Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отанды қорғау – ардың ісі - АРҚА АЖАРЫ

Отанды қорғау – ардың ісі

Отан қорғау ісі жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, ауызға әскерде жүрген сарбаздарымыз оралады. Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, осы көктемде біздің облыстан әскер қатарына 800-ден астам адам аттанғалы отыр екен. Осы орайда, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында аталған департамент басшысы, полковник Жанат Ережеповпен әңгімелескен едік.

 

– Алдымен айтарым, сонау сұрапыл соғыс жылдары елімізді зұлым жаудан қорғап қалған майдангерлеріміздің есімдері біз үшін әркез қымбат. Олардың ерліктері халық жадынан ешқашан өшпек емес. Ардагерлер бізге бейбіт өмірді аманат етті. Ендігі кезекте осы бейбітшілікті, елдігімізді сақтап қалу үшін барымызды салуымыз қажет. Осыдан 24 жыл бұрын тәуелсіз еліміздің өз айбынды әскері құрылып, оның қатары жыл санап лайықты ұландармен толығуда. Мәселе әскерді бір мемлекетпен соғысу үшін жасақтауда емес. Біздің әскерлер өз күшін тек оқу-жаттығу мақсатында, сыртқы, ішкі қауіпсіздікті сақтауға ғана пайдаланса екен деймін. Соғыс өртін көрген ата-бабаларымыздың да тілегі сол.  
Биыл азаматтарды әскерге шақыру маусымы
1 сәуірден басталды. 30 маусымға дейін облыстан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы қатарына 800-ден астам адам шақырылады.
– Ал, енді осы орайда, әскер қатарына шақырылатын жастарымыздың денсаулығы жайлы не айтасыз?
– Әскерге шақырылатын ұлдардың арасында ауру-сырқау көп кездеседі деп айта алмаймын. Алайда, жасыратыны жоқ, медициналық тексеріс кезінде денсаулығынан кінәрат табылып, әскери борышын өтеу мерзімі кейінге қалдырылатын немесе әскерден біржола босатылатындар да бар. Әсіресе, майтабан, көз, іш аурулары, омыртқаның майысуы жиі кездеседі. Менің ойымша соңғысы жастардың компьютерде көп отыруы салдарынан болуы мүмкін.
– Қазіргі таңда әскерге шақырылатын жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән берілуде. Ауылдағы жастар бұл талапқа қаншалықты сай?
– Отанды қорғау парызы барлық ер-азаматтарға ортақ. Бұл жерде ауылдың немесе қаланың баласы деп бөлмегеніміз абзал. Еліміздің шекара қызметінде, Ұлттық ұлан қатарында өздерінің әскери міндеттерін мінсіз орындап жүрген ауыл балалары көп. Рас, әскерге білімді жастар қажет. Бұл – заман талабы. Өздеріңіз көріп отырсыздар, әскери құрал-жабдықтар жылдан-жылға жаңарып келеді. Қарулы Күштеріміз заманауи техникамен толығуда. Оны дұрыс пайдалану үшін жігіттеріміз сауатты болуы шарт. Соңғы жылдары университет, колледж бітіріп, әскерге барып жатқан жастар көбейе түсуде. Ертеде әскерде құрылыс бөлімдері болатын. Ол жерге барғандар білімді аса қажет етпей-ақ, құрылыс жұмыстарын істей беретін. Ал, қазір ондай бөлімдер жоқ. Техниканы, қаруды пайдаланатын әскери бөлімдер ғана қалдырылды.  
Шынын айту керек, біздің облыстан барған ұландар өздеріне  қойылған талаптарды бірден ұғып, әскери шеберлікті тез үйренеді. Мәселен, мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары М.Аюбаевтан  былтыр күз айында облыс әкімі Сергей Кулагиннің атына Алғыс хат келсе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың атына да Астрахан, Аршалы, Атбасар аудандарынан мерзімді әскери қызметке шақырылған Андрей Марченко, Артем Гричуха, Ілияс Тұрғынбаевтың жоғары жетістіктері үшін  осындай Алғыс хаттар келді. 5451 әскери бөліміне Шортанды ауданынан барған  қатардағы жауынгер Андрей Ставский де мақтау қағазына ие болды. Мұнымен қатар, шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген 14 жігіттің ата-анасына алғыс жарияланды. Ол мақтау қағаздарының көбін осында салтанатты жағдайда тапсырсақ, біразы аудандардағы қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға жөнелтілді.
Ерекше айта кеткім келетін тағы бір мәселе, бүгінгі жастардың әскерге баруға деген ынтасы зор. Өйткені, көбі болашақтарын құқық қорғау саласымен байланыстырғысы келеді. Келешекте қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегісі келетіндер шекара қызметіне баруға ұмтылады. Ал, денсаулығы мықты, шыныққан жастарымыз аэро күштер, әскери-теңіз күштеріне сұранады. Жылына он шақты бала өз еріктерімен келісім-шарт негізінде әскерде қызмет етуге қалады. Өйткені, әскерилердің әлеуметтік жағдайы жақсы. Жалғыз офицердің өзі ғана емес, оның отбасы да мемлекет қамқорлығында болады. Сөз соңында әскери дайындығымыз соғыс мақсатында емес, тек оқу-жаттығу тұрғысында  ғана керек болсын дегім келеді. Ел тәуелсіздігін қас қақпай күзетіп тұрған әскеріміздің айбыны арта берсін. Мереке құтты болсын!
Сұхбатты жүргізген Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар