Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті ай саналатын Рамазан айы да басталды. Осыған орай, 5 маусым күні кешкісін қасиетті айдың тағылымға толы алғашқы ниетке кіру кеші Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінде ыстық ықыласпен аталып өтті.
Бұл шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров пен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов арнайы қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Осы орайда, сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов аймақ басшысының атынан ақмолалық мұсылмандарды Рамазан айының басталуымен құттықтап, ізгілік айы барша қауымға тек жақсылық әкеліп, еліміздің өсіп-өркендей беруін тіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырмин Рамазан айының тағылымы жайлы уағыз айтты. Ораза айында облысымыздың барлық өңірлерінде түрлі қайырымдылық шаралары өткізілмекші. Орталық мешітте күн сайын ораза ұстаушыларға арналып, тегін ауызашар астары берілетін болады.
Осыдан кейін алғашқы тарауық намазы басталды. Жақия қажы атындағы мешіттің жанындағы қарилар орталығының басшысы, қари Теміржан Өтежанұлы ораза бойы Науан Хазірет мешітінде Құран хатым етпекші. Алғашқы тарауық намазында қасиетті Құранның алғашқы парасы оқылды. Намаз соңында жүздерінде қуаныштың лебі ескен намазхандар бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп жатты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.