Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәні мен әні жарасқан өлкенің өнер салтанаты - АРҚА АЖАРЫ

Сәні мен әні жарасқан өлкенің өнер салтанаты

Облыс әкімі Сергей Кулагин «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан» атты «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертіне қатысып, үздік өнері  мен шығармашылық жетістіктері үшін бас жүлденің иегерлері атанған Сандықтау, Бурабай  аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне «Газель» шағын автокөліктерінің кілтін тапсырды.

Көкшетау мен Қараөткелдің кең жазирасын ән мен күйге бөлеген өнер байқауы сәні мен салтанаты жарасқан өнерпаздардың үлкен гала-концертімен  қорытындыланды. Ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай, өткізілген атаулы шара Көкшетау мәдениет сарайының алдында Егіндікөл, Бұланды, Шортанды, Еңбекшілдер аудандары қатысушыларынан құралған «Әжелер» ансамблінің «Көш сәні» халық әнінен бастау алды. Әдемі кимешек киген әжелер әнді нақышына келтіре орындап, төңіректі шаттықтың шұғыласына бөледі. Өткеннің өнегесі бола білген  ақжаулықты әжелеріміз дәл осы мерекеде нағыз қазақылық кейіп көрсетті. Ұлттық киім киген қыздар әуезді әуен мен  мың бұрала би билеп, көз қуантса,  Сандықтау ауданынан келген «Журавушка» вокалдық фольклорлық ансамблі «Играй, гармонь»  әнімен жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Тәуелсіздік алған сәттен бас-тап бүгінге дейінгі тарихымыз әспеттелген өнер туындылары  кімді де болса бейжай қалдырмай, отансүйгіштік рухты оятары сөзсіз. Мұны байқауда  ұйымдастырылған облыстың он саусағынан өнер тамған қолөнершілердің үздік жұмыстарының көрмесі дәлелдей түсті. Көрмені аралаған облыс басшысы Сергей Кулагин  кәсіп иелерінің тамаша туындыларын жоғары бағалады. Әсіресе, шортандылық суретші Бектас Кәрімді ерекше атап өтіп, майлы бояумен, акварельмен салған картиналары мен сүйектен жасалған бұйымдары жайында  нағыз шеберлік пен шалқар шабыттың озық үлгісі деген пікірін білдірді.
Іле мерекелік концерт бас-талып кетті. Қыпша белдері тал шыбықтай бұралған бишілер биі әрбір көрерменнің көңілінен шықты десек қателеспейміз. Осы бидің куәсі болған әр көрерменнің кеудесін мақтаныш  сезімі кернеп, зал толқып, ұзақ қол шапалақтаумен болғанын екпін түсіре атап өткеніміз  жөн.
Кеш барысында ата-бабамыздың асыл мұрасын дәріптеп жүрген Өмірсерік Өсербай, Сертай Нұржанов, Марғұлан Оспанов, Ерлан Құжиман, Асқар Мұқият пен Гүлім Құдысбек Арқа әндерін тамылжыта шырқап, көптің көңілінен шықты.  Құлақтан кіріп бойды алған әсем әуен жан дүниеге қозғау салып, тәтті сезім жетегіне бойлатты. Аршалы, Ерейментау, Зеренді, Бұланды және Целиноград аудандарының бірлескен қазақ халқы аспаптар оркестрі елге кең таралған Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындағанда зал сілтідей тынды. Сірә, күй құдіреттілігі болса керек. Сол сияқты аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың өнерпаздары бірлесіп орындаған шоқтығы биік әр туынды ерекше сезімге бөлеп, халықтың көңіл пернесін дөп басты.
Шараны қорытындылаған облыс басшысы Сергей Кулагин  концерттің  жоғары деңгейде өткенін айтып өтті.
– Көркемөнерпаздар байқауына қатысушылардың саны жыл сайын көбеюде. Осы жылы  іріктеу кезеңінде 224  ауылдық округтің  өнерлі адамдары қатысып, байқау ерекше танымалдылыққа ие болғанын атап өткім келеді. Әр өнерпаздың бо-йында  өнерге деген сүйіспеншіліктің оты маздап, мәдениет ұрпақты сабақтастыратын берік көпірге айналды. Айта кетерлігі, әр аудан байқауға тыңғылықты дайындалып, жүзден жүйрік болып танылған өнерпаздарын қатыстырған. Олар бар өнерлерін ортаға салып бақты. Осы ретте, өңіріміздің мәдени өмірінің жанданып, көркеюіне үлес қосып отырған мәдениет ардагерлеріне алғысымды білдіремін, – дей келе  байқауға қатысушыларды марапаттау рәсіміне көшті.
Жүлделі орындар аудан орталығы қалалар, аудан орталығы селолар және облыстық маңызы бар қалалар арасында деген үш деңгей бойынша  бөлінді. Өнер додасында байқауда белсенділік танытқан Астрахан, Жақсы, Егіндікөл,  Еңбекшілдер және Ақкөл аудандары арнайы дипломдармен марапатталды. Байқау нәтижесі негізінде Шортанды, Қорғалжын, Есіл, Жарқайың аудандары  жүлделі үшінші орынды иеленді.  Ал, Зеренді, Аршалы,  Атбасар, Ерейментау аудандары және Степногорск қаласы  екінші орынға табан тіресе, Целиноград, Бұланды аудандары бірінші орынға лайық деп танылды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Үш бағыт бойынша  үздік деп бағаланған  Сандықтау және Бурабай аудандарына «Газель»  автокөлігінің, өз кезегінде  бірінші орынды жеңіп алған Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне «Нива» автокөлігінің кілті тапсырылды.

 

Ырысгүл АШУОВА

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар