Көріпкелдер шын көріпкел ме?!.

Қазір не көп, көріпкел көп. Базарға бара қалсаң болашағыңды болжап, бүкіл мәселеңді шешіп береміз деп алдыңды кескестеп сығандар, бал ашушылар мазаңды алады. «Риск-Бизнес» сияқты жарнама газеттерін ашып қарасаң, оның ішінде де тұнып тұрған бал ашамын, дуаны қайтарып, дауа жасаймын деген жарнамалар. Ал, біздің көріпкел деп жүргеніміз шынымен көріпкел ме? Емші, тәуіп, бақсы-балгерлердің ғайыпты болжап, ауру-сырқауыңды емдеп жазып бере алатын қабілеті бар ма?

Өткенде осылардың шама-шарқын байқайын деген құйтырқы ой келді. Содан Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің театр актері бөлімінде оқитын актриса қызға хабарласып, көмектесуін өтіндім. Ол келісті, бірақ атын жарияламауымды өтінді.
Қалтасына шамалы ақша салып, қолына диктафонымды ұстатып, орталық базарда тұратын сығандарға қарай тарттық. Актриса бүгін жігіті тастап кеткен қыздың рөлін сомдамақшы. Оны ілгері жіберіп, өзім кейін қалдым.
Басын төмен салып өтіп бара жатқан қызды сығандар «қарағым, келе ғой, бал ашып берейін, бағың мен жолыңды ашайын», – деп жылы-жылы сөйлеп, алдын кескестей берді. Иә, сәт! Бізге де керегі осы. Әрі қарай әңгіме орыс тілінде өрбіді.
– Қызым, сені үлкен өзгерістер күтіп тұр екен. Және өте жақсы өзгерістер. Бірақ, сенің жолың болмай жүр. Сол үшін көңіліңде алаң бар. Оның бәрі сенің бақытыңды көре алмайтын бір қыздың жасаған дуасының кесірінен, – деп бастады сыған әйел. Сөз барысында актриса қыздың жеке өмірінде кілтипан барын біліп алған әккі әйел аузы аузына жұқпай сөйлей жөнелді.
– Ә, жігітің тастап кетті ме?
– Ымм, қалай айтсам екен…
– Түсініксіз жағдайда жүрсің бе? Е, белгілі болды.  
– Жоқ, ол келіп тұрады. Мені сүйетінін де айтқан.
– Қане, тілек тілей ғой, – деп сыған әйелі қолына карта алды.
– Жігітіңнің аты кім?
– Ә?
– Аты кім деймін?
– Оның есімі Марат, – деді сасқалақтап қалған актриса.
Қызбен жігіттің атын біліп алған ол енді қолындағы картасына дем салып үрлеп, дұғасын оқып, Құдайдың құлы Марат пен Құдайдың күңі актрисаны алда не күтіп тұр екен? Олар бақытты бола ма, жоқ па? – деп күбірлей жөнелді. Қыздан карталардың ішінен үш кезкелген картаны таңдап алуын өтінді. Сосын қолына тиын ұстатты. Оқып жатқаны шынайы болсын дегендей қыз бен жігіттің жастарын сұрады. Сосын жаттанды дұғасын сыдырта жөнелді:
– Во имя  Аллаһа, святого духа, аминь, – деп басталған оның дұғасынан қай дінге жататынын да айыру қиын. Біздің білуімізше христиан дініндегілер «Во имя отца, сына и святого духа» деп бастайды. Ал, мынау әйел алдында қазақ қызы тұрған соң Алланың атын қоса салған ғой. «Екі жастың жаны мен жүрегін бір жылға емес, екі жылға емес, мәңгіге қостым. Сенің басыңнан дуаны, оның басынан қарғысты қайтарып жатырмын, ақ босағаңды, ақ төсегіңді, өміріңді тазартып жатырмын, әмин деп айт», – деді. Сөз арасында жігіттің жасы нешеде еді, аты кім еді деп рас-өтірігін тексеріп жатқандай қайталап сұрап қояды.  
– Мараттың басын барлық пәле-жаладан, ауру-сырқаудан, дуа мен қарғыстан аластап жатырмын, қызым бұл жамандықтан уақытша ғана арашалап алайын ба, әлде мәңгіге тазартып берейін бе?
– Мәңгіге! – деді біздің актриса мүдірместен.
– Онда мына қасиетті сөздерді қайтала.
– Ауру одан кет, оның бақыты менімен бірге, бір жылға емес, екі жылға емес, қара шаш ағарғанша, ажал кеп жан алғанша болсын, –  деді сыған.
Осы сөздерді айтып болған соң бағана берген бақыр тиынды нұсқап:
– Мынау мен берген тиынды жоғалтпай үш күн сақта. Үш күн өткен соң, жол қиылысына барып, сол қолыңмен оң иығыңнан асырып лақтырып жібер. Бір аптаның ішінде бәрі жақсарады. Бар жамандық осы тиынмен кетеді. Ал, қане, қызым, менің бұл дұғамды немен өтейсің? Менің ем-домыма екі-үш мыңнан кем тастамайды. Өзіңнен аяйсың ба? – деп қояр да қоймай 10 минутке созылған спектаклінің ақысын сұрады. Ертең тағы кел, құрбыларыңды ала кел, мынау телефон нөмірімді жазып ал деп асты-үстіне түсті. Бұл орталық базардағы Лиза атты сыған әйелі еді.
Ал, жоғарыда айтқан газет бетіндегі қаптаған жарнамалардың иелеріне хабарласып көріп едім, олардың сөзін естіп жағамды ұстадым. Алақандай газеттің бір бетінде он жарнама бар екен, солардың сегізімен сөйлестім. Бәріне «Мені жүріп жүрген қызым тастап кетті. Соны қайтарып бересіз бе?»  дедім. Олар әрине, басын айналдырып, қусаң да кетпейтін қылып береміз, тек өзіңмен фотосуретін ала келсең болғаны деді. Бір қызығы бәріне бару үшін арнайы жазылу керек екен. Себебі, олардың көмектеріне мұқтаж адамдар көп. Біреуіне бүгін, екіншісіне келесі күні келемін деп бос уақыттарына жазылдым. Солардың ішінде Мария дегені «Дінің ислам ба? Мұсылман болсаң мұсылманша оқып берем, христиан болсаң христианша оқып берем, тек өзіңмен бірге 2 майшам мен сүлгі ала кел» деп, бағасы 10 мың теңге болатынын айтты. Өзін Танямын деп таныстырған әйел менің шаруаммен танысқан соң сен келмей тұрып, қызың мен өз атыңды айта ғой. Мен сен келгенше суға дұға оқып, үшкіріп, бәрін дайындап қоямын. Тек келесің де алып кетесің деді. Оның да бағасы сол төңіректе. Ал, Елена мен Любалар екеуі бір мекен-жайды айтты. Соған қарағанда бұл екеуі аталған жерге адам тартып, уақытымен келісіп қоятын барып кел, шауып келдер ғана. Келген адамды сол мекен-жайдағы үшінші адам немесе екеуінің біреуі ғана қабылдайды. Маргарита дегені бір қабылдауына 15-20 мың сұрады. Саудаласып көріп ем, одан төмен түсірмеді. Бірақ, ақшаңды берсең өлген адамды тірілткеннен басқасының бәрін жасап беремін деп уәде етті.   
Ал, газеттің тағы бір бетін толық алып, үлкен суреті, жарнамасы және емделушілердің оң пікірін қоса жариялаған Галина ерекше көзге түсті. Жарнамасында адам өміріне төнген қауіп-қатердің, ауру-сырқаудың, пәле-жаланың бәрін емдей аламын деп жазыпты. Бұған құр телефон шалу аздық етеді не болса да кеңсесіне барып, қабылдауына жазылайын дедім. Бардым. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының сертификатына ие бұл кісіге келушілер өте көп. Кең кеңсесінде қатар-қатар отырғандардың дені қазақ қыздары. Бұлар бергі кіреберісте кезек күтіп отырса, Галина арғы бөлмесінде адам қабылдап жатыр. Бергі жақтағы бөлменің төрінде елуді еңсерген еңгезердей орыс жігіті отыр. Бұл – Галинаның хатшысы екен. Мені шақырып алып, мән-жайды білген соң мәселемнің оп-оңай шешілетінін айтты. Ол үшін Галинаның қабылдауына кіру керек. Оған кіру бес мың теңге. Менің әмиәнімдегі үш мың теңгеге есігін де ашпайды екен. Хатшысының айтуынша, Галина маған тұмар жазып беріп, өзінің рәсімдерін жасағаннан кейін кеткен қыз да оралып, басқа материалдық жағдайымды да дұрыстап беретін көрінеді. Айтпақшы, оқып берген тұмарының бағасы 50-100 мың аралығында. Әңгімені әрі созғаннан түк өнбейтінін біліп, сыртқа шықтым. Емделушілердің бірімен тілдескім келді. Күттім. Біреу шықты. Әңгімеге тартып, танысып та алдым. Берік деген емделушімен әңгімеміз былай өрбіді.
– Сіз Галинаның қабылдауынан шықтыңыз ба?
– Иә…
– Мәселеңіз шешілді ме? Алған әсеріңіз қандай?
– Енді мен жай бал аштыру үшін кірдім ғой. Әр адам әртүрлі себеппен келеді. Бірі маскүнемдіктен арылғысы келеді, біреуге тіл-көз тиген, тағы бірі басына жасалған дуадан арылғысы келеді. Бұл кісі жиырма жылдан артық халыққа көмектесіп келеді. Мұның көмегіне жүгінушілер өте көп. Маған жақсы әсер етті.
– Қолы қымбат екен. Менің ақшам жетпей есігінен кері қайттым…
– Енді бұл қазақтың емшілері сияқты 200 теңгеге үшкіре салатын адам емес. Өз ісін біледі. Әр сөзіне жауап береді.
– Бұл кісі қара магиямен бе, әлде ақ магиямен емдей ме?
– Енді ол жағын білмеймін. Адамға жақсылық жасап жатса, тілегін орындап берсе, болды емес пе?!. Бірақ, мұндай адамдарға бару үлкен күнә. Бір Алла бар ғой, соған сену керек.
– Сіз сонда Құдайға сенбейсіз бе?
– Жоқ, сенемін. Бірақ, мынау қатыгез қоғамда көреалмаушылық, іштарлық деген кері ұғымдар бар. Солардың кесірінен ісің оңға баспай, жолың болмай қалады. Ал, Галина сияқты адамдар тығырықтан шығарып, жол көрсетіп береді, бірақ, бұл үлкен күнә. Бармаған дұрыс, – дейді Берік. Алайда, өзі барып отыр.
  Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) түскен қасиетті Құранда жын сүресі бар. Онда жер бетінде адамдар мен жындар қатар өмір сүріп жатыр. Бірақ, олардың бізден артықшылығы олар бізді көреді, біз оларды көре алмаймыз. Олар да өз ішінен мұсылман және кәпір болып бөлінеді. Адам дүниеге келген кезде оның қасына бір жын қосақталып беріледі делінген. Ал, жаңағы көріпкел, емші, сиқыршы, бақсы-балгерлердің мыңдаған жындары бар болса керек. Бір адам құмалақ аштырам, тамыр ұстатам деген ниетпен көріпкелге барған кезінде оның жанына қосақталған жыны көріпкелдің жындарына мынау адамның қандай мәселе бойынша келгенін хабарлап қояды. Ел ішінде аңызға айналған, босағасынан аттай салған адамға сен алыстан келіп тұр екенсің, осындай да осындай сұрағың бар екен деп  ешкім айтпаса да іштегіңді біліп отыратын емшілердің де сыры осында жатыр.
Адамдар көріпкелдің аузынан шыққан жүз өтіріктің ішінде бір шындығы бар болса, соған сеніп, сол ауруымды, сол қиындығымды тап басып айтты ғой деп таңданады. Сол кезде Құдайды ұмытады. Ұмытпаса да, көмекті Алладан ғана емес, көріпкелден күтеді. Бұл – Аллаға серік қосу. Үлкен әрі кешірілмейтін күнә.

ешітке барып, намаз бен құран оқуды үйреніңіздер. Қол жайып, Алладан тілеңіздер. Сонда екі дүние
нің игілігінен де үмітті боласыздар.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар