Оқушы қыз тәрбиесі – орасан жауапкершілік

Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫМЕН әңгіме.

 

− Айнұр Әбдірәсілқызы, таяу­да жарияланған Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары қоғамдық пікірге біршама қозғау салды. Мәселенің мән-жайын бірқатар мамандар ай­қындап беруге тырысты. Әрі сарапшы, әрі дін саласының ма­­маны ретінде осы мәселеге түйін­ді көзқарасты сізден естігі­міз келеді.
– Мәселеге ешбір эмоциясыз, сарабдал сана көзімен қарасақ, ашығы сол – мектеп формасына қойылатын талаптарда ешқандай өзгеріс болған жоқ. Неге дейсіз бе? Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының сонау 2007 жылғы 27 шілдедегі мәтінінің 49-бабының 3-тармағында «Ата-ана­лар мен өзге де заңды өкіл­­дер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағида­ларды орындауға міндетті» деп көрсетілген болатын. Ол қағи­далардың бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау еді.
Осы міндеткерлікті тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қа­зандағы №487-ІV заңмен «Білім туралы» Заңға толықтырулар енгізілді. Енді заңның 47-бабының 15-1-тармағында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақ­тауға міндетті» деген ережелер атап тұрып енгізілді.
2015 жылдың 13 қарашасында мәселені одан әрі нықтай түсіп, «Білім туралы» Заңның 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «ор­та білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса, 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру сала­сындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақ­тауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай көрсетілді.
Сондықтан, мектеп формасына қатысты қағидалардың әрісі он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жат­қанын атап айтуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі бар болғаны сол ережелерді ай­қындай түсу мақсатында бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелеп жариялады. Оны жаңа талап ретінде жатырқай қабылдаушылар шыққанда, өз басым: «Осынша уақыттан бері бәзбір ата-аналар «Білім туралы» Заңнан бейхабар болып немесе орындамай келген бе?» деп таңғалдым.
− Ал, талаптардағы «діни ат­рибутиканың қолданылмауы қажет» дегенге қатысты не айтар едіңіз?
– Сол мәселеге қарай ойысып келеміз. Мектеп форма­сына қойылатын талаптар мәті­нінде «діни атрибутиканың қол­данылмауы» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутиканы қолданбау» дегенді білдіретіні санасы сау адамға бесенеден белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге ты­йым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен – сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды ғой. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді. Дұрысы, бұрыннан реттеп келген.
Форма – тек мектепке тән ерек­шелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер, оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгілі. Ал, мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез-келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді.
Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақы­тында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез-келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құ­қығы бар.
Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді, яғни, «бұлақ бастан былғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ. Жалпы, тізе берсек, басқа да ар­тық­шылықтарды атауға бо­лады, бірақ оның барлығы қара­пайым қоғам мүшесіне де белгілі. Сондықтан, қайыра айтарым, мектеп формасына қойылатын талаптарға жер астынан жік шыққандай таң-тамаша болудың реті жоқ.
− Арандатушы секілді кө­рінсе де мынадай бір сауал қой­ғым келіп отыр. Кезінде кей­бір азаматтар мектепте хид­­жаб­қа жол берілмеуін Конс­титуцияға қайшылық ре­тінде бағалап жатты. Бұған не дейсіз?
– Арандатушы емес, алаң­датушы сауал бұл. Құқықтық сауат­­­тылықтың қарапайым дең­гейін меңгермегеніміздің көрінісі. Құқықтық мәселелерді қозғағанда, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін психологиядан арылуымыз керек. Өзімізге керек нәрсені ғана көріп, керек еместі жылы жауып қойғаннан жағдай өзгермейді. Мәселеден қашу емес, оны шешу керек.
Басын ашып алатын бір мә­се­­ле – Ата Заңда «діни сенім бос­тандығы» деген ұғым жоқ. Ол «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады. Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ, дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мем­лекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге
тиіс». Яғни, сол бос­тандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілген. Кертартпа пікірлерге арбалған кей азаматтар осы екінші ережені көргісі келмейді.
Ата Заң ең басты құқықтық қағи­даттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталған құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан, конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйе­­не отырып, «Білім туралы» Заң да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындайды. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.
Дәл осы секілді Ата Заң аясында дайындалған «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер тура­лы» Заңның 3-бабының 5-тар­мағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқару­дан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген. Ал, аталған заң­ның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны ай­­тылған. Бірақ, осы нормада да ескерту ретінде: «Мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген… жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.
Сондықтан, «Білім туралы» Заң­ның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бос­тандықтарын бұзбайды, кері­сінше, олардың заңнамалық нор­ма­ларға кең түсінікпен, ашық аза­маттық тұрғыдан қарауын мін­дет­тейді.
Әрбір саналы азаматтың заң қа­ғи­далары ар-ождан бос­тандығын қамтамасыз етумен қатар, мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқаны абзал. Қарапайым құқықтық сауат­тылықтың шарты осындай.
– Бұл бір сәті түскен сауал мен көкейден шыққан жауап болды. Ендігі түйткіл: хиджаб кию мұсылмандықтың тікелей көрінісі болып санала ма? Неге бұл мәселені кейбір адамдар осы мағынада көтеруге тырысады?
– «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген сөз көкейге оралады осындайда. Мұндай сауалдың түбі бір қойылатынын біліп, атамыз қазақ талай-талай түйін­ді сөз айтып кетті ғой. Дегенмен, алдымен ислам қағи­даларына жүгінейік. Ислам шариғаты бойынша «Лә иләһә илла Алла, Мұхаммед расулалла» деп иман келтірген, осы кәлиманы тілмен айтып, жүрегімен сенген адамның мұсылман екеніне шүбәлануға ешкімнің құқығы жоқ. Яғни, иман келтіру – мұсыл­мандықтың негізгі шарты.

Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ха­нафи мәзһабының негізін салған Әбу Ханифа Имам Ағзам: «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшін де мұсылман, – деп жазады.
Енді хиджаб мәселесіне келе­йік. Мұсылман әйелдердің орамал тағуы Құранда бұйырыл­ғандықтан, ол парыз амал болып есептеледі. Парызды мойындамау – күпірлік, ол діннен шығуға алып барады. Ал, орамалдың парыз екенін мойындаса, бірақ белгілі бір себептермен (біздің мысалымызда, мектеп формасын сақтау қажеттілігінен) таға алмаса, ол әйел немесе қыз бала мұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни, жүре­гінде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелді «мұсылман емес, кәпір» деп ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдайда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың: «Кім­де-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деген қатаң ескертуін есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген мұсылман адамды «кә­пір» деп айыптауға болмайды.
Орамалдың парыз екеніне сену – иман мәселесі, ал, оны тағу – амал мәселесі. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бір бөлігі де, тікелей көрінісі де емес. Бұл жайында Әбу Ханифа Имам Ағзам былай деп жазады: «Алла тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құл­шылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман кел­тіруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары болып табылады. Бұл – осылай, өйткені, олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал, кері­сінше (болған жоқ, яғни), діни па­рыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ».
Имам Ағзам әйелдердің белгілі бір жағдайларда Алла тағаланың рұқсатымен намаз оқи алмайтынын,  парыз амалды орындамайтынын айта келіп: «Егер иман мен амал бір десек, намаз оқымай жүрген кездерінде әйелді иманы жоқ деуге тура келер еді. Бірақ бұл олай емес, сондықтан, иман мен амал бір емес» дейді. Осы қисынмен пайымдасақ, мұсылман ер адамдардың да парыз амалдарды орындай алмайтын кезі болады. Мысалы, сапарда жүргенде Рамазан айының парыз болған оразасын ұстай алмауы мүмкін, бірақ, сол кезеңде парыз амалды орындамағаны үшін оны «иманы жоқ» деп ешкім айыптай алмайды.
Орамалға қайта оралайық. Егер орамал мұсылмандықтың басты көрінісі болса, иманды жүректен бір сәт те өшіруге болмайтыны секілді, орамалды бір сәт те шешуге рұқсат берілмес еді. Бірақ ислам шариғатында олай емес, балиғатқа толған қыз бала мен әйел адам жақын туыстарының көзінше (ер адам болса да) орамалсыз, тұмшаланбай жүре алады. Бұл туралы талай дәлел-дәйектер келтіруге болады, бірақ ұзын сөздің қысқасы, иман орамалмен бірге алынып-салынып тұратын заттық дүние емес.
– Өкінішке қарай, орамалды мұсылмандықтың тікелей көрінісі санайтын жаңсақ түсі­ніктер қоғамда кездесіп жатады емес пе?
– Иә, оны да мысалмен өрнек­тейік. Өткен жылы мектептегі орамал мәселесіне қатысты бір әке, аты дардай заң ғылымдарының кандидаты былай деп жазыпты: «Бізге қызыңыз үйде, кө­шеде хиджаб кие берсін, тек мектепте форманы сақтасын», – дейді мұғалімдер. Біз қалайша қызымызға үйде мұсылман бол, мектепте мұсылман болма деп айтамыз?» Осы сөздерді оқығанда иман мен ислам жөніндегі тү­сінігіміздің осыншалықты құл­дырап, қарапайым ислами ұғымдарды ажырата алмайтын қарабайыр деңгейге қашан түсіп үлгергенімізге таң болдым. Соны жазған әке – исламның негізгі шартын ұқпаған, діннің не екенін сезінбеген жан өзін кәміл мұсылманмын деп есептейді. Бұдан төмен тағы қайда барар екенбіз?!
Мұсылмандықтың не екенін Хақ діннің Елшісі – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан артық білетін адам жоқ. Сол пайғамбардың өзі: «Мұ­сылман дегеніміз – қолымен және тілімен мұсылманға залал келтірмеген адам» деген. Ал, біз ол ұғымнан алыстағаннан алыс-тап барамыз… Біз мұсылмандықты тек формамен байланыстыруға әуестеніп алдық. Исламның шынайы рухын терең сезінген кешегі қазақ «иман­ды» деп жүрегінде берік сенімі бар, терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды айтқан. Аталарымыз қа­шанда жүректегі иманды басты орынға қойған, «Сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді» деп тыйған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай да осы қисынмен пайымдаған. «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ», – деп назаланған Әбубәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқ­тады. Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеген еді…
2015 жылдың 7-8 желтоқса­нында біздің орталық Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасы қарамағындағы діни сауат ашу курс­тары мен діни оқу орындарының ұстаз­дары­на, мұсылман әйелдер бірлестіктерінің жетекшілеріне арналған оқыту семинарын өткізді. Сонда діндар ұстаздар қазіргі мешітке келушілердің сырт адамдар туралы сөз бола қалса, «Мұсылман ба, мұсылман емес пе?» деп сұрауды үрдіске айналдырғанын, яғни, бес уақыт намаз оқымайтын ерлер мен әйелдерді, орамал тақпайтын әйелдерді мешіт жамағатындағы бірқатар адамдардың «мұсылман емес» деп санайтынын қынжыла жеткізген болатын. «Радикалдану үдерісі мешіт жамағатынан басталмас үшін «мұсылман» ұғымы жөнінде ҚМДБ-ның ресми ұстанымы шығарылуы керек, бұл тақырыпқа арнайы уағыздар айтылуы қажет»  деген ұсынысты да сол ұстаздардың өзі айтқан болатын. Діни басқарманың құлағына алтын сырға…
– Мектеп жасындағы қыздар қатарында хиджаб кигісі келе­тіндер саны қанша? Оған зерттеу жасалған ба?
– Өткен жылы біздің орталық еліміздің барлық аймақтарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 11000-ға жуық адамды қамтыған 200-дей іс-шара өткізді. Шаралар барысында 2105 адамға сауалнама жүргізілді. Оның 459-ы мектеп оқушылары болатын. Бір ерекшелігі, сауалнама алу кезінде де, фокус-топтық талдаулар бары­сында да оқушылардың еркін сөйлеуіне, ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берілгеніне және сауал­­намалардың анонимді түрде толтырылғанына қарамастан, оқушылар тарапынан бірде-бір рет хиджаб кию мәселесі көтеріл­меді.
Бұл мәселе сауалнамаға қа­тыс­­­қан 305 жергілікті тұрғын тарапынан да көтерілген жоқ. Мәселеге тек фокус-топтық тал­дауға қатысқан 330 мұғалімнің бірнешеуі назар аударды, оның өзі «Мектепте хиджаб кию мәселесі көтерілген жағдайда оған қандай заңдық негіздер бойынша жауап берген жөн?» деген алдын алу шараларына қатысты сауал болды.
Айтылғандардан аңғара­ты­ны­мыз­дай, мектептегі орамал мәселесіне қатысты айтар­лықтай қызығушылық үрдісі байқалмайды, сондықтан, халық­тың осы мәселе толғанды­ратын бөлігінің пайыздық көр­сеткішін анықтау мүмкіндігі жоққа тән. Бәлкім, бұл көрсеткіш 0,01 пайызды да құрамас. Ал, керісінше, ел аумағындағы 8000-ға жуық мектептің басым бөлігінде хид­жабқа қатысты мәселе мүлде кездеспеген. Бұл мәселені қоздырып, қо­ғамдық пікір туындап жатқан секілді етіп көрсетіп, санаулы адамдардың көмегімен қолдан пікірталас ұйымдастырып жататындар көп жағдайда заң талаптарын толық түсініп-білмеген, діннің формалық жағына мән беріп, мазмұндық қырын назардан тыс қалдырған азаматтар немесе ішкі тұрақтылыққа сына қаққысы келетін мүдделі адамдар болып табылады.
– Мектеп жасындағы қыз­дардың хиджаб киюі оның сыныптастарына, өзіне қалай әсер етеді?
– Ең күрделі мәселе де осы. Бәрінен бұрын бұл хиджаб киген қыздың өзіне ауыр. Сы­нып­тастарының оған тосырқай қарауы да, шеттетуі де мүмкін. Бәзбіреулерімен тіл табысар, кейбірімен қарым-қатынасы шектеліп қалары сөзсіз. Хиджабты оқушының мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен мәмілеге келуі де мүмкін болмайды. Өйт­кені, олар заңды негізде мектеп формасын сақтауды талап етеді. Ата-аналары әрі тартады, ұстаз­дары бері тартады, екі оттың, сынып­тастарын қоса алғанда, үш оттың ортасында қыз бала қалады. Оқушылық өмірдің ең жақсы кезеңдері осылай сергелдеңмен өтеді. Ал, мұндай жағдайда баланың санасы қалай қалыптасарын ойлап көрдік пе? Ол екіге жарылмақ. Екі жағы да оңды емес.
Егер қыз бала ата-анасының ұстанымымен толық келіссе, өзін тура жолда жүрмін деп санайды, демек, басқалардың бәрін адасқандар ретінде қабылдай бас-тайды. «Менікі ғана дұрыс, басқалардыкі жөн емес» деген астам әрі тұйық пікір қалыптасады жасөспірім қыздың бойында (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың: «Көкірегіңізде тарыдай менмендігіңіз болса, жұмаққа кірмейсіздер» деген хадисі еріксіз ойға оралып отыр). Дәл осы «менікі ғана дұрыс» деген пікір талай шетін көзқарасқа негіз болғанын да ұмытпайық. Ұстаздардың мектеп формасына қатысты талаптарынан құлағы жауыр болған қыздың зайырлы мемлекетке өкпесі қара қазандай адам болып жетілмесіне кім кепіл? Сол өкпе ертеңгі күні оны да осы ортаны тәрк етіп, Қазақ­станды кәпірстанға балап, араб елдеріне хижра жасатпайтынына кепілдігіміз бар ма? Құдай бетін аулақ қылсын, ондай нәубеттің соңы айтпаса да белгілі…
Енді екінші жағына келейік. Егер қыз бала ата-анасының хиджаб киюге қатысты ұстанымымен келіспесе, бірақ сыйлағандықтан немесе қорыққандықтан еріксіз олардың ырқына көнсе (ондай мысалдар да кездеседі), жасөспірім санасында отбасын­дағы түсініспеушілік пен жалғыз­дықтан туындайтын барлық психологиялық дерттер дамиды. Бала өзін отбасында бақытты сезініп өспесе, «Тайбурылдың қырық үш күн кемдігінің» орны толмайтыны секілді, оның санасы ұдайы бақытсыздық пен жалғыздық сезімдеріне бейім болады. Бұған мектеп формасын сақтауды талап етуден туатын келіспеушіліктерді, қатар-құрбының қату көзқарасын тағы қосыңыз…
Балиғатқа толған қыз баланың мектеп табалдырығында жүретін балдәурені  орта есеппен екі жыл, оның ішінде, әр жылдың тоғыз айындағы сабақ күндерінің бес-алты сағаты ғана. Сол сағаттарды жасөспірімнің сын сағаттарына айналдырмайық. Тұлғалық болмысы толық қалыптаспаған балаң сананы сергелдеңге салмай, қыз­дарымызға тыныштық берейік. Оқушылық өмірдің қиындықтары онсыз да аз емес. Қалыптасу ке­зеңінен өтсін де, бойжеткен қыз бала тура жолды саналы түрде өзі таңдасын. Сонда ол ешқашан адаспайды. Қыздарының мектепте орамал таға алмағанына ренішті ата-аналарға айтар едім: егер үйде берген тәрбиеңіз түзу болса, қы­зыңызды иман негіздерімен отбасында сусындата білсеңіз, оған жасынан шынайы рухани тәлім берген болсаңыз, оның мектепте орамалсыз жүрген бес-алты сағаты қанына сіңген имандылықтан бір қадам да алыс­тата алмайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ал, отбасы тәрбиесі түзу болмаса, имансыздық дертінен баланы сандыққа салсаң да сақтап қала алмайсың.
– Түйін сөзіңіз.
– «Өспейтін бала өнбейтін дау­ды қуады» дегізбей, болар елдің баласына тән басалқалы мінез танытайық. Кешегі жер дауы мен жесір дауына бүгін хиджаб дауын қолдан қосып, буынсыз жерге пышақ ұрмайық. Қазақтың өз­ге дерті де бар болар, соларды ем­дейік.
Мемлекетіміз мектептен тыс жерде орамал тұрмақ, бес па­рыз­дың ешбіріне тыйым салып отырған жоқ, керісінше, бар­лық азаматтармен қатар мұсыл­мандардың сенім бостан­дығына барынша жағдай жасау­да. Дін қарындастарымыз сол ізгі заңдарды игілігіне тұтынсын. Сөйтсін де, сондай мемлекетті нәсіп еткен Алла тағалаға шүкір­шілік танытып, бейбіт Отанына адал қызмет етсін. Өйткені, Мұ­хам­мед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадисін­де айтылғандай: «Отанды сүю – иманнан».

Әңгімелескен Самат МҰСА.

(«Егемен Қазақстан», 27 сәуір 2016 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар