Алда – қос театрдың жиырмасыншы және қырықыншы маусымы

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының он тоғызыншы маусымының шымылдығы Ерсайын  Төлеубайдың халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ел үшін сіңірген еңбегі кеңінен қамтылған «Алдаспан» драмасымен жабылды.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы ұлттық өнер мен мәдениеттің мәуелі бір бұтағы болып табылатын Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жиырма жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ұлтымыздың мәдени-дәстүрлі құндылықтары мен әдеби туындыларын сахна тілінде насихаттап жүрген өнер ордасы атаулы мерекені кең көлемде тойлады. Бұл ретте, облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен көршілес облыстардағы қазақ театрларының қатысуымен «Тәуелсіздік – тұғырым» театрлар форумы өткізілді. Форумда Астана қаласының екі, Петропавл, Қостанай облыстық театрларының ұжымдары өздерінің үздік қойылымдарын  сахналап, көрермендерден жақсы баға алды. Ауқымды шараның қорытындысында  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» тарихи драмасының премьерасы зор табыспен өтті.
 Сонымен бірге,  он тоғызыншы маусымда  10 бірдей премьера сахналанғанын ерекше екпін түсіріп атап өткеніміз жөн. Театр ұжымы қалың көрерменнің талабын ескере отырып, әлемдік классиканы да, ұлттық драматургияны да, заманауи өзекті тақырыптарды да тең ұстауға тырысып бағып, әрбіреуін бүгінгі күнмен  шебер үндестіре білді. Айтар болсақ, Кеңес Одағының Батыры Мәлік  Ғабдуллиннің 100 жылдығына арналған  ақын Құдайберлі Мырзабектің «Батырлық жолы», Жабал Ерғалиевтің  «Қилы жол» драмаларын, Ильгиз Зайниевтің  «Махаббат FM» комедиясын, Дюла Урбанның «Тышқандар ірімшікті сүйеді» ертегісін  жоғары деңгейде қойып берді. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы мен Жаңа жылға арналған «Тамаша» ойын-сауық кештері де атап айтуға лайық.
Биылғы маусымда өнер ұжымы үлкен белестерді бағындырды. Мәселен, он тоғызыншы маусымда Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұйымдастырылған театрландырылған қойылымға қатысты. Сондай-ақ, Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығында Сәкен сері Жүнісовтің «Абылай» тарихи толғауын Атбасар тұрғындарына тарту етті. Театр жыл
сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Қазақстан драма театрларының республикалық фестиваліне жолдама алып, «Тарихи тұлғаны лайықтағаны үшін» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Ал,Тәуелсіздік күніне орай театр актері Жарас Қалдаров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса,  Қайрат Мырзаболатовқа Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының медалі табыс етілді. Оған қоса, театрдың дарынды актерлері Төлеубек Көңбай мен Бағлан Иманғазиев «Айтқыштар Ақтөбеде» республикалық әзіл-сықақ байқауына қатысып, жүлделі екінші орынға лайық деп табылды.
Өз кезегінде Төлеубек Көңбай «Ең үздік ер адам рөлі үшін» номинациясына ие болды. Сонымен қатар,  Қанат Жүнісовтің «Әншінің пірі – Әміре» моноспектаклі республикалық Шалқар радиосының 50 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Шалқар шабыт» байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынға табан тіреді.  Қойылымда басты рөлді сомдаған актер, әнші, сазгер Құмарбек Қалқатаев.

Ырысгүл КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.

 

 

 

Ақмола облыстық орыс драма театры Гогольдің «Вий» атты повесінің желісі бойынша қойылған Нина Садурдың «Паночка» қойылымымен 39-ыншы маусымын аяқтады.

 

Театр маусымының жабылуына келген көрермен көп болды. Аталмыш қойылым жұртшылық ықыласына ие болып, 39-шы маусым бойы қалың көрерменнің қошемет-құрметіне бөленген еді. Театр актерлерінің айтуынша, бұл қойылымды алдағы уақытта да бірнеше фестивальдерде көрсететін көрінеді. Ал, театр директоры Бейбіт Бақтыгереев маусымды «Паночка» қойылымымен жабу тектен-тек емес дегенді айтты. Ол жыл бойы өзіндік ерекшелігімен, режиссер, актерлердің шеберлігінің арқасында сұранысқа ие болды. Биылғы маусымды көрермен тарапынан жоғары баға алған қойылыммен жабудың тағы бір себебі, белді актеры Валерий Андреевтің Мәскеуде өтетін бір айлық жазғы мектепке барып, өнерін шыңдап, орыстың атақты актеры Калягиннің шеберлік сыныптарына қатысатынына байланысты болып отыр.
Сондай-ақ, театр директоры мен үш актеры Йошкар-Олада маусым айында өтетін «Достық көпірі» атты халықаралық театр форумына қатыспақ. «Осы жағдайларды ескере отырып, биылғы маусымды бұрынғыдан ертерек жаптық»,– дейді Бейбіт Бақтыгереев.
Театр маусымы жабылса да, атқарылар шаруа көп. Қазірдің өзінде үш үлкен бағдарлама жүзеге асырылуда. Біріншісі – халықаралық балаларды қорғау күні өз жұмысын бастаған автобустағы қуыршақ театры. Ол ауылдарға, шалғай жатқан елді мекендерге сапар шегіп, балаларға арнап қойылымдар қояды. Бұның бір ерекшелігі – театр автобуста орналасқан. Яғни, балалар автобустың ішінде отырып тамашалайды. Екінші жоба – «Игі істер театры» деп аталады. Ол онкология ауруларымен ауыратын балаларға көмек көрсету мақсатында құрылған. Әлем бойынша күніне 200 бала осы дерттен көз жұмады екен.
Театр биыл Мадияр есімді баланың Германияда жасалатын отасына 12 миллион теңге көлемінде қаражат жинамақшы. Театр маусымының қорытындысы ретінде «Біз театр отбасымыз» деген жоба қолға алынды. Жыл бойы театрға келген жанұялар арасында жарыс өткізілді. Оған қатысушы балалар театрда көрген қойылымына сәйкес сурет салып, шығарма жазып,  алған әсерлерімен бөлісті.   Ең үздік шыққан балаларды марапаттау рәсімі бірінші маусым
күні өткізілді.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар