Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жерді игерудің үлгісі - АРҚА АЖАРЫ

Жерді игерудің үлгісі

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жете көңіл бөлінген. Бүгінде астық экспорттауда әлемде алдыңғы он елдің санатына кіретін Қазақстан үшін егіншілік саласын дамытудың маңызы зор. Осы орайда,  Астананың іргесіндегі Шортанды кентінде орналасқан «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-інің еліміздегі осы саланы өркендетуге қосып отырған елеулі үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды.

 

Аталмыш орталықтың ғалымдары шығарған дәнді, бұршақ, майлы дақылдар мен екпе шөптің жүздеген сорттарын бүгінде әлемнің көптеген елдерінің диқандары пайдаланып, игілігін көріп отыр. Орталықтың сан салалы қызметі тек жаңа өнімді сорттарды ойлап табумен шектелмейді, егіншілік мәдениетін көтеру, астық сапасы мен өнім көлемін арттыру, топырақ құнарлылығын жақсарту, адам денсаулығына игі ықпалы бар жұғымды дақылдарды өсіру сияқты маңызды шаруалармен де айналысады. Бір кезде Кеңес Одағындағы маңдайалды ғылыми-зерттеу институттарының бірі болған бүгінгі орталықтан 8 академик, 34 ғылым докторы мен 111 ғылым кандидаты шыққан. Одан қалды В.П.Кузмин мен институтты ұзақ жылдар басқарған А.И.Бараев Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Институттың бір топ қызметкерлері жаңа астық сортын шығарып, егіншілік шаруашылығын  дамытуға қосқан үлестері үшін Лениндік және КСРО мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Бәрі осылай басталған
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының ортасында құрылған Шортанды кентіндегі тәжірибе стансасы егін шаруашылығын дамытуға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын шағын мекеме еді. Мұндай тәжірибе стансалары ол кезде әр өңірде болатын. Шортанды тәжірибе стансасы да  басқа мекемелер сияқты шағын өңірге қызмет көрсететін шағын мекеме болып қала берер ме еді, егер 1950 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталмаса.
Тың жерлерді игеру егіншілік ауқымы күрт өскен аймақта егін шаруашылығы мәдениетін көтеріп, дамыту қажеттілігін туындатты. Осылайша, 1956 жылы тәжірибе орталығының базасынан Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты ғылыми-зерттеу институты құрылды. Аймақтан шығып республикаға, одан Одаққа, кейінірек барша әлемге танылған институттың биіктерге шырқаған жолы да дәл сол тұстан бастау алады. Институттың құрылып, жұмыс істеген алғашқы кезеңінде онда Одаққа танымал ғалым, академик Валентин Петрович Кузминнің еңбек етуі  астанадан шалғайдағы аймақтың атын әлемге паш етуге үлкен ықпалын тигізген еді. Көптеген қатты және жұмсақ бидай сорттарын ойлап тапқан ғалымның еңбегі барша әлемге танылды. Сол арқылы Шортанды ғылыми-зерттеу институтының да аты шықты. 1962 жылы В.П.Кузмин жаңа дақыл сорттарын дайындаған еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1967 жылы Шортанды ғылыми-зерттеу институтына егін шаруашылығын дамытуға қосқан еселі үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту ордені берілді.
Институттың ең шарықтап дамыған тұсы академик Александр Иванович Бараевтың есімімен байланысты болды. 1972 жылы академик Бараев бастаған ғалымдар тобы жасаған топырақ эрозиясына қарсы шаралар кешені Лениндік сыйлыққа ие болды. Кейінірек институттың тағы бір топ ғалымы КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл – институтты талантты ғалым, академик Мэхлис Сүлейменов басқарып тұрған кез болатын. Иә, ол Шортанды ғылыми-зерттеу институтының шарықтап дамып, барша әлемге танылған, даңқ тұғырының шырқау  биігіне көтерілген кезі еді.

Тынысты тарылтқан өтпелі кезең
1990 жылдарда еліміз нарықтық экономикаға көшкен тұста басқа кәсіпорындар мен мекемелер сияқты бір кезде атағы дүрілдеп тұрған ғылыми-зерттеу институтының да  басына қара бұлт үйіріліп, біраз ауыртпалықтарды бастан кешуге тура келді. Сол тұста институт әлденеше рет қайта құрулар мен оңтайландыруларды бастан өткерді. 1992  жылы ол А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты болып өзгертілді. Қаржы тапшылығына байланысты бұрын Одаққа танымал үлкен мекеме біраз қиындықтарды бастан өткерді. Зертханалар мен жылыжайлардың жұмыс істемей қалғаны өз алдына, тіпті қызметкерлер отыратын ғимаратты жылытуға мүмкін болмай, егін шаруашылығы саласын өрге бастырып жүрген маман ғалымдар суық бөлмелерде айлап, жылдап жалақы алмай жұмыс істеуге мәжбүр болды.

2002 жылы мекеме тағы бір қайта құруды бастан өткерді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен енді ол А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы деп аталды. Орталықтың құрамына У.Успенов атындағы топырақтану ғылыми-зерттеу институты, Астық және азық-түлік өнімдері жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты және Павлодар мен Көкшетау ғылыми-зерттеу институттары кірді. Мықты материалдық-техникалық базасы, ең бастысы, білікті ғалым мамандары бар әлемге танымал Бараев институтының базасында құрылған мекемені республикамыздағы егіншілік саласын өркендетуге ғылыми қолдау көрсететін үлкен орталыққа айналдыру мақсатынан туған бұл қадамның дұрыстығын кейін уақыт дәлелдеп берді. Осылайша, Бараев институтының екінші шарықтау дәуірі басталғандай болып еді.
    
Заман талабына бейімделген орталық
2007 жылы орталық уақыт талабына сай  «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС болып қайта құрылды. Осылайша, қалталы құрылтайшысы бар серіктестікке айналған орталықтың жұмысы тың серпінмен қайта жанданды. Жаңа кезеңдегі қайта өрлеуі 2003 жылы орталық басшылығына іскер ұйымдастырушы, білікті маман, талантты ғалым Жексенбай Айтошұлы Қасқарбаевтың келуімен байланысты болды. Нарық талабына бейімделген мекеме еліміздің астықты солтүстік өңірлеріне ғана емес, оңтүстік, батыс және шығыс аймақтарына да  жергілікті жердің ерекшеліктеріне сай түрлі дақыл сорттарын жасау жұмыстарын қолға алды.
Өз тарихында институт осы күнге дейін 74 астықтық жұмсақ бидай, 15 қатты бидай, 23 арпа және 3 астықтық күздік жұмсақ бидай тұқымын жасап шығарды. Кеңес заманында басталған жақсы дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Орталық мамандары жергілікті жердің табиғатына, топырақ құнарлылығына, ауа райы жағдайына лайықталған жаңа дақыл сорттарын жасау бағытында жемісті жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы бес жылдың ауқымында орталық 17 жаңа дақыл сорттарын дайындаған. Оның 7-уі бидай сорттары болса, екеуі арпа, сондай- ақ, күнбағыс, рапс және көп жылдық екпе шөп сорттары да бар. Бүгінде ақмолалық диқандар көп қолданатын «Дамса юбилейный», «Корона» сияқты бидай тұқымдары жоғары өнімділігімен де, сапалылығымен де диқан қауымының көңілінен шығып отыр.
Жыл сайын орталықта 95 мыңнан астам дақыл үлгілері зерттеледі, 2 мыңнан астам будандастыру жұмыстары жүргізіледі.  Әлемнің 59 елінде өсірілетін түрлі дақылдарды жергілікті жерге жерсіндіру, будандастыру арқылы жаңа өнімді сорт алу бағытында мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Дәнді және бұршақ дақылдарынан басқа орталық тары, қарақұмық, картоп және майлы дақылдардың жаңа сорттарын жасау бағытында да өнімді жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін тарының 20 сорты, картоптың 26 және күнбағыстың  
9 сорты жасалыпты.
Орталық мамандары дақылдарды өсіріп, жинау және оны дайын өнімге айналдырғанға дейінгі кезеңдегі жұмыстарды түгел зерделеп, талдау арқылы жаңа өнімді сорттарды жасап шығарады. Мұндай жұмыстар зертханалық жағдайда ғана жүзеге аспайтыны белгілі. Осыған орай, мекеменің түрлі дақылдар өсіретін қосалқы шаруашылығы бар. Мәселен, өткен жылы орталықтың егін алқабында өсірілген егіннен 4253 тонна астық жиналған. Гектар түсімі 14,5 центнерден айналған. Бүгінгі күні орталық мамандары  тәжірибе алқабында 2450 гектар бидай,  365 гектар арпа, 145 гектар сұлы және 610 гектар майлы дақылдар өсіреді. Орталықтың өз машина-трактор стансасы бар. Егінді өздері өсіріп, өздері жинайды. Сондай-ақ, түрлі дақылдар жыл бойы өсірілетін жылыжай жұмыс істейді.
Қазіргі күні техникалық қызметкерлерді қосқанда 241 адам еңбек етеді.  2 ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты бар. Мұнда ғылыми жұмыспен айналысу үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған. Зертханаларға шетелдік құрылғылар орнатылған.
 
Адам ағзасы үшін
таза өнім
Орталықтың органикалық жер шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Владимир Скобликов еліміздің болашағын табиғи таза азық-түлік өнімімен байланыс-тырады.
–Қазақстанның астығын сатып алуға шетелдер неге ынталы. Өйткені, біздің өніміміздің құрамында адам ағзасына залал тигізетін химикаттар аз немесе мүлдем жоқ, – дейді ол. А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының негізгі жұмыс бағдарларының бірі саналатын органикалық жер шаруашылығы бүгінде біздің елімізді ғана емес, барша әлем мемлекеттерін толғандырып отырған  мәселе.  Бұл саланың атқарып жатқан жұмыс бағдары химикаттарды қолданбай, керісінше залалсыз органикалық тыңайтқыштарды пайдалануға жете көңіл бөлу болып табылады. Мал қиы, күл сияқты органикалық тыңайтқыштар егіннің өнімділігін арттырып қана қоймай, дақыл сапасына, оның адам ағзасына залалсыздығына да игі әсерін тигізеді. Сондай-ақ, органикалық тыңайтқыштар топырақ эрозиясына жол бермейді.
В.Скобликовтың айтуынша, органикалық жер шаруашылығы болашақтың ісі. Біздің елімізде де қазір бұл салаға ерекше көңіл бөліне бастаған. Бүгінгі күні органикалық жер шаруашылығын дамытуға байланыс-ты заң жобасы Парламентте қаралуда. Заң қабылданған кезде бұл саланы дамытуға, жұмыс ауқымын кеңейтуге мол мүмкіндіктер ашылмақ.
Ғылым мен өндірісті тығыз байланыстырып, еліміздің егіншілік саласын дамытуға елеулі үлес қосып отырған А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бергені де, әлі халыққа берері де көп.

Қалкөз ЖҮСІП,
арнаулы тілшіміз.
Шортанды ауданы.

Суреттерде: «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-інің директоры
Жексенбай Қасқарбаев; орталықта өсірілген дәнді дақылдар түрлері;  органикалық зертхана қызметкері
Галина Штефан.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар