Кәсіпкерлік саласында түрлі кедергілер әлі де бой көрсетуде

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктің Ақмола облысы бойынша департаментінің  басшысы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен өткізілген облыстық форумда шағын және орта бизнес саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерінің жай-жапсары сөз болды.

Мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысқан форумда сөз сөйлеген департамент басшысы Қуаныш Жапақов бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық мәселесі барлық әлемді алаңдатып отырғанын, осы орайда  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамы аясында елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін жетілдіру жоспарланған. Ол үшін жаңа заңнама жасалып, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктің жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бөлімше құрылуда. Мемлекет бизнес субъектілерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануда. Өйткені, отандық өнім өндірушілердің жетістіктері еліміздің қарқынды дамуының кепілі.
Шағын және орта бизнесті лауазымды тұлғалар мен бақылаушы-қадағалаушы органдардың заңсыз әрекетінен қорғау басты бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қазіргі заманғы заңнама жұмыс істейді. Оның негізін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызмет заңдары құрайды. Ақмола облысы аграрлық өңір болғандықтан, жоспарға  ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары салаларындағы жемқорлыққа қарсы күрес және алдын алу шаралары енгізілген. Өткен жылы және биылғы жылдың бес айында департамент 20 мемлекеттік мекеменің сыбайлас жемқорлыққа тәуекелділігіне байланысты сыртқы талдау жүргізіпті. Қорытындысында 215 сыбайлас жемқорлық тәуекелділігі анықталған.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенко шағын және орта бизнестің өзекті мәселелері, әкімшілік кедергілерді азайту жөнінде атап өтті. Оның ай-туынша, палатада кәсіпкерлерге қолдау көрсететін экономикалық және құқықтық блоктар жұмыс істейді. Құқықтық блокқа 2014 жылдан бері кәсіпкерлердің 1400 өтініші түскен. Оның көбі жер телімі мен құрылыс мәселелеріне байланысты. 2008 жылдан бері бірқатар қалалар мен селолардың бас жоспары бекітілді. Осыған орай, құрылыспен айналысқылары келетін кәсіпкерлер тиісті органдардан рұқсат құжаттарын алулары қажет.
 Бұрындары бұл құжаттың саны төрт жүзді құраса, кәсіпкерлер палатасының араласуымен оның саны 280-ге дейін қысқарған. Сондай-ақ, облыс орталығында жеке кәсіпкерлерді тіркеу мәселесі туындайды. Бұған да үшінші жақтың араласуына тура келеді. Мемлекеттік сатып алу, конкурс пен тендер өткізу барысында кәсіпкерлер әкімшілік кедергілерге ұшырайды. Көп жағдайда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері өтпей, өзге өңірлердің сапасыз өнімдері сатылады. Мердігер облыс орталығында жылу құбырын тарту жұмыстарын жүргізіп, тиісті қаржысын толық ала алмаған. Бұған да кәсіпкерлер палатасы араласқан екен. Сондай-ақ, Бұланды мен Еңбекшілдер аудандарындағы бірқатар серіктестіктердің субсидия алуларына ықпал етіпті. Форум барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары бастаушы кәсіпкерлердің құқы және қолданыстағы заң жөнінде біраз кеңес берді.
Бұдан кейін «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық тұрғындарға қызмет көрсету орталығы департаменті директорының орынбасары Болат Бекқожин орталықтың жұмысы жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, 2007 жылы тұрғындарға қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметтің 25 түрі көрсетілсе, бүгінгі таңда оның саны 215-ке жетіпті. Биыл жергілікті және шетелдік инвесторлар мен бизнесін жаңа бастағандарға қызмет көрсететін терезе ашылып, 60 шақты адамға мемлекеттік қызмет көрсетілген. Көкшетау қаласында «Вектор» комбайн зауыты салынуда. Олар көп жылдардан бері жер телімін ала алмай келген. Тұрғындарға қызмет көрсету орталығы олардың құжатын тиісті мекемелерге жіберіпті. Сөйтіп, бұл жағдай бақылауға алынған. Осы орайда, орталыққа қалалық жер қатынастары бөлімі наразылық білдіріпті.
Департамент директорының орынбасары Болат Бекқожин кәсіпкерлердің сауалдарына тұшымды жауап берді.
Форум барысында «Самос» серіктестігінің директоры Олжас Қадыралин өз бизнесін қалай бастағаны жөнінде айтып өтті. Ол еліміздің оңтүстігін аралап жүріп, отбасымен демалатын дәмхана салуды жоспарлайды. Сөйтіп, Бұқпа тауының етегіне «Алдаркөсе» дәмханасын салады. Мұнда 50 адам еңбек етеді. Бүгінгі таңда бұл демалыс орны  балалардан босамайды. Былтыр Зеренді ауданындағы «Флагман Агро» серіктестігінің директоры Баян Сковородникова 100 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасын ашпақшы болып, «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директорына берген өтінішін бірнеше ай күтіпті. Істің оң шешіміне облыстық кәсіпкерлер палатасы ықпал еткен.
Түс ауа кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің отырысы болып, облыстық кәсіпкерлер палатасы құқықтық блогының есебі тыңдалды. Облыстық кәсіпкерлер мен өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету міндетінің орындалуы, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша келісім-шарттық міндеттемені орындау кезінде «Көкшетау ЭнергоЦентр» серіктестігіне Көкшетау қаласы, Бурабай және Зеренді аудандарының мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындары әкелген материалдық шығын және «Көкшетау Авиакомпаниясы» акционерлік қоғамының жұмысын тоқтату жөнінде мәселе қаралды. Форум соңында кәсіпкерлерге сертификаттар тапсырылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар