Өзара түсіністікпен

Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Божко өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.

Достық үйінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақтың астына ұйысқан Тәуелсіз Қазақстан Республикасында ұлтаралық келісім мен достықты нығайту  мәселесіне арналды.
– Еліміздің ең басты байлығы – осында тұрып жатқан ұлттардың бірлігі мен татулығы екені сөзсіз. Бұған Ақмола облысындағы этномәдени бірлестіктер де өз үлестерін қосуда, – деді Владимир Божко.
Мұнан кейін ол еліміздегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік саладағы реформалар жайлы баяндады. Оның айтуына қарағанда, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық бірлестіктердің жұмыстарын үйлестіруге мемлекеттік тапсырыс бойынша жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Бұл қаржы олардың түрлі іс-шараларды жүзеге асыруына бағытталған.
Еліміздегі жүргізіліп жатқан барлық реформалардың мақсаты – адамдардың тұрмысын жақсарту және қызмет көрсету сапасын көтеру арқылы ұлтаралық қатынастарды нығайту екендігі атап өтілді.
Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жергілікті этномәдени бірлестіктердің жұмысына тоқтала келе, тәуелсіз елімізде өзара түсіністікті нығайту бағытында қолға алынған шаралар жайында баяндады.
–Ақмола өңірінде жүзден астам этнос өкілдері мен қырықтан астам этномәдени бірлестіктер тіркелген. Оған қоса, республикамыздағы қоғамдық келісім кеңестерінің көбі біздің облысымызда жұмыс істейді. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында облыс бойынша 500-ге жуық іс-шара өткізілді. Биылғы жылы да Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өту аясында қолға алынған шаралардың көбі осы бірлестіктерге жүктеліп отыр, – деді Нұрлан Нұркенов өз сөзінде.
 Сонымен қатар, шараға қатысқан облыстық  «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мащинская, «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко және «Видергебурт» Ақмола облысының неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Корнеева  елімізде жүргізіліп жатқан ұлтаралық қатынастар, мәдениет саласындағы игі жұмыстар жайында ой-пікірлерін ортаға салды.   
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар