Жер реформасын бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі деуге болады. Дегенмен, жерге қатысты туындаған мәселені байыппен шешуіміз қажет. Өзім осы жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі болғандықтан, ең басты айтарым, бұл мәселені қарапайым халықтың пікіріне құлақ түріп, он рет өлшеп барып шешкен абзал. Бұл жөнінде комиссия отырысында да өз пікірімді білдірдім.
Ендігі басты міндет халыққа ақпаратты дұрыс жеткізу, сонда ел өз кезегінде тиісті қорытынды шығаратын болады. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды. Осы аралықта айтарлықтай тәжірибе жинақталды. Жер реформасын жүргізген кезде отандық тәжірибені ескергеніміз маңызды.
Қазір елімізде кәсіп ашып, табыс тапқысы келетіндерге жол ашық. Әсіресе, шағын және орта бизнесін дөңгелетіп әкетемін деушілерге Үкімет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған. Елбасының былтырғы жылы шағын және орта бизнеске, биыл көпшілік арасында үлкен резонанс тудырған Жер кодексінің төрт нормасына мораторий жариялауы осыған айқын дәлел.
Соңғы жылдары еліміздің әр облысында кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының ашылуы, онда кәсіпкерлердің білімдерін жетілдіріп, құқықтарын қорғауға және бизнес жоспарларын дамытуға барынша жағдай жасауда. Елбасының әр Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды негізгі міндет ретінде қарауы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қуантып қана қоймайды, күш-жiгер беріп, болашаққа деген сенімін еселей түсуде.
Өз басым мұны келешекте ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасының берік негізіне айналдыруды көздеген қазақ елінде отандық тауар өндірушілерге жасалынып жатқан Президенттің зор көмегі деп білемін. Осындай зор көмектің арқасында бүгінгі күні Қазақстанда «Агроөндірістік кешендерді дамыту–2020», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», баламалы «жасыл» энергетикалық технология-ларды пайдаланудың «жасыл экономика» стратегиясы сияқты жаһандық бағдарламалар қолға алынуда. Бүгінгі жүргізіліп жатқан жер реформасы да атқарылып жатқан игі істерді одан әрі еселей түсетіні анық.
Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістігіміз тікелей осы диқан қауымына байланысты. Солардың арқасында соңғы жылдардағы ауа райының құбылмалылығына қарамастан, сепкен егіннен өз ырыздығын жинап алып жүргеніміз анық. Өзім басқаратын серіктестік еңбеккерлері жыл сайын бітік астық жинауда. Бұған әрине, егіншілікте қолданылып отырған жаңа технология, жаңа техника және механизаторлардың шеберлігінің арқасында қол жеткізіп отырғанымыз анық. Дәнді дақылдарды қай уақытта егу керек. Қолайлы мерзімі қайсы. Тұқымды қандай тереңдікте егу керек. Одан әрі не істеу керек. Соның бәрін зерттеп, қарап жүреміз.
«Родина» Агрофирмасы» серіктестігіне келетін болсақ, биылғы жылы 132 шақырымға созылып жатқан барлығы 42 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, одан бітік астық жинауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, мал азығын дайындау жұмыстарын да жоспарға сай жүргізетін боламыз. Бір сөзбен айтқанда, родиналықтар дән себу науқанына толық дайын. Мемлекеттің жер реформасын жүргізудегі қоятын талабы – жерден табыс тауып, оны халықтың игілігіне ұтымды пайдалану болып табылады. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы да осыған дұрыс бет бұруымызбен байланысты.
Осыдан шығаратын қорытынды жерді оның қадірін білетін диқанның қолына беру маңызды. Сонда ғана ол жерді ұтымды пайдаланып, мол өнім алуға болады. Жер реформасын жүргізген кезде осы тұстары ескерілетініне сенімім мол.
Иван САУЭР,
«Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның
Еңбек Ері.
Целиноград ауданы.