Жалғыздықтың бір жылы

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Парламент Сенатының депутаты.

Өмір жалған болар бәлкім?! Әйтпесе… адам баласы өлер болар ма?! Дүниеге шыр етіп келген сәтіңнен бастап жарық дүниеге… жарық күнге ұмтыласың да, сол жарық дүние мен жарық әлемге  жеттім-ау деген шағыңда алдыңнан  ажал тұрады тосып. Тәңірдің жаратылысы да осы, ақиқаты да осы! Азды-көпті ғұмырыңның мәңгілігін сезіне де алмай, артыңа бір қарайлатпай кете барар дүние жалғанның соңынан күрсініп қала берер өмірің бар тағы да. Сол өмір жалғаса береді… Туар да батар күнмен бірге жалғасып жатар дүние тіршілігіне жазылған бір мәңгілік бар. Ол мәңгілік тағы да өмір!
Міне, біз де сол жалған да болса жалғасты өмірдің мәңгілік күйін шертіп, күнін кешудеміз. Біз де өмірміз, біз де тіршілікпіз! Сол өмір тіршіліктің күні бүгінге шейін санамнан кетпей жүрген бір жайын баяндауға бел будым. Күрсінсем де, кейінгілерге ғибраты мол сол жайды өз ағам, марқұм Орынбасар
Шәймерденұлы Назаровтың өз аузынан естіп едім.
 Бір-бірімен қатар жүріп әдемі өмір сүрген ағам Орынбасар Шәймерденұлы мен жеңешем Базарайым Сембайқызы Назаровтардың бар саналы ғұмырлары ғибратқа толы және де әркімге өнеге боларлық еді. Бұл менің ғана түйгенім емес. Бұл – тұтас елдің тұжырымы. Жарықтық Орекең мен Базарайым десе ішкен астарын жерге қоятын адал жанды адамдар қаншама еді?! Адам баласына деген адалдықтары мен жанашырлықтарымен, өмірге деген даналық көзқарастарымен, сол өмірді әдемі де, мағыналы етіп өткізуге деген құштарлықтарымен, бәрін дос, бәрін бауыр деп таныған таза көңілдерімен де бірінен соң бірі, араларына жыл ғана салып, дүниеден озды сол бір жандар.  
Орынбасар ағамның өмірі тұтас бір өнеге мен ұлағатқа толы болды. Әрбір жақсы іске бастамашыл болып жүретін. 1993 жылдың шілде айының үші күні Қарағаш ауылында Орынбасар ағам өз әкесі Шәймерден Назарұлы Жаңабатыртегінің туғанына 100 жыл толу құрметіне арнап ас берді. Бұл сол кезде Көкшетау өңірінде ата-баба аруағына ас берудің тұңғышы, бастауы болатын. Сол тұста ел бір жасап қалып еді. Сонан соң қиыр жайлап, шетте жүрген барлық қарағаштықтарды тізімдеп, хабар салып, Қарағаш топырағында туған ұл-қыздарының басын қосып, 1996 жылдың 16 қарашасында өз еліміздің дүниеден озғандарына құран оқытып, тірілеріне қадір-құрмет жасатты да, сол тұста шетте жүрген біздің де өз туған еліміздің алдындағы перзенттік бір парызымызды орындағандай жүзіміз бір жарқылдап қалған еді. Тағы да сонан соң туған ауылымызға барар жолымыз да даңғыл болсын деп бәрімізді Қарағашқа апарар жиырма шақырымдық жолдың да ой-шұқырын тегістеп, жапқызамын деп жанын жеп, әр төренің есігін ашып, алдына барып, тағы да бір іс тындырып еді.
Дүние шіркін! Сағыныш енді бәрі де. Алыс-тап бара жатқан кешегі дүниенің елесімен ғана алданасың. Соған алданасың да, көз алдыңа елес-тер сол өтпелі дүние  шіркіннің кешегісі бір сәтке болса да қылаң беріп көрінер ме екен деген алаң көңіліммен Көкшеме… Көкшетау жаққа көз тігемін. Өйткені, кешегі өмір керуенінің күн сайын, тіпті сәт сайын алыстап бара жатқан дүние әлемінің арасынан көзге көрінер кімдер бар екен, кімдер қалды екен деп елегізіп, алаңдайсың. Сол сәтте… Орынбасар ағам мен Базарайым жеңешемнің ақ дастарханының басында отырып алып жарасымды бір  сәндерімен қосыла ән салар Серікбай мен Күләш Қализатовтар, қолындағы домбырасын қағып-қағып салып «Ақсаусақты» асқақтата шырқар Құрмет Ысқақов, өзіне тән жұмсақ та биязы бүр үнмен небір әуезді әндерді сызылтар Руслан Өмірәлин үндері қайра бір жаңғырар еді санамда. Олар да… сол мәңгіліктің күйін шертіп, мәңгіліктің әнін айтып мәңгілік дүниеден үн қатады енді. Жатқан жерлеріңіз жарық болғырлар, мына өмірдің әні мен сәні едіңіздер-ау әрқайсыларыңыз! Сол сәтте… менің ағам мен жеңешем пір тұтып өткен Күлшекер апамыз аман ба екен?! Бір-бірімен жандарының асыл қазынасындай сыйласқан Қазима апайым есен-сау ма екен?! Өмірлеріне де, төрлеріне де сән берген Жібек апам мен Бұрхан жездеміз қалай екен?! Топтың арасынан көрінбей жүр ғой, бір-бірімен жарасып, қатар жүрген Өмірбек ағам мен Рауза тәтеміз қайда екен?,–деген көңіл түпкірінде әлдебір
ойлар жанымды сауалдың астына алары бар.
Олар әдемі өмір сүрді. Олар деп менің ағам мен жеңешемнің төңірегіне топтаса білген сыйлас жандарды айтып отырмын. Менің ағам мен жеңешем ешкімді алаламайтын, олар бәрін де дос, бәрін де туыс, бауыр санайтын. Айналасындағылардың бәріне де жандары ашып, жүректері ауырып, қолдарынан келгенше жәрдемдесуге әзір тұратын. Ағайын туыстың да, дос-жарандарының да бастарын қоса білді. Күнбе-күнгі күйкі тіршіліктің күйбеңі мен күңкілін жиып қойып, олар өз өмірлерінің әр сәтін сылтауратып бас қосатын, біріне-бірі көңіл дастархандарын жаятын, бір самауыр шайларын бірге ішуге асығатын. Олар ешбір жалықпастан  өз өмірлерінің әр күнін әдемі бір той қылып өткізуге аса құштар болды. Енді ойлап отырсам, олар үшін өмір дегеніңіз адам баласына бір-бірімен сыйласып, бір қыдырып, қонақтап барып қайтуға ғана  берілген тәңірдің сыйы болған  екен-ау!  Соны түсінген екен. Түсінген екен де бір-бірлеріне деген көңіл есіктерін ашып қойып, күн сайын жиын, күн сайын той, күн сайын бас қосудан-ақ қолдары бір босамайтын-ды. Менің жеңешемнің бастаңғылас сыйлас та сырластары  Жібек, Күлшекер, Рауза, Қазима, Қымбат, Сәлима, Күләш, Тілеужан, Күлзипа, Райхан, Сара, Тиыштық, Бану, Шәрия, Іңкәр, Торғын, Ғалия, Үмітжан, Күлназия сынды осы бір аяулы жандардың жан тазалықтарымен өмір таза, өмір сәнді де салтанатты, өмір әдемі болған екен-ау өзі! Бір-бірлеріңізбен сыйласа білген, сыйласып жүрген сіздерге Тәңірдің сыйы жазсын!
Әуелі, сызығы таусылған күні дүниеден Базарайым жеңешем озды. Күңіреніп қалған дүние кеңдігінің тарылғанын сезген де, соның күйігін де тартқан бір жан болса ол – жеңешемнің соңында қалған менің ағам еді.
– Мен не қылайын енді?! Базарайым қайтыс болғалы осы Көкшетаудың халқы менімен бірге күйзеледі. Бәріне де ризамын! Үйлеріне шақырып, алдыма астарын қояды, көңілімді аулайды. Бір бос күнім жоқ. Шақырған үйдің дастарханының басында бұрынғыдай көңілді отыруға тырысамын. Сол бұрынғыдай әңгіме айтамын, жадырап күлген боламын, – деп жанары жасаураған ағамның жүзіне қарауға жүрегім дауаламады сол сәтте.
 – Мен не істеймін енді?! Біреу мені көңілін көтерсін, қайғысын ұмытсын деп сыйлап шақырады ғой! Сол сыйлап шақырған үйдің шаңырағында мен қалай күрсініп, күңіреніп, тұнжырап отыруым керек?! Алайда, мен қан  жылап отырамын, жаным мен жүрегім күйзеліп жатады сол сәтте.
Ағам осыны айтты да тағы бір ауыр күрсініп, ұзақ бір оймен отырып қалды. Ойын бұзғым келмеді. Бәлкім жан дүниесінің астан-кестеңін шығарып жүрек түкпірінде жатқан  ойлы сырын жинақтап отырған да болар. Әрине, бар ойын да, бар санасын да  билеп алған Базарайым жеңешемнің бейне елесімен сырласады. Ұмыта алмайды. Ұмыта алмасы да анық! Өйткені, жеңешем ағам үшін өмір еді!  Ағам тағы да сөйлеп
кетті.
– Қонақтан шығып, қаңырап бос тұрған төрт бөлмелі үйіме қарай келе жатқандағы менің күйімді бастарыңа бермесін. Тас үйдің темір есігін ашамын да, дәліздің шамын жаққаннан кейін, ауыр күрсінемін де, бір үйде бір өзім жалғыз түнеп шығамын. Айналам меңіреу өлі тыныштық. Бәрі де тым-тырыс. Базарайымның тынысын сезгендей боламын. Егілемін! Күрсінемін! Кей-кейде сабама түсемін де, «қой әйелі өлген еркек жалғыз мен ғана ма едім?» деп өзімді-өзім қайрағым да келеді. Айналаға үңіле қараймын, сол қараған сайын бәрібір де ешкім де, ешнәрсе де Базарайымның орнын толтыра алмайтындығын сәт сайын ұғына түсемін.
 Жаны жабырқап отырған асыл  ағамның мына күйіне  жұбаныш айтудың өзі әбестік болар еді. Үнсіз тыңдаймын. Жүрегінің қинала соғып тұрғанын да сезгендей боламын. Қолдан келер қайран бар ма?!
– Сендер жандарыңда жүрген жарларыңды сыйлаңдар, солардың қадірін біліңдер!,–деген ағаның сол бір айтқан өсиет сөзі күні бүгінге шейін жалпы адам баласына айтып кеткен аманатындай сезілері бар. –Мен енді Базарайым жеңгеңнің жылдық асын өткізіп беріп кетсем, соған жетсем деп қана тірі жүрген жанмын. Арғы жағын көре жатарсыңдар!..
  Ағамның бұл сөзіне де еш уәж, болмаса еш бір жұбату айтпадым. Ендігі арада жан ағамның өз сыңарынсыз, Базарайым жеңгемсіз жалғыз өзі өмір сүре алмайтындығын да сезген едім. Ағам мен жеңешемнің арасындағы бір-бірлеріне деген киелі махаббаттары мен сүйіспеншіліктерінің ешқашан үзілмейтін бір құдіретті күші болатын. Сол құдіретті күштің мәңгілік үзілетін тұсы да жақындап қалғандай… Жүрек соны сезеді. Көп ұзамай Орекең ағам жүрек кеселімен  ауруханаға жатты.
Иә, сонан кейін!.. Сонан кейін тағы да, нақтырақ айтар болсақ, 2007 жылы Қарағаш ауылының ірге-тасы қаланғанына сексен жыл толады деп сырқат дендеген жүрегін қолына алып, ағам Орекең тағы да мазасыз күй кешті. Сол тұста 2006 жылдың 28 маусымында дүниеден озып, 30-шы маусымда қара жерге жанбасы тиген жан жары Базарайым Сембайқызының қазасына қаншалықты күйзеліп, қабырғасы қайысып, жан-жүрегі езіліп те, егіліп те қайғыда жүрсе де, өзінің туған ауылы Қарағаштың тарихының мұражайын жасаймын, тойын тамашалап өткіземін деп  бір жыл бойы ұйқы да, күлкі де көрмей, өз жанын  өзі жеді. Ешкімнің өзіне де, сөзіне де қарамастан, әр үйден көне де ескі суреттерді жинатып, дүниеден баяғыда-ақ озған, есімдері ұмыт бола бастаған сол жандардың сол суреттерін қайра жасатып, аты-жөндерін жазғызып, үлкен бір тақталар жасатып, әзір бола бастағандарын мектеп дәлізіне ілгізіп жүрді. Сонан кейін аурухана төсегіне таңылып жатса да, Орынбасар ағам  сол суреттерді, әлдебір тізімдерді, той өткізу жоспарын аурухана төсегінің жастығының астына салып қойып, Қарағаштың тойын өткізу жайын ойлаумен болды. Жүрегіне түскен салмаққа да қарамады.
Иә, сонан кейін!.. 2007 жылдың 28 маусымы күні аяулы жеңгем Базарайым Сембайқызының жылын өткіздік.  Ас берілуге бірер сағат қалғанда ағамызды ауруханадан  алып шықтық. Тура ас берілетін «Көкшетау» мейрамханасына келді. Кең залға қарасы үш жүздей адамға жайылған, жасаулы тұрған  әр үстелді  аралап,  өзі қарап, тексеріп шыққандай болды. Ас үйдегі дайын тұрған асты да көрді. Ағамның көңілі толды-ау деймін, ауыр бір күрсінді де:
– Осы жолы мына шаруаларыңа араласқан жоқ едім. Өздеріңді, балаларымды сынап бір көрейін деген ойым болды.  Ертең мен өлсем,  мені де дұрыстап жөнелте алады екенсіңдер. Соған көзім анық жетті. Енді ешбір алаңсыз өле де беруіме болады екен,– деді.
Әлденені сезіп жүрген жүрек шіркін, бір шым етті де, бұл жолы да үнсіз қалдым. Жеңешемнің жылдық асы ойдағыдай өтті. Ағам  ас соңында  елдің алдына шығып, көңіл түкпірінде жатқан бар сөзін айтты. Бақилық сұрағандай, елімен, ағайын-туыстарымен қоштасқандай болды. Көп жайды айтты, ащысының анығын ашып та айтты. Сүрінген де, сүріндірген сәттерін де, құлаған да, құлазыған жайларды да, сатқындықтың садағының оғы алып түскен тоспалы кезеңдердің де ғайыпты тұстарын да қалдырмады. Бұл қайран да, қайран ағамның соңғы сөзі болатын. Астан кейін қайрадан ауруханаға барып жатты да, 2007 жылдың 30 маусымы күні, яғни, жан-жарының жылын бергеннен кейін екі күннен соң ағам да мәңгілікке көз жұмды.
Солай да, солай дүние! 2007-ші жылдың 2-ші шілдесі күні Орынбасар ағам да өз жан жарының жанына барып жатты. Бір жыл бойы жалғыздықтың күйін кешкен ағам сол жалғыздықтан мәңгілік құтылды. Екі бір ғазиз жандар қос төмпешік болып қайрадан жараса қалды. Тіршіліктерінде жарасымды өмір сүрген ерлі-зайыптылардың өлгеннен кейін де қабірлері бір-бірімен жарасым тауып жатады екен-ау!..

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар