Білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?..

Ақмола медиа орталығында БАҚ өкілдерімен өткізілген брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова 2016-2019 жылдарға арналған білім беру бағдарламасына байланысты мектептерде жүзеге асырылатын өзгерістерге түсінік берді.

Биылғы жылдың қыркүйек айында, яғни, жаңа оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептің бірінші сынып оқушылары 12 жылдық білім жүйесі бо-йынша оқуға көшеді. 2017 жылдан бастап 1, 2 сынып,  2018 жылдан 1, 2, 3 сынып, ал  2019 жылы 1, 2, 3, 4 сынып оқушылары он екі жылдыққа көшетін болады. Осылайша, жаңа оқу жүйесі мектептерге сатылап кіргізілмек. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаға сай мектептерде үш тілде оқыту жүйесін қамту көзделген. 2019 жылы 10  және  11сынып оқушылары жаңа бағдарламамен оқи бастайды. Ол кезде барлық мектеп оқушылары міндетті түрде «Қазақстан тарихын» қазақ тілінде, ал «Әлем тарихын» орыс тілінде оқитын болады. Химия, физика, биология пәндері және информатика ағылшын тілінде жүргізіледі.
Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, алдағы жылдарда сала қызметкерлерінің алдында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең алдымен, ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалім мамандарын даярлау мәселесін шешу қажет. Таяу болашақта осы мақсатта мың  жарымдай жаратылыстану саласы пәнінің мұғалімдері қайта даярлаудан өтпек. Сонымен бірге, ағылшын тілінде оқытатын мұғалім мамандарын даярлау бағытында да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін жоғары оқу орындарында осы сала мамандарын даярлайтын бөлімдер ашылуда. Осы аталған істер ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалім мамандарымен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі деген сенім бар.
Кездесу соңында облыстық білім басқармасының басшысы журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар