Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерлердің есімі – елінің есінде - АРҚА АЖАРЫ

Ерлердің есімі – елінің есінде

Таяуда Оразақ ауылында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған маңызы мол, мазмұны терең шара өткізілді.

Алдымен жиналған қауым орталық алаңдағы соғыс сарбаздарына қойылған ескерткіш маңына жиналып, қаралы күндерді, жаралы жүректерді еске алды. Жиналғандар арасынан еңбек майданының қайтпас қайсар жауынгерлері мен мектеп оқушыларын көбірек кездестіруге болар еді. Туған жердің төсінде өткізіліп жатқан тағылымы мол шараға арнайы келген Целиноград ауданының құрметті азаматы Зекен Қадырұлы, еңбек ардагері, білім саласының үздігі Байбол Нәкенұлы, ел ағасы Әлібек Әбдуәліұлы және басқалары естен кетпес естеліктерін айтып, көпшіліктің алдында тәлімді пікірлерімен бөлісті. №27 орта мектеп ұжымының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіске тағзым» атты әдеби қойылым көрсетілді.
Мұнан соң осы ауылда Әбдуәлі Тоқпаев атындағы көшенің ашылу салтанаты болып өтті. Енді бірер ауыз сөз Әбдуәлі Тоқпаев хақында. Бұл туралы майдангер атындағы көшенің тұрғыны, ауыл ақсақалы Өзбек Дүзбаев кеңінен таратып айтып берді. Қан қасап майдан даласында жеті рет жараланса да, қолынан қаруын түсірмеген майдангердің соғыстағы ерлігі, бейбіт замандағы еңбегі паш етілді.
Өткен жылы жергілікті қауымдастықтың ұсынысы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәлі Тоқпаевтың есімін ел есінде мәңгілік қалдыру, ерлігін кейінгі ұрпаққа өнеге ету үшін елді мекеннің бір көшесіне атын беру туралы шешім қабылданған болатын. Кейін ұсыныс облыстық ономастикалық комиссиясында бекітіліп, облыстық әділет департаментінде тіркелді. Майдангердің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Ауылдық округтің әкімі Нұрлан Қасымбеков алдағы уақытта да жалғыз соғыс ардагерлері ғана емес, ел ішіндегі өмірі өнеге, ғұмыры ғибрат аға буынды ардақтау ісінің үзілмейтіндігін тілге тиек етті. Өйткені, олардың жарқын істері жас буынды тәрбиелеу үшін өте қажет. Әрі өткенді ұмытпау, лайықты бағасын беру, құрметтеу кейінгінің парызы.
Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәлі Тоқпаев атындағы жүлде үшін волейболдан бірінші ашық турнир өткізілді. Шара соңында Тоқпаевтар әулеті дастархан жайып, осы топырақтан қан майданға аттанған, бүгінде өмірден өткен барша жауынгерлердің аруағына бағыштап құран оқыды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар