Есімдері елдің есінде

Ел басына күн туған сол бір кезең көкірегінде намысы бар әр азамат үшін үлкен сын еді. Зұлмат соғыс басталған 1941 жылы бұрынғы Көкшетау ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылсая ауылынан ағайынды Мүтәлләп пен Әшім Әбутәліпұлдары да қолдарына қару алып, майдан даласына аттанған болатын.

 

Мүтәлләп заманында аудандық партия комитетінің хатшысы, орта мектеп-интернаттың директоры болып абыройлы еңбек еткен, жұртқа жақсы атымен танылған азамат еді. Ауыл қариялары Мүтәлләптің отызыншы жылдардағы төңіректің бәрін алапат аштық жайлаған кезде ауылдастарын аман алып қалған адамгершілігі жайында жыр қылып айтады. Қазіргі күні жазуға ғана оңай болуы мүмкін. Өйткені, аяуды білмейтін аштықтың ащы дәмін, ауыртпалығын басынан кешкендер ғана түсінеді. Тұс-тұстан қорқыныштың қара бұлты торлап, белгісіздік жайлаған кезде кей адамның өзін немесе ет жақын туыстарын ғана ойлауы әбден мүмкін. Ал, Мүтәлләп тәрізді асыл азаматтар жалпақ жұрттың жайын ойлаған. Жалаң ойлап қана қоймай, болашақты болжай білетін көрегендіктерінің арқасында барды үнемдеп, жоқты іздеп тауып, алдымен ауылдастарының аштықтың арандай ашылған аузына лекпей, аман қалуы үшін бойындағы бар қажыр-қайратын, ақыл-парасатын жұмсап жұмыс істеген.
Мүтәлләп Әбутәліпұлы зұлмат соғыс кезінде де ерлікпен шайқасқан майдангер. Жауынгерлерді жеңіске жетелеп, олардың бойларындағы намыс отын тұтатып, бөлімшенің саяси жетекшісі де болған. Майдан даласындағы көзсіз ерлік істері, батырлығы лайықты бағаланып, бірнеше орден және медальдармен марапатталған.
Арманы асқақ есіл ер майдан даласында оққа ұшып, 1944 жылдың 26 қаңтары күні Киев облысына қарасты Ракитянский ауданының «Бірінші мамыр» кеңшарының төңірегінде жерленген. Кейін Корсунь-Шевченко майданының Ұлы Отан соғысы тарихындағы маңызы зор болғандықтан, әлденеше ұлт өкілдерінің арасынан шыққан қайтпас қайсар жауынгерлердің рухын асқақтататын алып монумент қойылған. Қан қасап майданда опат болған Мүтәлләп Әбутәліпұлы тәрізді ондаған, бәлкім жүздеген қыршындарға қойылған жалғыз белгі осы ғана. Майдан даласынан жазған хаттарын кейінгі ұрпақ қымбат қазынадай әлі сақтап келеді.
Ал, Мүтәлләптің бауыры Әшім Әбутәліпұлы соғыста жарақат алып, 1944 жылы туған жерге оралған. Қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Майдан даласынан жараланып келген Әшім бірден қызу еңбекке араласқан. Колхоз басқармасы, мектептің мұғалімі, ауылдық кеңестің төрағасы болып еңбек еткен. Ол еңбегі әлі ұмыт болған жоқ. Ел ішінде сол бір кезеңдегі тынымсыз еңбек, оның нәтижесі кейінгі жас толқынға өнеге ретінде айтылып жүр. Майдан даласында опат болған ағасы Мүтәлләптің бала-шағасын бауырына басып, жетімдік көрсетпей өсірді. Барлығының білім алуына, өмірден өз жолын табуына қолынан келгенінше көмектесті. Сөйтіп, ағалық, әріден алғанда әкелік парызын өтей білді. Бүгінгі Ұлы Жеңіс күні менің ойымша, алдымен боздақтарымызды еске алатын күн. Сондықтан, әкелеріміз бен аталарымыздың рухы шат болсын деп бір ауыз лебіз білдіргім келді.
Абай ӘБУТӘЛІПОВ.      

Суретте: Мүтәлләп Әбутәліпұлы  Ұлы Отан соғысының алдында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар