Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Сарыарқаға» қарасаң, көз тояды - АРҚА АЖАРЫ

«Сарыарқаға» қарасаң, көз тояды

«Елу жылда ел жаңа» дейді  дана халқымыз. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде облыс орталығы Көкшетау қаласы адам танымастай болып өзгерді. Жаңа кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар пайда болды. Қаланың шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер мен коттедждер бой көтеруде. Көшелердің жолдары жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілу үстінде.

Мәселен, 2013 жылдан бері жаңадан салынып жатқан бір ғана «Сарыарқа» шағын ауданында бір балабақша мен 11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл тұрғын үйлердің барлығы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында кезекте тұрғандар, жас отбасылар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкі» акционерлік қоғамы филиалының салымшылары үшін салынды. Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ғабит Қаппасовтың айтуынша, 2011 жылы «Сарыарқа» шағын ауданындағы инженерлік инфрақұрылым мен балабақша құрылысының жобалары жасалып, келесі жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен балабақша құрылысы басталған. Осы жылы 45 пәтерлі тұрғын үй мен республикалық бюджет қаржысы есебінен магистральдық-инженерлік жүйенің құрылысы жүргізіле бастапты.
– 2014 жылы жас отбасылар үшін 30 пәтерлі үш тұрғын үйдің, өткен жылы кезекте тұрғандар үшін 45 пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 14 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлауда. Жыл басынан бері 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы күндері бір тұрғын үй, маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкі» акционерлік қоғамы филиалының салымшылары үшін 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жас отбасылар мен кезекте тұрғандар үшін салынып жатқан 8 тұрғын үй тамызда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл қалалық құрылыс бөлімі 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастайды, – дейді құрылыс бөлімінің басшысы. Аталмыш шағын ауданда салынатын 900 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, мердігерді таңдау үшін конкурс жарияланыпты. Көкшетау қаласында өз қаржысына құрылыс жүргізетін мердігерлер баршылық. Бүгінгі таңда мұнда «Строй Тех ІС», «Жақия», «Эксперт Арсенал», «Мармар» және «Темір» серіктестіктері құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұл серіктестіктердің өз техникалары мен құрылыс базасы бар.
Біз «Строй Тех ІС» серіктестігінің құрылыс учаскесінде болдық. Мердігер
9 қабатты тұрғын үйдің құрылысын өткен жылдың тамыз айында бастаған. Қыс айларында ғимараттың қаңқасы монолиттен құйылып, қабырғалары кірпіштен қаланыпты. Қазір тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын Марсель Гаездиновтың бригадасы атқаруда. Мұндағы Кенжебек Мырзахметов, Ержан Ахметов сияқты өзге де құрылысшылардың қимылдары ширақ. Біреуі қабырғаны әрлеп жатса, екінші біреулері плитка төсеуде. Бригадир Сұлтан Мыңжасаровтың айтуынша, ғимараттың есік-терезелері толық орнатылған. Бригада әртүрлі жұмыстар атқарады. Қазір лифтінің сыртқы қабырғалары кірпішпен қалануда. Құрылысшылардың орташа еңбекақысы 150 мың теңгені құрайды. Жалақы уақытында беріледі.
 – Құрылыс саласында 12 жыл жұмыс істеп келе жатырмыз. Көкшетауда жеті тұрғын үй салдық. Құрылыс қарқын алған кезде серіктестікте екі жүзге жуық адам жұмыс істеді. Қазір екі көпқабатты тұрғын үйдің және каратэ мектебінің құрылысын жүргізудеміз. Құрылыс базасы мен техникаларымыз бар. Серіктестікте жергілікті жердің құрылысшылары жұмыс істейді. Прораб Бота Жүсіпов, инженер Мұхтар Садықов өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Сондай-ақ, зейнеткерлікке шықса да учаске басшысы Серік Сүлейменов, Александр Ткачев және механизатор Төлеген Бекқожин жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Құрылыс жұмыстары маусым айының соңында толық аяқталады деп жос-парлануда, – дейді «Строй Тех ІС» серіктестігінің директоры Мұхтар Есенов.
«Эксперт Арсенал» серіктестігінің құрылыс учаскесінде де болдық. Мұнда 30 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осында учас-ке шебері Әжібай Арыстанбековты жолықтырдық.
– Бұл тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылы басталып, бірінші қабаттың қабырғалары тұрғызылды. Келесі жылы құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Биыл қаржы бөлініп, тұрғын үйдің қабырғалары толық қаланды. Есік-терезелері орнатылды. Қазір сантехникалық, шатыр орнату және әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сантехник Қанат Келесов, Юрий Морозов, Дастан Ибажанов пен Қайрат Қаскеев өз жұмыстарымен өзгелерге үлгі-өнеге болуда. Нысан биылғы жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.
Қалалық әкімдік бұрынғы жылдарға қарағанда құрылыс қарқынын арттыра түсуде. Мәселен, 2015 жылға дейін жылына 3-8 көпқабатты тұрғын үй салынса, қазір оның саны 14-ке жеткен. Қалалық құрылыс бөлімі «Сарыарқа» шағын ауданының 38,6 гектар жер теліміне 10 көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Ол үшін осы тұрғын үйлер мен магистральдық-инженерлік жүйенің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Әр көпқабатты үйдің құрылысы екі жылға белгіленген. Мәселен, биылғы жылы 5 көпқабатты үйдің құрлысы бас-талса, олар келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс.
Шағын ауданда «Арай» балабақшасы кезінде бірінші болып салынған еді. Бұл мекемеге де ат басын тіреуді жөн көрдік. Балабақша меңгерушісі Гүлнәр Ысқақова бізбен әңгімесінде білім ошағында 240 бүлдіршін он екі топта қазақ және орыс тілдерінде тәрбиеленетінін атап өтті. Балабақшадағы 8 топтың мемлекеттік тілде жұмыс істейтіні көңілге қуаныш ұялатты. Сондай-ақ, мұнда тілі мен мінез-құлқының кемістігі бар бүлдіршіндер үшін 2 топ ашылған. Тәрбиеленушілер қаланың әр шағын ауданынан, тіпті Краснояр селосынан келеді. Биыл 104 бүлдіршін балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттағалы
отыр. Мекеменің асханасы, кір жуу кешені, медициналық, физиологиялық бөлмелері жаңа қондырғылармен және өзге де жабдықтармен толық жабдықталған.
«Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламаларымен жұмыс істейтін балабақшаның ашылғанына екі жарым жыл болса да қол жеткізген табыстары баршылық. Білікті тәрбиешілер мен бүлдіршіндер әртүрлі байқауларға қатысып, білім ошағының беделін асқақтата түсуде. Бірінші қабатта ата-аналардың көмегімен қысқы бақша жасалыпты. Мұндағы әртүрлі өсімдіктерді бүлдіршіндердің өздері суарады. Сөйтіп, тәрбиеленушілердің қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі арта түседі. Мекеме дәлізінің қабырғаларына әртүрлі тақырыптағы көрнекі құралдар ілінген. Бұл тәрбиеленушілердің дүниетанымын ұлғайтуға өз септігін тигізіп отыр.
Біз балабақшадан шыққанда ата-аналар бүлдіршіндерін үйлеріне алып кетіп жатқан мезгіл еді. Біз осыны қызықтап тұрып, бұл жеткіншектердің «Сарыарқа» шағын ауданымен бірге өсетініне күмәнданбадық.

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар