Күтіп, баптауымыз қажет

Жер мәселесі қай заманда болса да маңыздылығымен ерекшеленген. Бүгінгі таңда игерілмей, бос жатқан жерлер баршылық. Оны қазақстандықтарға сату немесе жалға беру дұрыс шешім.

Өйткені, жер халық игілігіне жаратылуы тиіс. Егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысамын деген адамдарға зор мүмкіндік ашылып отыр. Бұл ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған ұтымды шара. Жер кодексінің жаңа нормаларында жер шетелдіктерге ешқашан сатылмайтындығы, шектеулі мерзімге жалға берілетіндігі жөнінде белгіленген. Осы орайда, халық арасында түсінбеушілік туындап, келесі жылға дейін мораторий жарияланды. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
    Өз басым  жерді еліміздің экономикасын дамыту үшін халқымыздың мүддесіне сай пайдалана аламыз деген үміттемін. Оның үстіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жерді жекеменшікке алуға ниет танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, тегін берілген мүлікте құн болмайды. Әркім өз жекеменшігіндегі жерді көздің қарашығындай сақтар еді. Әлемдік тәжірибе ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыру және әртүрлі экологиялық апаттардан қорғау мемлекеттің қолдауынсыз және бақылауынсыз мүмкін бола бермейтіндігін көрсетеді. Нарықтық экономикада ауыл шаруашылығы саласының негізін мемлекеттік емес меншік иелігіндегі шаруашылық құрылымдары қалыптастырып отырғанда жерді жалға беру мемлекеттің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге әсер ете алатын бірден-бір тетігі екенін де ұмытпаған жөн.
   Біздің серіктестік бұрынғы Қазақстанның 18 жылдығы атындағы колхоздың төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Дмитрий Кан Де Хан қалыптастырған дәстүрді одан әрі жалғастырып, егіншілік саласында қазіргі заманғы озат технологияны пайдалануда. Шаруашылық егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Қазақтың ақ бас ірі қара малын бағамыз. Егістік алқаптарына дәнді, майлы және азықтық дақылдар себеміз. Жер біздің бас-ты байлығымыз болғандықтан, оны күтіп баптауымыз қажет. Осы орайда, Елбасының Жер кодексінің нормаларына мораторий жариялауын дұрыс шешім деп есептеймін. Адамдарға бұл өзгерістер не үшін жасалып жатқанын түсіндіру қажет.
Яков БЕЛЬЦ,
«Новокубанский» серіктестігі директорының
орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар