Құрылыстың жайына назар аударды

Өткен сейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Шортанды және Ақкөл аудандарында болып, жаңадан салынып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты және қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, оларды уақытында аяқтау міндетін жүктеді.

Аймақ басшысы алдымен Шортанды кентінің іргесінде салынып жатқан құс фабрикасының құрылысына назар аударды. Аталған жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Белая Лилия» ЖШС жүзеге асыруда. Құс фабрикасының құны 73,9 миллион теңге. Мұнда жылына 60 тонна қаз еті өндірілетін болады.
– Осы күні қажетті коммуникация жүйесі тартылып, құс қорасы,  әкімшілік-тұрмыстық кешен, қасапхана мен өңдеу цехы салынды. Кәсіпорынды 2016 жылдың шілдесінде іске қосу жоспарланып отыр. Өнім негізінен, облыстың өзге аудандары мен Астана қаласына жеткізілетін болады, – деді Дияр Махпиров. Осы орайда, облыс әкімі Астана қаласы мен оған іргелес елді мекендерді сапалы құс етімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жобаның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, нысанды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.
Бүгінгі таңда Шортанды кентінде жобалық құны 345,3 миллион теңгені құрайтын бассейннің құрылысы да жүргізілуде. Оны «Таир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Нысанның аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрап отыр.  Қазіргі кезде нысанның металл қаңқасы құрастырылып, ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан кейін облыс әкімі №1 Ақкөл балалар үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен таныс-
ты. Өткен жылы қалпына келтіріле бастаған балалар үйін биылғы жылдың тамыз айында тапсыру көзделген. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 800 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Осы орайда, облыс әкімі мердігерлер мен аудан басшылығына жөндеу жұмыстары барысында орын алған кейбір олқылықтарды тез арада жоюды тапсырды. Сондай-ақ, ғимараттың ауласында қолға алынып жатқан футбол, хоккей және жаттығу алаңдарының құрылысына көңіл бөлді. Әсіресе, абаттандыру жұмыстарына ерекше тоқтала келе, облыс әкімі Сергей
Кулагин облыстағы өзге де балалар үйіне кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстары жүргізілетініне тоқталды. Осы күні аймақ басшысы Ақкөлдегі  жаңадан салынып жатқан жүзу бассейні мен «Офицерлер қалашығы» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында да болды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша салынып жатқан кешенде 5 қабатты төрт үйдің қабырғасы тұрғызылып, шатыры жабылған. Оның екеуі қатардағы сарбаздар мен сержанттарға арналған 120 орындық жатақхана, қалған екеуі офицерлерге арналған 60 және 70 пәтерлі тұрғын үйлер. Құрылыс жұмыстарын 2017 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, мұнда балалар алаңы, 108 көлікке арналған гараж және қазандық салу қарастырылған. Оны мердігер компания «Астана Строй
Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып отыр. Сапар соңында облыс әкімі салынып жатқан құрылыс нысандарындағы жұмыстарды ширатып, белгіленген мерзімінен кешіктірмей  аяқтауды тапсырды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Шортанды, Ақкөл аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар