Соңғы уақытта жер мәселесіне қатысты ой-пікірлерде толас жоқ. Қайда барсаң да, жер төңірегіндегі әңгіме қызу талқыға салынып, жер реформасын біреулер дұрыс деп жатса, енді біреулері бұрыс жағын дәлелдеп бағуда.
Өз басым осы салада табысты еңбек етіп жүргендіктен, мұны түсіністікпен қабылдаймын. Жердің иесі болғаны дұрыс. Бірақ жұмыс істеймін деген диқанға жердің жекеменшікке, я болмаса жалға алғаны еш кедергі бола алмайды. Оны осы күні өңіріміздегі іргелі шаруашылықтардың қам-қарекетінен анық байқауға болады. Дегенмен, жер реформасын жөнге келтіру қажет деген тақырыпты қозғау маңызды. Өйткені, бұл мәселе бойынша соңғы жылдары жайылымдық жерлердің өзі өзекті мәселеге айналып, мал ұстайтын көптеген шаруа-лар қиындық көріп келе жатыр.
Сондықтан, мал бағатын ауылдар үшін бұл проблеманы терең зерделеу керек. Өйткені, жерді сатсақ, ертең жеке қораларында мал ұстайтын ауыл тұрғындарына қиын соғуы мүмкін. Халық та жер жеке меншікке берілсе мал бағатын жер қалмай қала ма деп алаңдауда. Ал, егін шаруашылығына келсек, соның ішінде бірқатар жылдар бойы өңделіп жатқан жерлерді сатуға болады деп есептеймін. Ең бастысы, осы мәселеге байланысты құрылып, жұмыс істеп жатқан комиссия мүшелері жердің игерілуін тексеруге де жіті назар аударуы қажет.
Әрине, тексерудің өзектілігі де бар. Мәселен, егіншілікпен айналыспайтын, құр алып алған жерлер елімізде жоқ емес. Ол жерлер тозып жатыр. Сондықтан, не өзі екпейтін, не елге бермейтін жерді қайтару керек. Айналысатын адамдарға беріп, оны ары қарай игеру ләзім. Егін егуге алып, бірақ айналыспаса, ондайларға шектеулер қойылғаны дұрыс. Сонда ғана жер қадірін білетін өз қожайынын табар еді.
Бізде осы тұрғыдан алғанда жерді барынша ұтымды пайдалануға тырысудамыз. Өзім басшылық жасайтын «Зеренді Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 32 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын себуді көздеп, көктемгі егіс жұмыстарын өрістете түсуде. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, агротехникалық шараларды уақытында әрі сапалы атқарған серіктестік диқандары қоңыр күзде мол өнім алды. Биыл көктемгі дала жұмыстары да ойдағыдай аяқталмақ. Оған әрине, ауа райы біраз мүмкіндік беріп отыр. Шаруашылық алқаптарында бітік өскен егін мен қырманның басындағы үйіліп жатқан астықты қай шаруа армандамайды дейсіз. Бірақ, соған жету үшін ерінбей еңбек етіп, маңдай терді төгу керек. Мұндай пейілді біздің серіктестік еңбеккерлерінің қарекетінен анық байқауға болады. Бүгінгі күнге дейін егістігіміздің 20 мың гектарынан астамына бидай тұқымы егілді. Күннің ашық сәтін тиімді пайдалануға ұмтылған серіктестіктің егістік алқаптарында 13 егіс кешені қауырт жұмыс істеп жатыр.
Сондықтан, дәл қазіргі кезде нағыз диқан жер реформасынан гөрі көктемгі дән сіңіру жұмыстарына бірінші кезекте көңіл аударуда. Ал, жер реформасына қатысты мәселеге Елбасымыз жариялаған мораторий
нүктесін қойғандай.
Ерлан ЖАРОВ,
«Зеренді Астық» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры.
Зеренді ауданы.