Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Рақымжан аға тағылымы - АРҚА АЖАРЫ

Рақымжан аға тағылымы

 Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жезқазған шахталарының бірінде инженер болып істеп жүрген кезім еді. Мені бастықтар жұмыстан босатып: – Жезқазғанға Ұлы Отан соғысының батыры, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев келді, жанына шахта жұмыскері, Отан соғысының ардагері Әбіш  Исатаев пен бірге еріп жүресің, – деді.

 

Жезқазған кенішінде шахталарда жастар жұмыс істесе, үйдегі үлкендері жазда өзен бойы малдарын бағып, биелерін қымызға байлап, жайлауда болатын.
Киіз үйлері құрылған Кеңгір, Сарысу өзендері бойы шағын-шағын ауылдар болатын. Ауыл аттары: Бәкір ақсақал қонысы, Жараспайдың ауылы, тағы-тағы болып өзен бойы созыла беретін. Кеңес үкіметі малды есепке алғанмен, бұл жақтың даласында қысы-жазы жүретін үйір-үйір жылқыны ешкім бақпайтын да, санамайтын да. Әрбір үйірді өз айғыры бағып-қағып, қыста құмға қарай от іздеп кетіп, көктемде әр үйір өз жайлауын табатын. Жарықтық, жылқы малы-ай, мінсе – көлік, жесе – азық, ішсе – қымыз. Көктемде адамдар жайлауына барып, үйірлері бір жарым, екі есеге дейін өскенін көріп, құлындарын қуанып ұстап, биелерін қымызға байлай бастайтын. Шөбі аз сары далаға шайыр деген сүтті өсімдік берген, оны жидек сияқты піскен кезде жұлып, қысқа қой-сиырға да-йындайды, әлгі шөптің құндылығы еттің майы сияқты, мал шөптің бір айыры – шайырды күні бойы жеп бітіре алмай бөгіп жатады. Ежелден Наймандағы Бағаналы, Балталы елінің тұрмысы жақсы болған, жергілікті жұрт бұл жердің топырағы құнды, майлы деп мақтанады. Қонаққа бір қозы, бір қой сойып тастау көзді ашып жұмғанша, елінің қонақжайлылығы аңыз қылардай.
Рақымжан ағамен жүздесіп, амандасқаннан кейін көп жылдан бір-бірімізді білетіндей күліп-ойнап жүре бердік. Ұлық болсаң кішік бол, батырлығы, ерлігі мол адам қарапайым да болады деген қағидалар алдымыздан шығып, мен мұндалап тұрғандай. Рақаң анекдоттарды жақсы айтатын, әзілшіл, ақжарқын кісі екен. Әбіш ағамен бірге бәріміз өзенге суға түстік, сол кезде Әбекең де өзінің қулығына басып: – Рақа, маңдайыңды оқ жырып кетіпті ғой, бұл батырлықтың белгісі ме? – деп қағытты. Сонда Рақымжан ағамыз: – Әй, Әбіш, сенің арқаң оқтан жырық-жырық,
шұрқ-шұрқ екен ғой, жобасы немістерден қашқансың ғой, – деп қалғанда бәріміз шек-сілеміз қатып көп күлдік.
Сарыарқаның жусан аңқыған саумал самалын жұтып, балдай тәтті қымызына қанып, марқа қозының жүрекке тимейтін жұмсақ етіне тойып алып, домбырамен әнге басқан қандай бір ғанибет, біз тап осылай жасадық. Батыр ағамыз соғыста қалай болғанын, Рейхстагқа бірінші болып қалай ту тіккенін баптап баяндап отырды. Соғыстан кейін Одақ делегациясының құрамында Германияға барғанда одан кім болып істейсің деп сұрағанда, «банщикпін» депті. Мұны делегацияны басқарған адам естіп, ақырын Рақымжанға сыбырлап: – Қызметіңді айтпай-ақ қой, барғасын көреміз, – депті. Елге келгесін Рақаң жаңадан салынған «Алматы» қонақ үйінің директоры болып тағайындалыпты.
Жұмыс басты болып, жастықтың қызығына тоймай жүйткіп жүргенде, қазақтың дара батыры Рақымжан ағамен де кездескеніме 5 жылдай өтіп кеткенде, маған Алматыға іссапармен баруға жол түсті. Жаз ортасының қайнап тұрған ыстық күні еді. Біз Көпен Қаштаев деген Оңтүстік Жезқазған кенішінің бас инженері екеуіміз «Алматы» қонақ үйіне орналасу үшін сонда бұрынырақ келіп орныққан Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының директоры Виктор Васильевич Гурбамен жолықтық. Ол кісі бізге қонақ үйде орын жоқтығын, Мәскеуден Игорь Моисеевтің ансамблі, басқа да көп меймандар Алматыны жайлап алғанын хабарлап:
–Енді қала сыртындағы Медеудегі Жезқазған комбинатының демалыс үйіне барыңдар, – деді. Көшеге шыққан соң Көпен жерлесі, бірге оқыған, Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінде жұмыс істейтін бір досына телефон шалып, нәтиже шығара алмады.
Сол сәт өзім Жезқазғанда бірге болған Рақымжан Қошқарбаевтың осы Алматы қонақ үйінде директор екені есіме сап ете түсті.  Көпеннен төлқұжатын алып, директордың кабинетіне бардым. Есігі ашық, Рақаң бір әйелмен сөйлесіп отыр екен, менің сәлемімді алды да, екінші бос орындықты нұсқап, сөзін бұрынғы адаммен жалғай берді. Әйел кеткеннен кейін  ол: – Ал, сөйле, жігітім, – деді. Мен: – Жезқазған – дей беріп едім. – Сен әлгі баяғы өлең айтқан Ирансың ба? – деді, 5 жыл бұрынғы кездесу есіне түсіп. Сөзімді әрі созғызбай, ескі таныстарша амандық-саулық сұрасқаннан кейін бәрін біліп тұрғандай: – Әкел төлқұжаттарыңды, – деді. Шіркін, ерім-ай, нағыз ерлікті жасаған тұлғаң осы бір кішкене мәселені шешуде де бойынан, ойынан жарқыратып, нұрын төгіп тұрғаны-ай, – деймін ішімнен. Рақаңмен мәселені шешіп, одан әрі сұхбаттасып, қонақ үйдің кіреберісінде тұрған Көпенге қайтып келдім де:
–Жүріңіз, орналасайық, – дедім. – Мына ісің бір ғажап, қиыннан қиыстырғандай қалай ретін келтірдің? – деп Көпен күліп, көңілденіп қалды.
Келесі жолы тағы бірде Алматыға келгенімде асығыс қонақ үйдің жанынан өте бере, Рақаңды тағы да көргендей болдым. Ол кісі қабырғаларға транспаранттар ілгізіп, біреулермен сөйлесіп тұр екен, анадай жерден өтіп бара жатқан маған қайта-қайта қарай берді. Мен ісіне кедергі жасамайын, сәлем беруге артынан бір соғармын деген оймен жүре бердім. Өзімнің осы ағаттық ісім осы күні қайта-қайта еске түсіп, Рақымжандай айбынды, адамгершілігі мол батыр ағаны мәңгі сағынып жүргендеймін.
Иран сал ТАСҚАРАҰЛЫ,
ақын-әнші, композитор.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар