Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар қылмысы – кешіріле салатын еркелік емес - АРҚА АЖАРЫ

Балалар қылмысы – кешіріле салатын еркелік емес

Бәріміз де бір кездері бала болдық. Ата-анамызға еркелеп, балалықпен талай қателік те жасаған шығармыз. Алайда, үйдегі еркелік пен кәмелеттік жасқа толмағандардың қолымен жасалатын қылмыс мүлде екі бөлек нәрсе. Өкінішке  орай, соңғысының бүгінгі қоғамымызда баршылық екендігін айтуға тиістіміз. Мақаламызда балалар қылмысының алдын алуда облысымыздың мектеп инспекторларымен қандай шаралар қолға алынып жатқанын зерттеп көрген едік. 

Бала тәрбиесіне ең әуелі ата-аналар, өзіміз жауаптымыз. Кейде осы сөзді кім қалай түсінеді екен деп ойланамын. Сондайда анамның біздің ісімізден шалалықты байқаған кезде «Құдайым-ау, сендерді қалай тәрбиелесем екен? Қай жерде қателік жібердім?» дейтін бір ауыз сөзі есіме сап етіп орала кетеді. Иә, әкеміз өмірден ерте озғаннан кейін анама шиеттей үш баланы өсіріп-жеткізу оңай болмағанын қазір ғана түсінгендеймін. Оны айтасыз, әкесі де, анасы да бар бола тұра, теріс жолға түскен балалар қаншама десеңізші. Алысқа бармай-ақ қояйын, ауылда тұратын туысқанымыздың отбасында ағалы-інілі бауырлар талай бұзақылық жасап, ел-жұртты біраз шулатқан еді. Бір таңқаларлығы, үлкен ұлының қолының жымысқысы барын, жұрттың үйінен көрсетпей әйтеуір бір нәрсені қалтасына тығып әкететінін білсе де, әке-шешесі оған «ләм-мим» деп жақ ашпайтын. Алты-жеті жасынан-ақ солай істеген әлгі бала ақыры үлкен ұрлық жасап, он сегізге толар-толмаста өз-өзіне қол жұмсады. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші, одан кейінгі інілері де ауылдың малын бағып жүріп, қаншама жылқының көзін жойды. Сол үшін темір торда да отырып келді. Егер ата-аналары ұлдарына дер кезінде ақ пен қараны ажыратып айтқанда, ағалы-інілі сол бейбақтардың тағдыры басқаша болар еді ғой. Сонда әлгі ерлі-зайыптының бауыр еті – балаларына титтей де жандары ашымағаны ма?!. Міне, бала тәрбиесіне үстіртін қараған  отбасынан байлық та, береке де қашты деген осы.
Бұл оқиғаға да он жылдан асып кетіпті. Ол кезде балалар қылмысы қандай деңгейде болғанын білмеймін, бірақ, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, кәмелеттік жасқа толмағандардың қолымен жасалатын қылмыстар саны республика бойынша, соның ішінде біздің облыста да соңғы үш жыл қатарынан төмендеп келеді. Бұл – қуантарлық жағдай, әрине. Биылғы жылдың алғашқы үш айында облыс аумағында балалар арасында 27 қылмыстық факті орын алса, өткен жылдың осы кезеңінде 32 заң бұзушылық тіркелген. Оның басым бөлігі Ақкөл мен Бурабай аудандарында орын алса, Көкшетау қаласында жыл басынан бері үш қылмыс жасалған.
Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Азамат Меңдібаевтың айтуынша, балалар көбінесе заң қызметкерлеріне ұрлық жасағаны үшін ұсталады. Апта сайын кешкі сағат 11-ден кейін ойын-сауық орындарын, көше кезіп жүретін балаларды анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» атты рейд жүргізіледі. Балалар түнде тәртіп сақшыларының қолына түссе, олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттама толтырылады. Биыл ондай хаттамалардың саны Көкшетау қаласы бойынша 563-ке жетіп отыр.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыстар үшін кәмелетке толмағандарға жаза он төрт жастан бастап қолданылады. Өткен жылы Ақкөл ауданында тұратын 17 жасар ер бала анасын қорғаймын деп өгей әкесін пышақтап өлтіргені үшін түрмеге тоғытылған. Азамат Еркенұлынан қоғамды алаңдатып отырған бұл кесапаттың себебін  сұрағанымызда ол былай деп жауап берді:         
– Бүгінгі нарық заманы әкені де, ананы да күнкөріс үшін табыс табуға мәжбүр етіп отыр. Сонда ата-анасының екеуі де таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста жүрсе, бала тәрбиесімен кім айналысады? Алты жасқа дейін баламызды бала бақшаға апарып, үйтіп-бүйтіп өсірсек, мектеп жасына жеткеннен кейін олар үлкендер жұмыстан келгенше көбіне үйде жалғыз отырады. Мінеки, бәленің бір басы осы жерде жатыр. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай, күні бойы төрт қабырғада омалып жалғыз отырған бала ойына не келсе, соны істейді. Қазір бұрынғыдай емес, аулалық клубтар да жеткіліксіз. Бала далаға шықса, бос уақытын қайда өткізерін білмейді.  
Иә, отбасында дұрыс тәлім-тәрбие көрмеген, теріс ортада өскен баланың күндердің бір күнінде қылмыс әлеміне тап болмасына кім кепіл? Бұған қалайда тосқауыл қоямыз десек, ең алдымен, үйдегі тәрбие мықты болуы қажет. Екіншіден, бала күніне бес-алты сағат уақытын мектепте өткізетіндіктен, оған ұстаздар мен мектеп инспекторлары да жауапты.
Облысымызда ювеналды полиция қызметі саласында 93 маман жұмыс істесе, оның 39-ы мектеп инспекторлары. Ішкі істер департаментіндегілердің уәжіне қарағанда, бұл құрам қылмыспен күресуде аздық етеді. Өйткені, облыста 573 мектеп, ондаған колледждер мен 5 жоғары оқу орны бар. Оларда әлі он сегізге толмаған балалар оқитындықтан, ол жерлерге де инспекторлар қажет. Ал, Көкшетау қаласы бойынша 24 мектеп пен 4 колледжге 27 полиция инспекторы бекітілген. Таңертеңгі сағат сегізден оқушыларды мектепке қабылдап алғаннан кейін олар кешке дейін өздері бекітілген білім ошақтарында дәріс оқиды, түсіндіру шараларын жүргізеді, ал, кешкі сағат жетіде учаскелік пунктке келіп, күні бойы атқарған жұмысы туралы есеп береді.
Облыс орталығындағы №2 учаскелік полиция пунктінде орналасқан ювеналды полиция бөлімшесіне барған уақытымыз осы кешкі сағат жетілер шамасы болатын. Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Анаргүл Ибраева мектеп инспекторларымен бір күндік жұмыс қорытындылары бойынша лездеме өткізіп жатыр екен. Аталмыш салаға 2007 жылы келген ол алғашқы еңбек жолын Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп- гимназиясында бастаған. Ең бірінші ашқан қылмысы да осы жерде болған.
– Мектептің салтанат залында іс-шара өткізіп жатқан едік. Менің жаныма бастауыш сыныптың екі оқушысы жүгіріп келіп, далада бейтаныс қыздардың өздерінен ақша талап етіп жатқандарын айтты. Әлі есімде, бұл оқиға Киров пен Темірбеков көшелерінің қиылысында орын алған. Сол араға жылдам жетіп, жанымда мұғалімдер бар, ізін суытпай қылмыстың бетін аштық, – деген полиция майоры сөз арасында осыдан шамамен екі-үш жыл бұрын қалада орын алған мына бір оқиғаға да тоқталып өтті. Жетінші сынып оқушысы үй ішін сабаққа кеттім деп алдап, бар уақытын компьютер клубында өткізіп келген екен. Артынша бәрі анықталып, ол бала дер кезінде мектепішілік бақылауға алынғандықтан, тәртібі де дұрысталып, бүгінде қаладағы колледждердің бірінде аспаз мамандығы бойынша оқып жатыр. Ал, келесі бір оқиғаны Анаргүл Олжабайқызы өкінішпен еске алды.  Он алты жасар қыз бала ешқашан көрмеген, тек әлеуметтік желі арқылы сөйлескен беймәлім жігіт үшін өз-өзіне қол жұмсаған. Сондықтан, аға инспектор ата-аналарға балаларына, әсіресе, 14-17 жаста, яғни, оның талғамы, сана-сезімі өзгеріске ұшырайтын жасөспірім кезінде көп көңіл бөлу керектігін, бала компьютерде отырса да, оның нақты немен айналысып жатқанын бақылауда ұстау қажеттігін ескертеді.
– Колледждегі кураторлар оқушылардың демалыс күндері қайда кететінін біліп отыруы қажет. Жаман айтпай жақсы жоқ, демалысты пайдаланып, пәтер жалдап, ойын-сауық құратындар да болады. Ерте жүктілік, жәбірлеушілік, зорлық-зомбылықтың бәрі осыдан шығады. Мұны текке айтып отырған жоқпын. Түнгі рейдтер кезінде облыс орталығындағы жоғары техника мектебінің, сервистік техникалық колледжінің оқушылары жиі ұсталады. Осы үшін ата-аналардың кейбіреуінен алғыс естісек, араларында «сендер алдымен көшедегі нашақорлар мен мастарды жөнге келтіріп алыңдар, менің баламда не шаруаларың бар?» деп дүрсе қоя беретіндері де бар. Өкінішке орай, біз әрбір жұмысымызды қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізетінімізді көп адамдар түсіне бермейді. Қорқытып ақша алу, бопсалаушылық та мектептерден гөрі, көбінесе колледж қабырғасында болады, – деген Анаргүл Ибраева осы күні балалардың темекіге әуестенуіне де алаңдаушылық білдірді. Биыл 62 бала темекі шегіп тұрғанда ұсталып, тәртіпке шақырылған. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандарға ішімдік, темекі тауарларын сатқаны үшін 23 дүкенші жауапкершілікке тартылған.   
Бүгінгі таңда облыс бойынша 840 бала мен  жағдайы нашар 1584 отбасы арнайы есепте тұр. Өткен жылы Көкшетау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 226 бала жеткізілсе, 2016 жылдың бірінші тоқсанында мұнда 75 бала әкелінген. 38 әке-шеше балаларына дұрыс қарамағаны үшін сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылғанын, тағы 69 баланың ата-аналарынан уақытша ажыратылғанын ювеналды полиция қызметінің мәліметтерінен білдік. Бұл – әрине, бала тәрбиесінде алаңдатарлық жағдай екендігі айтпасақ та түсінікті.
2011 жылы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімдер ювеналды полиция қызметі болып қайта құрылып, оларға жүктелетін міндет сол күйі қалды. Атап айтсақ, бұл орындардың міндеті кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау, қараусыз қалған балаларды анықтау, олармен түсіндіру шараларын жүргізу болып табылады. Көріп отырғанымыздай, тәртіп сақшылары балалар қылмысымен күресте өз жұмыстарын қолдан келгенше тыңғылықты атқарып келеді. Осы арада жоғарыда айтқан пікірімізді тағы бір қайталап өтсек дейміз. Бала тәрбиесіне, қашанда ең әуелі, ата-аналардың өздері жауапты болып қала береді. Бұл сөзді жақында Есіл ауданына іссапарға барғанымда Игілік ауылында тұратын көп балалы ана, «Күміс алқа» алқасының иегері Бақыт Нұртайқызының да аузынан естіген болатынмын.
Шіркін, тәрбие отбасынан басталатынын барлық ата-аналар осылай жете түсініп, ұл-қыздарының тағдырына жауапкершілікпен қараса ғой. Қанша айтқанмен, баланың аты бала. Көп жағдайларда олар заң бұзушылықтың не екенін де білмей, еш ойланбастан шалыс қадамға барып жатады. Сонда да балалар қылмысы кешіріле салатын еркелік емес екенін естен шығармайықшы!..

Суретте: полиция майоры Анаргүл Ибраеваның Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының оқушыларымен құқық бұзушылық пен қылмысқа ұрынбаушылық жөнінде әңгіме өткізіп тұрған сәті.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар