Дина Жоламан – әлем чемпионы!

Астанада әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында  жерлесіміз Дина Жоламан топ жарды.

Ол 54 келі салмақ дәрежесіндегі ақтық сында болгариялық боксшы Стойка Петрованы айқын басымдылықпен жеңді. Төрт раундқа созылған жекпе-жек өте тартысты өтіп, нәтижесінде төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді.
Аламан додада мерейімізді өсіріп отырған Дина қызымыз біздің Ақмола облысы Жақсы өңірінің тумасы. Жақсыдағы барлық талаптарға сай келетін еңселі Спорт сарайы талай ұл-қыздардың арманына қанат бітіріп, спортқа бастап әкелгені белгілі. Бұған дейін осы елдің тумасы Нұрдәулет Жарманов та Қазақстан құрама командасына қабылданып, шаршы алаңда жасындай жарқырап жүрсе, енді міне, биыл Қазақстан чемпионы атанған Дина
Жоламан да бапкерлер мен жанкүйерлер сенімін ақтап, өз салмақ дәрежесінде әйелдер арасынан өзіне тең келер боксшы жоқ екенін дәлелдеп отыр.
Жартылай финалда қытайлық Пьяопьяо Льюді айқын басымдылықпен ұтқан жерлесіміздің ақтық бәсекедегі жеңісінен кейін онымен телефон арқылы облыс әкімі Сергей Кулагин сөйлесіп, алғашқылардың бірі болып  әлем чемпионы атануымен құттықтады. 1999 жылдан бері ақмолалық спортшылар әлем біріншіліктерінде Олимпиадалық спорт түрлері бойынша бірде-бір алтын медальді қанжығаларына байлай алмапты. Ендеше, жерлестеріңді көл-көсір қуанышқа бөлеп жатқан мына үлкен жеңісің құтты болсын дейміз, Ақмоланың айбарлы қызы Дина Жоламан!  Алда да осы бетіңнен таймай, талай жеңісті биіктерге көтеріле беруіңе жазсын!
Суретте: Дина Жоламан көк киімде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар