Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әзілдері астарлы болса... - АРҚА АЖАРЫ

Әзілдері астарлы болса…

«Көкшетау» мәдениет сарайында «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша «Көкшетау КВН» филиалының ұйымдастыруымен және Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен жайдарман ойынының ақтық мәре сайысы болып өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл-дығына орайластырылған ойын «Тарих маусымы» деп аталды.

 

Биыл облыстан іріктеліп ақтық ойынға алты топ қатысты. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Шу» құрамасы, Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледждің «Құрмет» командасы, Көкшетау техникалық институтының «Құтқарушылар» тобы, Бестөбе құрамасы, Астрахан ауданының «Айқаракөз» қыздар командасы және Степногорск қаласынан келген «Бейбарыс» командасы. Ойынға қатысушы командаларға Қазақстан ұлттық арнасының Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Ермек Елберген, Көкшетау жайдарман филиалының директоры Ерлан Нүсіп, облыстық жас-тар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық бөлімінің басшысы Мырзабек Мырзахметов, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Тимур Ысқақов қазылық етіп, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлім Бегалина қазылар алқасының төрайымы болды. Ойынға  «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ-нің Президенті Есен Елеукен арнайы келіп қатысты.   
Ойын үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңі сәлемдесу, екінші ширату кезеңі «Тарихи шайқас» деп аталды. Үшінші кезеңі әуенді үй тапсырмасы болды. Залға жиналған жастардың көңілін аулаған алты команда да сахнада барын салды. Олардың арасында былтырғы ойынның жүлдегерлері де бар. Алайда, әзілдерінің дені арзан, құр айғай мен даңғаза күлкіге құрылғаны «әттеген-ай» дегізбей қоймады. Ал, залдағы жастардың көбі оны ажыратып жатқан жоқ. Мұндайда білімді, білікті жастардың аздығынан осындай арзан сөзге, астарсыз күлкіге әуес болып кеттік пе деп те ойлайсың. «Шу» құрамасы оңтүстіктің диалектісімен сөйлеп, біз «Серпіндіктерміз», біз осы жақты қазақшаландырып жүрміз деген сияқты бөліне сөйлеп, бүлдірген тұстары да болды.
Әрине, сәлемдесу кезінде ұтқыр әзілдер де айтылып жатты. Солардың ішінде ащы да болса, бүгінгі күннің кейпін көрсете алған Бестөбе командасының саяси астарлы әзілдері көрерменнің де, қазылар алқасының да жүзіне күлкі ұялатты. Мысалы, бір топ баланың ішіне бір пакет топырақ ұстаған қыз шығып. Мынау жер. Дұрыстап қараңыздар. Қазылар алқасы сіздер де қараңыздар. Көрермен, сіздер де дұрыстап қараңыздар деп тұрып алды. Содан топтағы балалардың бірі оған неге қарауымыз керек деген сұрағына. – Жұмысыңды дұрыс істегің келсе, жерге дұрыс қара, өткенде ғана жерге қарамаған министр жұмыстан кетті ғой демесі бар емес пе? Екінші кезеңде «Құтқарушылар» командасы да ерекше көзге түсті. Ширату кезеңінде қарсылас команда тарапынан қойылған сұраққа ұтымды әрі күлкілі жауап беру керек. Сұрақ «Жайдарманды ұйымдастырушы да, қазылар алқасы да, жүлде тағайындаушы да, жүргізуші де облыстық жастар ресурстық орталығы. Жастар ресурстық орталығы сіздер үшін тағы не істей алады?» деп қойылды. Бұған жауап берген құтқарушылар  «Абылай ханның 300 жылдығына 100 курсант, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 70 курсант, бүгінгі облыстық жайдарман ойынына  90 курсант келіп, көрермендер қатарын толықтырып отырмыз. Жастар ресурстық орталығы, біз сіздер үшін тағы не істей аламыз?» деп жауап беріп, көрермендердің шексілесін қатырды. Бұлардың ішінде үш кезең бойы жоғары балл алып, тамаша ойын көрсеткен команда мектеп оқушыларынан құралған Бестөбе құрамасы болды.  
Ойында үздік деп танылған командаларға жүлде тапсырмас бұрын Есен Елеукен жайдарманшыларға терең білімнің жетпейтінін, көп оқып, көп іздену керектігін айтып, арзан күлкіден аулақ болу керектігін ескертіп, алдағы уақытта Ақмола облысына республикалық кубок әкелетін дәрежеге жетуіне тілектес екенін білдірді. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынға «Айқаракөз» қыздар командасы, екінші орынға «Құтқарушылар» командасы ие болды. Бірінші орын мен кубок Бестөбе құрамасына
табыс етілді.  

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар