Жер кодексінің елді толғандыруы заңды

Құнарлы алқаптар ауыл шаруашылығы саласында үлкен маңызға ие. Жердің мемлекеттік меншікте болуы оны халық пен қоғам  мүддесі үшін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіні анық.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын өндірістің өзге мүліктерімен ауыстыру мүмкін емес. Бірақ, бұл өндіріс күшінің шектеулігін білдірмейді. Алқаптардың көлемін бос жатқан жерлерді игеру, тиімді пайдалану және құнарлылығын арттыру арқылы кеңейтуге болады. Егіншілік саласы тұрғындарды азық-түлік тағамдарымен, мал шаруашылығын азықпен және бірқатар өнеркәсіп саласын шикізатпен қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы егіншілікпен қатар мал шаруашылығын ұтымды жүргізумен тікелей байланысты. Егіншілікпен айналыспай, мықты мал азығы базасын құру мүмкін емес. Мал шаруашылығында егіншілік өнімдері мен сабан тәрізді қалдықтар тиімді пайдаланылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығына бағытталған кең байтақ жерінің әлеуеті толық пайдаланылмай келе жатқаны көптен бері белгілі. Бұны статистика да дәлелдейді. Ел экономикасындағы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі бес пайыздан аспайды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда топырақ құнарлылығы нашарлады. Оның себебін ауыл тұрғындары жақсы біледі.
Ауыл шаруашылығына бағытталған жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі алқаптарды нарық айналымына енгізу үшін бірқатар шара қолданды. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің нормаларына өзгертулер енгізілді. Осыған сәйкес, мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығына бағытталған жер телімдері аукцион арқылы қазақстандық жеке және заңды тұлғаларға сатылатын болды. Осы орайда, жерді кім сатып алады деген сауал туындайды. Бүгінгі таңда елді мекендердегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысын өндіретін шағын шаруа қожалықтары жұмыс істейтіні құпия емес. Олардың қазіргі заманғы техникалар мен тұқым сатып алуға жағдайлары жоқ болса, жерді қалай сатып алады?
Өзім 45 жыл еңбек өтілі бар ауыл шаруашылығының маманымын. Жұмысымды Бурабай ауданындағы Буденный атындағы колхозда бастадым. Алғашында өгіз жегіп, кейін лобогрейкамен, комбайнмен шөп шаптық. Бірнеше жыл егіс бригадасында есепші, колхоздың маманы болып еңбек еттім. Еліміз нарықтық қатынастарға енгендіктен, жерді тауар деп есептеймін. Нарықтық экономиканың заңынан ешқайда кете алмайсың. Алдымен ауыл тұрғындары арасында ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізіп, мамандардың нақты сөзі мен заңды орындау тетіктерін дайындау керек. Олардың жұмысы тәжірибе жүзінде тексерілуі тиіс. Жер сатылғанда оның көп бөлігін жалға беретін ірі жер иелерінің қолында шоғырлануына жол берілмегені жөн. Жер иесі өз жерінде тұрып, жұмыс істеп, қасындағы еңбеккерлердің барлығын білуі керек.
Заңда жердің құнарлылығын сақтау жөнінде ештеңе айтылмаған. Ал бұл қоршаған ортаның экологиясы. Жер сату актісін жасағанда мал өсіруді міндеттеу керек. Бұл егіншілік пен мал шаруашылығының тікелей байланысын және отандық арзан азық-түлік тағамдарының өндірісін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, алқаптарда органикалық тыңайтқыш пайда болады.
Жер кімге сатылатынына назар аударылуы тиіс. Сатып алушының мамандығын, ауыл шаруашылығымен айналысқанын, жұмысының бағытын, қабілеттілігін және ауылда тұрып, жұмыс істейтін ниетін мұқият зерттеу қажет. Ең бастысы, жыл сайын өндірісті дамытып, алқаптар өнімділігін арттыру үшін жерді мақсатты әрі тиімді пайдалануға мемлекеттік қатаң бақылау орнату керек.
Александр МЕЛЬНИК,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар