Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сағы сынбаған Сағадат - АРҚА АЖАРЫ

Сағы сынбаған Сағадат

Әрбір отбасын Қазақстан деген ұлы шаңырақтың бір-бір уығы деп атап жүрміз ғой. Ендеше, сол адамдардың өмірінде болған тарихи оқиғаларды ұмытпай, кейінгі ұрпақтың есіне салып  отыру бүгінгілердің парызы болса керек. Менің әкемнің анасы Мәрия бір кездегі бүгінгі Аршалы ауданына қарасты өңірдің тумасы боп келеді.

Ертеде Ерейментау ауданының құрамында болған Сарыоба, Танакөл, Жақыпкөл, Қойкелді, тағы бірқатар елді мекендер кейін  жаңадан құрылған осы ауданға берілген-ді. «Ақмола облысы» энциклопедиясына көз жүгіртсек, Целиноград  ауданы құрылған кезде сол Ерейменнен тағы да 22 елді мекен осы ауданның еншісіне өткенін аңғарамыз. Әжеміздің әкесі Әділ деген кісі ақ патша заманында-ақ Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтесе керек. Қанжығалының Қылшар атасынан тарайтын әжеміз Мәрия сөзге жүйрік, ақынжанды,  шежірені мейлінше жетік білетінін біз бала кезімізден көріп өстік. Оның үстіне жас күнінен намазға жығылғасын бес парызын мүлтіксіз орындайтын.
Әжеміздің жалғыз туған ағасы Құдабайдан 3 қыз, бір ұл болыпты. Мен солардың ішінде көп мехнат көрген, аумалы-төкпелі кезеңде «халық жауының» жұбайы атанған Сағадат Құдабайқызы туралы айтуды өзіме парыз санадым. «Туған елім өзіме түрме болды» деп қатты кейіген біздің Ереймен елінің бір асылы еді ол кісі. Сағадат Алматыда оқып жүріп, теріскейдегі Қызылжардан келген Қайсар есімді жігітке тұрмысқа шыққан. Иә, ол Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитовтың нақ өзі. Бозбала кезінде әкем Сәлкен нағашы әжесімен көңілдері жарасқан осы  жастардың шақыруымен ақбас Алатаудың етегіне жайғасқан  Алматыға барады. Бұл шамасы, 1935 жылдың тұсы болса керек. Шат-шадыман өмірді, әсіресе, басы қырауланған тауларды көрген әкемнің бала көңіліне Қайсар ағамыздың сөзі де ерекше қанат бітіріпті:
– Оқуыңды жақсы оқы. Сені алда осы қала тосып тұр. Соны есіңде ұста!.. Қиялы құстай самғаған жас өреннің қуанышы бірақ ұзаққа бармады. Себебі, оның алдынан «Оқу түгіл, бас қайғы болған» заман кесе-көлденеңдеді.
Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин ұсталған жылдары, яғни, отыз жетінің қоңыр күзінде Қайсар Тәштитовке де НКВД-ның кеудемсоқ  қызметкерлері келіп, үйінің астан-кестеңін шығарады. «Шаш ал десе, бас алатындар» еңіреген жасқа да, кәріге де қарамапты. Апамыз Сағадат Құдабайқызына оның күйеуі Қайсар Тәштитовтың жақыны, әрі жерлесі боп келетін қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов әдейі жолығып: «Тез арада еліңе қайт, әйтпесе, сені де ұстайды» деп хабар береді. Тағы бір жақын араласқан кісісі  Күләш Байсейітова болған. Арғынның ағайынды Қанжығалы–Тобықтыдан тарайтын ұрпақтары бір-біріне осылай қиын-қыстауда да сүйеу бола білген. Күләш апамыз Қайсар жездеміздің 1938 жылдың 17 наурызында атылғанын анық біліп, Сағадатқа Алматыдан дереу кетуін ескерткенімен, із суытпай келген үндеместер бейкүнә жанды  Алматының абақтысына апарып қамап үлгереді. Одан бұрын  бір айдың ішінде оны  жалған айыппен комсомол қатарынан, соңын ала «Социалистік Қазақстан» редакциясындағы жұмысынан шығарады. Ол кезде жоғарыдан түскен нұсқауға кімнің шамасы келсін?!.
Сағадатты Алматыдағы тар қапаста  3 ай бойы тарықтырған қанішер жүйе өкілдері оны этаппен әуелі Семей, кейін Новосібір, Красноярск қалаларының түрмелерінде  ұстайды. Жасы 25-тен жаңа асқан, басына түскен тағдыр тауқыметін  көп көрген жан сонда да  өзінің сүйікті жары, халқымыздың біртуар азаматы  Қайсар Тәштитовке нақақтан тағылған айыптардың бірде-біреуін мойындамайды. Етінен ет кесіп алса да қыңқ етпейтін жаны сірі адам сондай-ақ болар. Қайсар атына заты сай білімді азамат болғанын біздің үйдің үлкендері де жиі айтып отыратын. Тілге жүйрік, іске мығым оны мәскеулік басшылар да үнемі құптап отырған. Тіпті, өздеріне жұмысқа алуға да кет әрі болмапты.
Ақмоланың 26-шы нүктесі аталған «АЛЖИР»  лагерінде Сағадат Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзизамен, Бейімбет Майлиннің  Күнжамалымен, Темірбек Жүргеновтың  Дәмешімен, Нұрмақов, Асфандияров пен Қожановтың, сондай-ақ, Кеңес Одағының маршалдары Егоров, Гамарник пен Тухачевскийдің жұбайларымен, өзге де  апа-сіңлілерімен бірге 11 жыл бойы ауыр азапты күндерді басынан кешірді. Ресейдің халық әншісі Лидия Русланова да осы лагерьдің дәмін татты. Оған: «Жұртқа айтқан әніңді бізге де шырқап бер» дегендер кездескен. Бірақ, сөзге тапқыр өнерпаз: «Торда ән салған бұлбұлды кім көріпті?» деп беттерін қайтарып тастаған. Сол асқан өнері шығар, соғыс кезінде Берия оны тар қапастан амалсыз босатып, кеңес  әскерінің жігерін көтеруге әнші-бишілер тобымен майдан даласына аттандырады. Жалпы, Кавказ, Украина, Мәскеу, Прибалтика елдерінен әкелінген 70-ке жуық ұлт өкілдері көппен бірге НКВД-ның ерекше кеңесімен кесілген жазаларын толығымен өтеді. Жалаңаш көлінің қоға, қамысын  қыста отын орнына жағатын. Себебі, жазық далада одан басқа ештеңе өспейтін. Бұл қаралы кезеңнің «жазықты» болғандардың туыс-жақындарына да аз бейнет әкелмегені белгілі. Сағадат апамыздың әкесі Құдабай Әділұлының Ақмоладағы жүріс-тұрысы, жалпы тіршілігі, қарым-қатынас жасайтын жақын-жуықтары алдымен қарауылға енді.
Біздің үй де үнемі  «сезіктілер» қатарында жүрді.
– Біреумен сыр бөлісу, жақын тартып әңгімелесу деген мүлдем салттан шығып қалды, – дейтін еді әжеміз Мәрия өткен шақты өкінішпен еске алғанда. – Сылаңдап өскен, табиғатынан сұлу Сағадат абақтыдан 1948 жылға таман ақталып шықты. Құр сүлдері қалған бауырымды құшақтап жылағаным, өлгенім  тіріліп келгендей күй кешкенім өмірі ұмытылмас, сірә. «АЛЖИР»   тұтқындары бостандыққа шығарылса да, толық ақталған жоқ.  Заңды қонысы Алматы қаласы болғанымен, оған жақындауға сол кездері-ақ қатаң тыйым салынды. Сол себепті, апай біраз жыл Ақмолада тұрып қалады. Тек 50-ші жылдардың екінші жартысында ғана Қайсар Тәштитов толық ақталған соң, республика Бас прокуратурасынан арнайы қағаз келіп,  Алматыға қайра қоныс аударуға мүмкіндік алады. 1991 жылы еліміз егемендік алған кезде журналист-жазушы, марқұм Армиял Тасымбековке берген сұхбатында:
– Балам, шындықты жазыңдар, ұрпақ білетін болсын. Бұл менің өтірігім емес, көзім тірі кезінде айтқым келген шындығым, – деп қайта-қайта айта беріпті. Сол  1937-нің қасіреті тарихта қара әріппен жазылған, шын мәнінде ұмытуға болмайтын жантүршігерлік оқиғаларға толы болғаны ақиқат. Сол Армиялдың кітабында  «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінің» бір кездегі бастығы М.Юзипенко Сағадат апамызды Алматыға іздеп барып: «… Маған абақтыда көп қиянат жасадың» деген айып тағып жатыр.  Тергеушілердің алдында ақтайтындай қолхат жазып беруіңізді өтінемін» деп жалынғаны да ашық жазылыпты. 8 мыңнан аса адам жан қамалған лагерьде  жоғарыдан түсетін арнайы тапсырмаларды жағымпаздықпен  асыра орындайтын қатыгез, білімі мен көргені таяз дүмше әскерилер аз болмаған. Керісінше, жалған жаламен көрмегенді көріп жүргендерге жаны ашитындар да кездесіп тұрған.   «АЛЖИР» лагерінде әйелдер қара жұмыспен қатар, жаңадан ашылған фабрикада әскери киім тігуді үйренеді. Мысалы, 3,5 мың тігіншісі бар фабрика 1942 жылы 1 миллиард рубль таза пайда түсірген. Өз еріктерімен  Германиямен басталған соғысқа сұранғандардың ішінде біздің нағашы апамыз Сағадат та болған екен.  Дегенмен, Сталин «халық жауларының» жұбайларына мұндай сенім көрсетпеді. Бір айтатын жай, сол әйелдер қазақтың кең жазира даласында ауыр жұмыстар істесе де, лагерьден  қашуды мүлдем ойламапты. Мұнысы  тірі жүрген жақындарына көлеңке түспесін дегендері екен. Ақыры, бұл дала түрмесі Сталин өлген 1953 жылы біржолата жабылып тынады. 1989 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бас директоры, Социалистік Еңбек Ері И.И.Шарфтың арнайы шақыруымен Сағадат Құдабайқызы Тәштитова Малиновкада өткен көзі тірі «АЛЖИР» тұтқындарының кездесуіне қатысады. Сол жолы жасы сексенге таяған 20 кісінің жолақысын, тұрағы мен тамағын  кәсіпорын басшысы өзі мойнына алды. Бұл олардың соңғы басқосуы болды. Бірақ, сол жолы олар тіршілікте көрген мехнаттарын біржолата кино таспасында сөйлетіп кетті.  Осы айтулы оқиғаға орай, И.И.Шарфтың  жан-жағы түрменің үшкір сымдарымен оралған «Жарылған қызыл жұлдыз» ескерткішін қойып, «Саяси тұтқындар аллеясының» тұсаукесерін жасағаны Одақ басшылары арасында  аз дүрбелең туғызған жоқ. Әлі әмірі жүріп тұрған Кеңес дәуірінде тайсалмай өткізілген бұл шара  шынайы ерліктің үлгісіндей бүгінгі таңда да біздің ойымызға жиі оралады. Шарфтың сол үшін тиісті органдарға түсініктеме беруге Алматыға бірнеше рет шақырылғанын  көпшілік әлі ұмытқан жоқ шығар.
Егемен ел болғанымызды көріп,  сол қуанышты халқымызбен бірге басынан өткерген  Сағадат Құдабайқызы Тәштитова бүгінде арамызда жоқ. Оның өз сүйген жарына  деген адалдығы, заман тезіне салса да  сынбаған өршіл мінезі, қайтпас  рухы өскелең  ұрпақ үшін мәңгі өшпес өнеге деп білемін. Бұл мақала арқылы мен Ереймен елінен әйгілі ер азаматтармен бірге, Сағадаттай өжет қыздарымыздың да көптеп шыққанын ел  есіне салғым келді. Өткенді ұмытпау үшін осы  ардақтыларымыздың есімін бір  көшеге   берсе де,  ешқандай артықшылығы болмас еді.
2007 жылы Целиноград ауданының орталығы Ақмолда салынған «АЛЖИР» мұражайына содан бері алыс-жақын шетелдерден келіп жататын адамдар қарасы  көбейген үстіне көбейе түсуде.  Үлкендер мен кішілердің асыл аналар рухына тағзым етуі берік дәстүрге айналған.
Бүгінгі алаңсыз мамыражай тұрмыстың қадірін кейінгі ұрпаққа жете түсіндіру – басты міндетіміз. Біздің халқымыздың тар жол, тайғақ кешу жолдары  әрбір ұлтжанды азаматтың санасында әлі де болса жаңғырып тұрса екен деймін.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар