Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы ерлікке мың тағзым - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы ерлікке мың тағзым

Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған мерекелік шара облыс орталығы Көкшетау қаласында биыл да ерекше сән-салтанатымен әрі зор толғаныс сезімімен ерекше аталып өтті.

Мерекелік шара орталық демалыс саябағында «Біз ұмытпаймыз!» атты көрмеден бастау алды. Майдан тақырыбына салынған суреттер мен ардагерлердің, жерлес батырларымыздың портреттері  көрмеден лайықты орын алған.
Облыс әкімі Сергей Кулагин Тәуелсіздік алаңына жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Өз сөзін «Осыдан 71 жыл бұрын кеңес халқы басқыншылық шабуыл жасаған фашистік Германияны талқандап, Ұлы Жеңіске жетті. Бұл барша халықтардың мерекесі. Ұлы Жеңіске жетуімізге сол тұста буыны қатпаған баладан еңкейген қарияларға дейін, әйелдер де, ерлер де түгел өз үлестерін қосты. Отан үшін жан қиған ардақтыларымызды ешқашан ұмытпаймыз және олардың  ерліктеріне тағзым етеміз», – деп бастаған облыс басшысы  бүгінде тәуелсіз ел болып отырған қазақстандықтардың да Ұлы Жеңіске айтулы үлестерін қосқандығын атап өтті.
Бұдан кейін қаладағы оқу орындары мен әскери бөлім жауынгерлері ұйымдастырған сахналық көрініс көрсетілді.
Мәңгілік алауды бетке алып, теңіздей толқыған халықтың санында қисап жоқ. Қос қолтығынан балалары мен немерелері демеген, омырауы орден-медальға толы ардагерлер де келеді. Бүгінгідей Ұлы Жеңіс күні қарға адым жер мұң болса да жанта-йып үйінде жата алмай жеткен сыңайлы. Аталарының суреттерін кеуделеріне қысып, бүлдіршіндер де жүр.
Мәңгілік алау монументіне алдымен облыс әкімі Сергей Кулагин, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев және облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері гүл шоқтарын қойды. Содан соң көк аспанның бауырын тіліп күркіреп оқ шашу атылды. Үш мәрте ғана. Соның өзінде мылтық дауысын естімеген балалар түгіл ересектердің өзі тітіркеніп қалды. Жиналған қауым зұлмат соғыста жазықсыз құрбан болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жалқы минуттың ішінде жарым дүниені от құшағына ораған, біз көрмеген соғыс суреттері санаңда үздік-үздік қайғысы мен қасіреті менмұндалап өтеді екен.
Мұнан соң облыс орталығындағы еңбек ұжымдары мен жекелеген адамдар Мәңгілік алау монументіне гүл шоқтарын қоя бастады. Алаулаған қызыл гүл ел қорғаған ерлердің аруағына деген ізетті ілтипат пен шынайы құрметтің белгісі. Облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы да бір құшақ гүл шоғын қойып, майдангерлер рухына бас иді.
Гүл шоқтары қойылып болған соң облыс әкімі Сергей Кулагин бастаған ресми адамдар әскери дала палаткаларын аралап көрді. Осындағы дастархан басына Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жиналған. Олар майдан шебінде жауынгерлердің өзегін жалғаған ас мәзірінен дәм татты.
Кешкілік «Екі жұлдыз» деп аталатын мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада шырқалған әндердің басым көпшілігі сол бір сұрапыл жылдарда туып, күні бүгінге дейін өміршеңдігін жоймаған шығармалар.
Жеңіс күніне арналған салтанатты шараларды мерекелік от шашу түйіндеді. Алқара көк аспанда дүркін-дүркін жарылған отты шарлар төңірекке зұлымдықтың емес, достықтың нұрын сеуіп тұрғандай.

 

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ,  Қалкөз ЖҮСІП,

 

 

 

Облыс əкімі  Сергей Кулагин 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, Абылай хан алаңында өткен мерекелік шараға қатысып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

 

Қазіргі таңда 2000-ға жуық ақмолалық еліміздің Қарулы Күштері қатарында өздерінің əскери борыштарын өтеп жүрсе, 40-тан астам жерлесіміз əскери оқу орындарында білім алуда. Сарбаздарымыз  мобильді, айбынды əскер қатарында қызмет етуде. Осыдан 24 жыл бұрын құрылған Қазақстан əскері қай қырынан алып қарасақ та, барлық заманауи талаптарға жауап бере алады.           
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Жанат Ережепов салтанатты шараға дайындық туралы баяндағаннан кейін Мемлекеттік Əнұран шырқалып, облыс əкімі Сергей Кулагин құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан кейін өңір басшысы бір топ ақмолалықтарды Отан қорғау ісіндегі мінсіз қызметі үшін Алғыс хаттармен жəне Қазақстан Республикасы Қорғаныс істері министрлігінің медальдарымен марапаттады.
Ерейментау ауданынан келген қыздар, дауылпаздар ұжымының сүйемелдеуімен Көкшетау техникалық институты мен  облыс орталығындағы 5510 əскери бөлімінің сарбаздары сапта жүріп, əскери жаттығуларын жасаудағы кəсіби шеберліктерін көрсетті. Бұл алаңға жиналғандардың патриоттық рухын асқақтатып, ел қорғау əр азаматтың парызы екенін тағы бір дəлелдеді.
Енді бір сәтте жұрттың назары əскери құрылымдар мен бөлімдер жауынгерлерінің қатысуымен өткен  шеруге ауды. Мұнда сарбаздар əскери дайындықтың жоғары деңгейін көрсете білді. Аяқтарын нық басқан жауынгерлердің бойынан  күш-жігердің нышаны анық байқалды. Əскери қыздардан құралған шеру тобы да салтанатты шараның сәнін арттыра түсті.
Бұл көріністің шырайын келтірген әскери əндер де ұмыт қалмады. Шеруде  облыстық филармонияның эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің музыканттары  əуенімен көпшілікті ерекше əсерге бөледі.  
Мерекелік шара облыстық шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен өз мәресіне жетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар