Жылуын жүрегінің аямаған

Құт қонып, қыдыр дарыған бір әулеттің үлкен анасы Күлпәш Қасымқызы сексеннің сеңгіріне шықты.Оның тәрбиесінің тереңдігі сондай, кішкентай күнімізден берген тағылым-тәрбиесі есімізде.

  Гурьев педагогикалық институтының математика факультетін бітіріп жас мұғалім болып келді. Үш-төрт жылдан кейін үлкен нағашымызға тұрмысқа шығып, біздің үлкен шаңырақтың от анасы атанды. Нағашымыз Нұрғазы Есімов Бурабай өңіріне өте танымал – соғыс ардагері, құрметті ұстаз, үздік басшылардың бірі еді.  Отбасының жылуын, шаңырақтың шырайын тәтеміз келтірді. Қуанышы мен қайғысы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін өмірде бар туыстарға ақылшы, балаларына тірек бола білді. Адал қазы болды, ағайын әрқашан разы болды. Тәтеміздің халықтық педагогикасының жемісі: тәрбиелеген сегіз баласы, шуағына бөленген біз – жиендері. Бір қиын қыстау кезеңде: жолдасының қарындасының баласы, жиені: «Сәбитті өз балам Мұратханнан артық көрмесем, кем көрмеймін»,– деген екен. Сонда бауырлары әбден қайын жұртқа беріліп кеткен екен деп ренжігені бар. Бұл сөздің мағынасын үй болған соң ұғындық, өз жұртың мен қайын жұртыңды бірдей көру, оларды бірінен-бірін айырмау керек екенін, жолдасыңа бақыт әкелем деп тұрмысқа шығып бар ағайын мен бауыр боп кету керек екенін білдік. Бұл сөздің астарында қандай бауырмалдық, сүйіспеншілік, қамқорлық жатыр. Шешеміз өмірден ерте озып, осы нағашыларымыз бізге қамқор бола білді. Өзі, балалары да, біз де еңбектерін ақтауға тырыстық. Бүгінде жоғары білімді азаматтар әр салада қызмет істеп жүр. Олардың арасында дәрігерлер, офицерлер, мұғалімдер, ғылым кандидаттары т.б. саланың қызметкерлері бар. Өзі математика пәнінен басқа қыз балаларды іске үйрететін, мейрам күндеріне қарсы концерттік бағдарламаларды жоспарлайтын, талантты балаларға қойылымдар қойғызатын. Адал да  ардақты жан, саналы тәрбие мен сапалы білім беруден жалықпады. Өзінен білім алған шәкірттері, одан қала бере, қаншама қызметке келген жас буын мұғалімдер алғыспен еске алады. Көп жылғы педагогикалық қызметі бағаланып, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «КСРО оқу ағарту ісінің үздігі» белгілерімен қатар оның басқа да
марапаттары жетерлік.
Елін сүйген елімнің тыңдар үнін,
Ел де оның бағалар шын дарынын.
Абыз дала алтынмен атын жазар,
Адал туған азамат ұлдарының, –
деген Күләш Ахметованың өлең жолдары тәтемізге арналғандай. Жапырағын жайған мәуелі бәйтерек әжеміз, қадірменді ана немере-шөберелерінің, жиендерінің қызығын көріп, бақытты өмір сүріп,  жүрегінің жылуын аямай шашуда. Тіршіліктің тұтқасы, өміріміздің шырағы анамызға зор денсаулық тілейміз, мейірімді жүзіңізді ешқашан мұң шалмасын.

Сәуле  БЕКМАҒАНБЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар