Елдігіміздің нышаны

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүниежүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақтап, құрметтеуге тиіспіз» деген сөзінен-ақ аспан түстес туымыздың, шаңырақ бейнесіндегі елтаңба мен жүректерге жігер сыйлайтын Әнұранымыздың маңызы қаншалықты зор екенін түсіну қиын емес.

Бүгінде әлемнің дамыған елдерінің қатарына еніп, халықаралық аренада талай батыл бастамаларымен көзге түсіп жүрген мемлекетіміздің сонау тоқсаныншы жылдары қалай құрылғанын ел ағалары жақсы біледі. Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзінің елдік нышандарын бекіткен елімізде 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде белгіленген болатын.
 Ту, Елтаңба мен Әнұран тек мемлекеттің егемендігін айғақтайтын нышандар ғана емес, бүгінде Отанға деген шексіз махаббаттың, патриотизмнің белгісіне айналды. Елдік нышандарға ұқыптылықпен қарап, көздің қарашығындай сақтау қажеттігін әрбір қазақстандық санасына мықтап тоқып алғаны жөн. Өскелең ұрпаққа мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасын ұқтырып отыру, сол арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу аса маңызды. Сондықтан, біздің басқарма  тұрғындар арасында осы бағыттағы үгіт-насихат шараларын үздіксіз жүргізіп отырады.
Үстіміздегі жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 86-қадамы аясында мемлекеттік рәміздерді қолдану жөнінен Қазақстан Рес-публикасы заңнамасының түсініктемелері бар әдістемелік материал шығардық. 2014 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының Ұлттық стандартына өзгерістер енгізілгендіктен, Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаментімен бірлесе отырып, Елтаңбаны  ауыстыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның ішінде мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен екі оқу семинары өткізілді. Жұмыс жоспарына сәйкес, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, Целиноград, Атбасар, Сандықтау аудандарының 19 мемлекеттік мекемесінде тексерістер жүргізілді.
Мемлекеттік рәміздерді орналастыру және қолдануға қатысты  мәселелер Мемлекеттік рәміздер жөніндегі өңірлік комиссиялардың отырыстарында ұдайы қаралып отырады. Бүгінгі таңда аудандық, қалалық әкімдіктерде Ұлттық стандартқа сай жаңа Елтаңбаны сатып алуға қаржы қарастырылуда. Облыстық және өңірлік БАҚ беттерінде  тиісті айдарлар ашылған. «Қазақстан-Көкшетау» облыстық телеарнасында эфир басталғанда және аяқталғанда Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалады.  
Шын мәнісінде, әр адам өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімін оның мемлекеттік рәміздерін құрметтеу арқылы көрсетуі тиіс.  «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңын кім қаншалықты біледі?» деген сауал тұрғысында жыл сайын тұрғындар арасында сауалнама жүргіземіз. Осы жылғы зерттеудің нәтижесінде әрбір екінші респондент заңның қашан қабылданғанын айтып берді. Бізді бір қуантқаны, мемлекеттік рәміздерімізді орналастыру реті туралы сұраққа да тұшымды жауап берілді. Сұралғандардың 58,4 па-йызы ең алдымен Тудың, Елтаңба және Әнұранның көрнекі жерге орналастырылатынын атап көрсетті.
Жалпы, патриоттық сезім адамның сана-сезімі, өзі тұрып жатқан жерге тікелей қатысы бар екенін түсіну арқылы қалыптасады. Облыс тұрғындары Әнұранға үлкен құрметпен қарайды деп мақтанышпен айта аламыз. Балабақшалар мен мектептерде әр жұмыс аптасы Әнұранды орындаудан басталады. Патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтарға деген құрмет баланың бойына осылай ерте жастан сіңірілуі тиіс. Облыстағы жас жеткіншектердің біразы Тұңғыш Президент мұражайында болып, Нұрсұлтан Назарбаевтың  қазіргі Әнұранға енгізген өзгертулерінің түпнұсқасын да өз көздерімен көріп қайтты.
«Көк тудың желбірегені жаныма қуат береді» деп әнде де айтылатынындай, көк байрағымызды көргенде ерекше бір тебіреністі бастан кешетініміз рас. Әрқашан елдігіміздің белгісі – мемлекеттік рәміздерімізді құрметтей білейікші.

Айна МЫСЫРӘЛІМОВА,
облыстық ішкі саясат  басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар