Атамыздың әкеміз армандап кеткен бейіті табылды

Ресей жеріне барып, есіл ердің рухына тағзым етіп келу біздерге, немерелеріне бұйырды

 

Жарықтық ұлы атам Мұстафа айрықша діндар адам болған екен. Тіршілігінде тура жолдан таймаған, жан адамға қиянат етпеген, өн бойы да, жан дүниесі де тұма бұлақтың суындай мөп-мөлдір болса керек-ті. Бізге жеткен естелік солай деседі.
Жаратқанның берген ырыздығы да мол. Мыңды айдаған бай болмаса да, өзіне, өз әулетіне жететін дәулеті болыпты. Алаш даласына дүрбелең келіп, ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда қолындағы бар малын, сан жылдар бойы еңбекпен жинаған дүниесін ортаға салған. Жаңа қоғамның тәртібіне мойынсұнған. Бәлкім бұл да бір Алланың салған сынағы десе керек. Мына бір сәйкестікті қараңызшы. Алғаш қажылыққа аттанғанда 1906 жылы өмірге Бекқожа есімді перзенті келеді. Ол кездегі қажылықтың қиындығын айтпай-ақ қояйық. Дін жолына шын берілген пірадар екінші рет парызын өтеуге аттанады. Бұл жолы, 1912 жылы өмірге келген перзентіне Қажыкәкім деп азан шақырып ат қояды. Кеңес үкіметі дінді апиынмен тең көріп, діндарларды қудалай бастаған кезде атамыз жарықтық Құран кітаптарын, жайнамазын, ташпиғын адам аяғы баспайтын жерге көмдіріп тастаған. Қасиетті заттары қорланбасын деген болуы керек. Қазір біздің қара шаңырақта сол кезеңнен қалған Құран кітабы бар. Біз үшін ілкі заманда күн кешкен аруақты бабаларымыздың артына қалдырған бір белгісі тәрізді қымбат жәдігерлер.
Бекқожа атамыз алдымен медреседе, кейін Айдаболдың орыс мектебінде оқып, білім алған. Көзі ашық, көкірегі ояу, дүниенің біраз жерін шарлаған Мұстафа бабамыз болашақтың орыс тіліне байланысты екенін болжап білген де болар. Ел ішінде қажының баласы шоқыншақтардың оқуын оқып жатыр деген қауесетке де бой бермеген. Кейін Бекқожа атамыздың соңынан байдың тұқымы, қажының баласы деген сөз ерген. Қиянат та көрген. Қиындыққа да тап болған. Тумысынан зерек, екі тілге бірдей сауатты Бекқожа атамыз Зеренді ауданының сол кездегі «Қарсақ» ұжымшарының төрағасы болып қызмет еткен. Мұрағат деректеріне қарағанда, бұл 1935-1938 жылдар болса керек. Кейін 1938-1941 жылдары «Сарымсақты» ұжымшарының төрағасы болған. 1941 жылдың шілде айында бұрынғы Молотов, қазіргі Зеренді ауданының әскери комиссариаты арқылы  КСРО Қарулы Күштерінің қатарына шақырылған. Іле майданға інісі Қажыкәкім де аттанады. Екеуі соңғы рет Амур облысының (Забайкалье) Завитая стансасындағы оқу-жаттығу жиынында жолыққан. Бір-бірін болашаққа деген үміттерімен демеп, ақыл-кеңестерін айтқаны даусыз.  
Бекқожа атамыздың жары, яғни, біздің әжеміз Бәтила Сүйіншіәліқызы. Атбасар топырағының перзенті. 1907 жылы дүниеге келіп, 1994 жылы дүниеден өткен атамызбен екеуі жарық дүниеге 5 перзент әкеліп, 4 қыз
1 ұл тәрбиелеген. Ұлы Қайсардан біз тараймыз.
Бекқожа атамыздан 1942 жылдың соңында қара қағаз келген. Одан басқа еш дерек жоқ. Біздің әкеміз Қайсар қан майдан даласында хабарсыз кеткен әкесін бүкіл өмір бойы іздеумен өтті. Атамыздың інісі Қажыкәкім аман-есен оралды. Тоғыз қыз, екі ұл сүйді. Соғыстан кейін  қаусаған шаруашылықты қалпына келтіруге өз әлінше еңбек сіңірді. Зеренді селосындағы мемлекеттік банкте қызмет істеді.
Әкеміздің өмір бойы әскери комиссариаттарға, мұрағаттарға хат жазып, әкесін  іздеумен болғандығын жоғарыда айтып өттім. Кейін осы бір иманды істі біз де жалғастырдық. Бірақ, қайда жазсақ та, жарытымды жауап келмеді. Тек былтыр күзде ғана қайран әке ғұмыр бойы іздеген, бірақ, таба алмаған дерек табылып, ақ түйенің қарны жарылды. Біз үшін неткен қуаныш десеңізші. Хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеушілер тобынан келген құжатта былай жазылған: «Ресей Федерациясының Иркутск облысы маңындағы Слюдянск елді мекенінің жанында қаза
тапқан жауынгерлер жерленген зиратқа қойылғандығы белгілі болды. Үстіміздегі жылдың мамыр айының 2-сі күні үлкен ағам Қанат Қайсарұлы, Қажыкәкім атамның баласы  Серік және мен – Мереке Қайсарұлы үшеуіміз  сапарға шықтық. Атамыз теміржолды қалпына келтіруші №44-ші жеке бөлімшенің құрамында болған екен. Тағдыр ғой,  топырақтың осы жерден бұйырғаны.
Есіл ерді еске алуға орай, салтанатты митинг ұйымдастырылды. Және өте жақсы өткізілді. Көңіл қобалжулы, жүрек тебіреністе еді. Жанарымыз жасқа толды. Қыршын қиылған атамызды еске алып, аруағына құран бағыштадық. Қабіріне елден апарған топырағымызды салдық. Атамыздың жер бесігіне айналған ол жерден  де бір уыс топырақ алдық.
Тылсым тарих әлі де үнсіз. Қойнауында ашылмаған көп сыр бар. Қаза тапқан қызыл әскерлер ортақ, бауырластар зиратында емес, әрқайсысы жеке-жеке қойылыпты. Барлығының басында аты-жөндері, туған жылдары, өмірден өткен уақыты жазылған. Әкеміз сан мәрте іздеу салғанымен бұл бөлімше сол кезде НКВД-ның құрамында болып, құпия ұсталған көрінеді. Бәлкім, сондықтан да табыла қоймаған болуы керек.
Енді міне, талмай, тынбай іздеудің нәтижесінде, әкеміз армандаған құпияның кілті ашылды. Атамызды қара жердің қойнына берген орын табылды. Ұзақ жылғы іздеудің де мақсаты осы еді!

Мереке МҰСТАФИН,
облыстық тексеру комиссиясының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар