Жаңа министр алғашқы жұмыс сапарын астаналық облыстан бастады

 Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып,  аграрлық өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты, ауыл шаруашылығы құрылымдарының  басшыларымен болған әңгіме барысында егіншілік саласы мен мал шаруашылығын одан әрі дамыту, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары алға қойған міндеттерді іске асыру мәселелері ортаға салынды. Министрдің өңірімізге сапарында облыс әкімі Сергей Кулагин бірге болды.

 

Өзінің жұмыс сапарын Ақкөл ауданынан бастаған Ауыл шаруашылығы министрі «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің басын қосқан жиынға қатысты.  Онда көктемгі дән сіңіру жұмыстары сөз болды. Облыс әкімінің мәліметі бойынша биылғы жылы ақмолалық диқандар 4,6 миллион гектар алқапқа тұқым себу жұмыстарын қолға алған. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,2 миллион гектар алқапқа егіледі. Негізгі азық-түліктік дақыл – жаздық бидай 3,7 миллион гектар жерге себіледі. Бұл өткен жылғы деңгейден 94,5 мың гектарға артық. Майлы дақылдар алқабы 206,7 мың гектарды құрап отыр. Оған қоса, картоп және көкөніс отырғызылып, жемшөп дақылы да егіліп жатыр. Қазіргі кезде диқандар барлық егістік алқаптың жартысынан астамын еңсерген. Науқанға 1 мыңнан астам өнімділігі жоғары тұқым себу кешені мен 17 мың агрегат жұмылдырылып отыр.  
Диқандарға сәттілік тілеген министр егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту, салаға субсидия бөлу мәселесіне де құлақ түрді. Кездесуде бірқатар шаруашылық басшылары оған тікелей сауалдарын қойды. Оның ішінде «Новорыбинский және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айбат Есентұров министрге сүтті мал шаруашылығын дамытуда жемшөп базасын нығайту үшін мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның маңызды екенін айтып, қолдау көрсетуін сұрады. Осы орайда, министр шаруаларға шетелден асыл тұқымды мал сатып әкелмес бұрын ең бірінші жемшөп базасын нығайтып алу қажет екенін атап өтті.
Осы күні Ауыл шаруашылығы министрі Ақкөл қаласында голланд әдiсi бойынша жылына 2200 тонна көкөнiс өсiретiн «EcoProduct» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешенін де өз көзімен көріп, тұралап қалған құрылысты  жандандыру мәселесін министрлік тарапынан қарастыратынына уәдесін берді.
Сонымен қатар, Асқар Мырзахметов өңірге сапары барысында «Молоко Синегорья», «Бижан» және «Ақмола бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Молоко Синегорья» сүт зауыты алдағы уақытта шетелге сүт өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр. Кәсіпорын басшысы Елена Михайлованың айтуына қарағанда, зауыт ультрапастерленген А3/Flex сүтін өндіру бойынша екі бірдей технологиялық желімен жабдықталған.
Жақында зауытта тағы бір  жоғары температурада сүт өңдейтін желі іске қосылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта шведтердің әдісі бойынша қышқыл сүт өнімдерін,  гректердің әдісі бойынша «Стефарт» йогуртын, финдердің әдісі бо-йынша жапсырма қағазын және көлемі 1-2 литрлік шиша құтыдағы өнім шығаратын жаңа желілерді іске қосу жоспарланған.
– Кәсіпорынның қазіргі заманғы озық технологиялық әдісті қолдануы өндіріс көлемін едәуір арттырып, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Өнім негізінен, Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтілуде. Алдағы уақытта Ресей мен Түркімен елдеріне экспортқа шығару көзделіп отыр, – деді өндіріс орнының басшысы.
Ал, «Бижан» және «Ақмола бидай» серіктестіктерінде министр ұн және ет экспортына тоқтала келе, бұл бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған міндеттерді орындау бағытында министрлік тарапынан нақты шаралар қолға алынғанын атап өтті. Жалпы, жаңа министрдің облысымызға бұл жұмыс сапары бірқатар түйінді мәселелерге көңіл бөлінуімен  ерекшеленді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар