шаруашылығын қалпына келтіру. Қалпына келтіру ғана емес, жаңаша үлгімен дамыту. Ер азаматтың көбі кешегі майдан даласында опат болған, қол күші кем, бар жүректің өзі жаралы, жер басып жүрген елдестерінің көбінің еңсесін қайғымен қара бұлты басқан. Серпілуі қиын еді, сергуі де оңай емес. Бірақ, бұдан да ауыр, бұдан да зілмауыр майдан даласында шыңдалған жауынгер ендігі арада тағдырдың салған ісіне қалай да төзетін. Төзуге тиіс еді. Төзді де. Өмір бойы туған жердің төсінде ақық дән өсірген агроном болды. Қара жердің төсіне қылтиып дән шығатын. Жып-жылы жаңбырдан нәр алып, құнарлы топырақтан қуат дарып, молшылықтың белгісіндей жайқалып өсетін. Сол сәтте жарықтық, Құрмаш ата ақ түйенің қарны жарылғандай қуанатын. Кереқарыс масақтар самал желмен тербелгенде, сыбдырлап ән салатын. Бейбітшіліктің әні, берекенің әні. Сол ән құшағында тербеліп еңбек етті.
Абыройсыз болған жоқ. Майдан даласында алған марапаттардың қатарына «Құрмет Белгісі» ордені қосылды. Ал, алғыс хаттар өз алдына бір бөлек. Майдангер ағаның көл-көсір бейнетінің зейнетін енді көремін дегенінде тұп-тура 59 жасында өмірден озды. Жан жары Әнипа екеуі  жарық дүниеге он перзент әкелді. Үлкені Көкшетау өңіріне танымал Бексұлтан Құрмашұлы облыстық сауда басқармасының бастығы болып қызмет істеді. Көрікті Көкшетау өлкесінің табиғатын қорғауға өлшеусіз еңбек сіңірді. Орман аң аулау және балық шаруашылығы басқармасын табаны күректей 14 жыл бойы басқарды. Төл басының соңынан ерген інілері мен қарындастары да асқар тау әкеден тәрбие алып, өмірден өз орнын тапты. Қазір осы шаңырақтан түлеп ұшқан перзенттер облыстық әкімдікте, салалық басқармаларда қызмет істеуде. Майдангер атаның аманатына адал.
Оқжетпестің қиясында қара тасты қақ жарып діңіне құшақ жетпес қарағай өсіп тұр. Қара тасты қақ жарған нәрін әлденеше құлаш тереңнен алатын тамырдың мықтылығына қайран қаласың. Құрмаш атамыз да дәл осы қарағай іспетті. Ал, қайсарлана қарсы біткен, зәулім көкке ұмтылған, бой салып өскен бұтақтары бейне бір ұрпақтары болып көрінеді.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар