«МЕН ҮШІН СОҒЫС МАМЫРДЫҢ 17-іне ДЕЙІН созылды» дейді 95 жастағы майдангер Сейілбек ақсақал

Ашаң жүзді, бойында бір қырым артық еті жоқ, әрдайым бойын тік ұстап, аяғын нық басатын Сейілбек Усин ақсақалды 1995 жылдан бері танимын. Қазіргі Астананың іргесіндегі Көктал ауылынан «Арқа ажары» газетінің редакциясына (ол кезде облыс орталығы Ақмола қаласында еді) түрлі тақырыптарда жазған мақалаларын  жиі әкеліп жүретін ақсақалды редакцияның штаттағы қызметкеріндей көретінбіз.

 

І-ші Украин майданы құрамындағы генерал Рыбалко басқаратын 3-ші гвардиялық танк армиясында байланысшы болған жауынгер Украинаның Киев, Харьков қалаларын, одан әрі Польша, Венгрия, Болгарияны азат етіп, Берлинді алған батырлардың бірі.
 – Сонау 1939 жылы Қиыр Шығыста міндетті әскери борышымды өтеп болып, енді елге қайтамын деп жүргенде соғыс басталды, – дейді қарт жауынгер. – Содан бізді бір ай дайындықтан өткізіп майдан шебіне аттандырды. Қаншама жыл өтсе де сол бір қанқұйлы соғыста басымнан өткен жайлардың бәрі есімде. Қайсыбірін айта берейін.
 Әлі есімде, еліміздің шетінен күн сайынғы атыс-пен Украинадан бастап Польша, Венгрия, Румыния мен Болгарияны азат етіп Берлинге де жеттік. Сәуірдің 25-нен мамырдың 2-не дейін Берлинді алу операциясы өтті. І-ші және ІІ-ші Беларусь және мен құрамында болған І-ші Украин фронты үш жақтан қоршап жаудың бас қаласын басып алдық. Жеңіс күнін де сол Берлинде қарсы алып едік. Бірақ, біз үшін соғыс әлі аяқталмаған екен. Қолбасшылардың шешімен бізді  неміс басқыншылары жеңілгенімен, қарсылықтарын тоқтатпаған Власов армиясын талқандау үшін Чехословакияға жіберді.
  Осы уақытқа дейін жаныма бататыны Берлинді алып, Жеңісті тойлап үлгерген, енді елге қайтамыз деп жүрген көптеген майдандас достарымның сол власовшылармен болған айқаста мерт болулары. Осылайша біз үшін соғыс мамыр айының 17-не дейін созылып, Власов әскерін де талқандап, шамамен бес жүздей адамын тұтқынға алдық. Төрт жыл майданда жүргенде талай боздақтардан айырылдық, талай рет өмір мен өлім арасында болдық. Бірақ, жаудың апанын талқандап, Жеңістің дәмін татып  «енді елге қайтамыз» деп бала-шағасымен қалай қауышатынын көз алдына елестетіп жүргендердің майданға қайта еніп, оққа ұшуы ауыр тиеді екен. «…Кебенек киген келеді» деген рас екен, татар дәм-тұзым  бар болған соң соғыстан аман оралып, міне,  95 жасқа келіп отырмын. Шүкір, 7 балам, 19 немерем, 20 шөберем бар. Ендігі арманым – солардың бейбіт күнде бақытты өмір сүруі.
  Сейілбек ақсақалдың келесі бір ерекшелігі – 75 жасына дейін күн сайын 15-20 шақырымға жүгіруді өзіне серік еткендігі. Шынтуайтқа келсек, спортшы болмаса да анау-мынау жас жігіттің қолынан келе бермейтін бұл мәрттігі ақсақалдың бүгінгі 95 жасында да өзін сергек сезінуіне сеп болған болар. Сондай-ақ, 60 жылдан астам уақыт «Арқа ажары», «Астана ақшамы» сынды газеттерге мақалаларын жариялап, өзін тағы бір қырынан көрсеткен қарияның өмірі жастарға әбден үлгі боларлық. Байыптап қарасақ, соғыс аяқталған жылы туғандардың өздері де қарттық жасқа жетіп қалды. Ал, 95 жасқа келсе де өзін әлі жетпістегідей сезінетін Сейілбек атайдың сүйегі асыл екен демеске болмайды.
Соғыстан кейінгі жылдары алғашқыда мұғалім, мектеп директоры болған Сейілбек Әкімбекұлы тың көтеру кезінде аудандық партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, кейіннен аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Ал, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққан қария әлі тұғырдан таймай, ауық-ауық Астана қалалық «Астана ақшамы» газетіне мақалаларын жіберіп тұрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 60 жылдан бері қолынан қаламы түскен емес.
 – Уақыт өз дегенін алады екен, кейінгі кезде денсаулығым сыр беріп, жүрегіме операция жасатуға тура келді, – дейді одан әрі Сейілбек атай. – Бірақ,  денсаулықты ойлап уайымдайтын жастан өтіп кеттім ғой. Ендігі арманым – тәуелсіз еліміздің әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарынан нық орын алуы. Осы мақсат жолында балаларым, немерелерім мен шөберелерім аянбай еңбек етіп, еліміздің жарқын болашағына өз үлестерін қосуы.
  Міне, керзі етікпен қарт құрлықты түгел аралап, Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан қарт майдангер Сейілбек Усин ақсақал осындай адам. Әңгімеміздің соңында «Алла жазса келесі жылы да Жеңіс мерекесінде жолығармыз» деген қарияның сенімге толы сөздері оның сүйегінің асыл екендігін, өмірге құштарлықтың өз нәтижесін беретіндігін тағы да бір дәлелдегендей.

 

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар