Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бүгін – ұлттық аза тұту күні - АРҚА АЖАРЫ

Бүгін – ұлттық аза тұту күні

Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан әскери қызметшілер мен азаматтардың қаза болуы бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды

 

«Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі
 
Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан әскери қызметшілер мен азаматтардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2016 жылғы 9 маусымда ұлттық аза тұту жариялансын.
 
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев.
 
 Астана, Ақорда, 2016 жылғы 8 маусым, №95

 

 

 

Мемлекет басшысының мәлімдемесі

 

Қымбатты отандастар!
Өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында діннің атын жамылған бір топ террорист елдің тыныштығын бұзды. Ол туралы баршаңыз білесіздер. Бірақ, мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы бас-талар сәтте қанды қылмыс жасағандардың арам ниеттері іске асқан жоқ. Құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері үлкен қатердің бетін қайтарды. Террористердің көпшілігінің көздері жойылды, бірқатары қолға түсті, қалғандарын тиісті органдар іздеп тауып, олар заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатын болады. Қазір халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ, жағдай толық бақылауға алынды.
Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер Отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда.
Тәуелсіздікті жариялау бар, ал оны қорғап, нығайту және дамыту одан да жауапты іс. Ел бірлігі, ішкі тыныштық сол үшін керек. Мен мұны ылғи айтып келемін. Ел ішіне бүлік салудың, «түсті революциялардың» талайын басқа елдерден көріп, біліп отырмыз. Ол лаңкестік әрекеттерден, көшеге шығып шулаудан басталады. Одан Конституцияға қарсы шығады да, аяғында мемлекет күйреп, халық аш-жалаңаш қалады. Мұның бәрін біз көріп, біліп, байқап отырмыз.  
Біріншіден, біз кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек. Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел тыныштығын сақтамасақ мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз. Сондықтан, барша халық болып бірігіп, елді сақтауды ойлауымыз керек.

 Қымбатты қазақстандықтар!
Ел іші бүтін болмаса, ел де болмайды. Қазір нағыз елім, жерім деген отансүйгіштікті көрсететін уақыт. Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді. Қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім – ең басты байлығымыз. Біз тәуелсіздігіміздің тірегі болған бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаймыз.
Мен Қазақстан халқы дүниедегі дағдарыс және бүгінгідей жауапты шақта тағы да барша әлемге елдігі мен бірлігін паш етеріне сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

 

 

Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановты қабылдады.

 

Кездесу барысында В.Жұмақанов Мемлекет басшысына Ақтөбе облысындағы антитеррорлық операцияның осы кезеңге дейінгі нәтижелері туралы баяндады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қазіргі уақытқа дейін 13 қылмыскердің көзі жойылып, 14-і жараланғанын айтты. Бұдан бөлек, дайындық кезеңінде қылмысқа қатысудан 20 адам бас тартқан, олар анықталып, жауап алынды. Қазіргі кезде 6 адам іздестірілуде, қолда бар ақпарат бойынша, олар Ақтөбе облысының аумағында жүр.
Қазақстан Президенті Ақтөбе облысындағы террористік әрекеттерге қатысы бар адамдарды ұстап, тұтқындау жұмыстарын тиімді түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.  
– Біз олардың сол өңірде екенін білеміз, жеке бастарына қатысты мәліметтер белгілі, халыққа ескертілді. Қылмыскерлердің бәрін түгел тұтқындау қажет. Қарулы қарсылық көрсеткен жағдайда көздерін жою керек. Барлығы ең қатал жазаға тартылуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

 

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының облыс тұрғындарына Үндеуі

 

Ақтөбеде орын алған қанды оқиға барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Содырлар тобының сұмдық қылмысы, бүгінгі таңда бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған, яғни, адамдарды абыржыту, қорқыту, есінен адастыру, кейін барып өздерінің арам ойларын жүзеге асыру болып табылатын террористік әрекет. Олардың жоспарына тыныштық, тұрақтылық  және бейбітшіліктің мүлдем кірмейтініне күмән жоқ.
Лаңкестер тобының көздеген мақсатын біз бүгін-ақ айта аламыз. Соңғы оқиғалар көптеген елдерде болып, тұтас мемлекеттердің іргесін шайқалтқан «түрлі-түсті революцияға» өте ұқсас.  Қазіргі кезде бұл елдерді қайыршылық жайлап, өз бауырларын өзі өлтіру  мен азаматтық соғыс жағдайын бастан кешуде.
Біз тәуелсіздігімізді қалып-тастырған өтпелі кезеңнің өзінде  этносаралық қақтығысқа жол берген жоқпыз. Егемен ел болып дамыған уақытта бейбітшілік пен тұрақтылықты басты мақсатымыз етіп, бірыңғай азаматтық ұлт ретінде жалпы адамзаттық құндылықтардың төңірегіне біріктік.
Қазақстан халқы Ақмола ассамб-леясы жүздеген ұлт пен ұлыстың Отанына айналған қазақ жерінде жаугершілік пен бүлік шығаруға ұмтылғандардың әрекетін қатаң айыптайды.
Біз барша ақмолалықтарды Қазақстанның тұрақтылығы, бақуатты, қауіпсіз дамуы мен нығаюы жолында Елбасының сыннан өткен көреген саясатының айналасына берік топтаса түсуге шақырамыз.
Біздің әрқайсымыз осы бір сындарлы кезде шыдамдылық, ішкі ұстанымымызда сабырлылық, азаматтық міндетімізге адалдық және үлкен жауапкершілік таныта білуіміз қажет. Біз бірыңғай халықпыз, біз өз еліміздің азаматымыз және патриотымыз.

 

 

 

Қауіпсіздік, татулық пен тұрақтылық – ең басты байлығымыз

 

Ақтөбе қаласындағы  болған лаңкестік оқиға мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында жасалған  сұмдық қылмыс. Бейбіт күнде радикалдық ағымдағылардың террористік әрекетінің зардабынан жазықсыз адамдардың көз жұмғаны барлығымызға ауыр тиді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде  қылмыскерлер тиісті жазасын тартатынын баса айтты. Әлбетте, зұлымдықтың шегіне жеткен әрекет ақтауға тұрмайды. Айыптылар қатаң түрде жазалануы тиіс.
Қаскөйлердің ел ішінде ылаң салуы бәріміздің бірігуіміз қажет екенін көрсетті. Бүкіл халық болып еліміздегі тыныштықты сақтау жолында Елбасының сындарлы саясатының айналасына топтаса түсіп, қырағылық пен сабырлылық танытуымыз қажет. Өкінішке орай, қазір дін атын жамылып, оның абыройына нұқсан келтіріп отырған жат пиғылды ағымдар көбейіп барады. Бұл орайда, біз ұрпақ тәрбиесіне баса көңіл бөлгеніміз  абзал. Тәрбие көрмеген баланы ертең ел болып түзей алмайтынымыз анық.
Тәуелсіздігімізге селкеу түсіретін әрекеттерден сақ болайық. Менің осы пікіріммен барлық ақмолалықтар келіседі  ғой деп ойлаймын.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

 

Жуырда Ақтөбеде орын алған ауыр жағдай күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғаны ақиқат. Мемлекет басшысы да осы терракт жөнінде мәлімдеме жасап, 9 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні ретінде белгіледі.
Елбасымыз атап өткеніндей, осындай сындарлы сағаттарда баршамыз бірігіп, тұтастығымызды, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз қажет. Халқымыз қаншама жылдар бойы бірлік пен татулықты көздің қарашығындай сақтап, қадірлеп келді. Алдағы уақытта да елдегі  тыныштықты бәзбіреулердің бұзуына, бейбіт тұрғындардың өмірін қорлауына жол бермеуіміз керек.  Ендігі кезекте, қарапайым халық сабырлылық танытып, тәртіп сақшыларына осы істе бір жағынан шығысуы тиіс деп ойлаймын.
Қазіргі таңда Ақтөбеде жағдай біршама тұрақтандырылғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Келешекте де бәрі оңалып, қылмыскерлер құрықталып, адам өліміне, азаматтардың тыныштығының бұзылуына себепші болғандар заңның қатаң талаптарымен жазаланатынына сенімдімін. Жеке өз атымнан, облысымыздың депутаттық корпусының атынан аталмыш террактіде қаза болған азаматтардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамын. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбаса екен деймін.  
Әнел ЕРДЕНОВА,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты.  
Есіл ауданы.

 

 

 

Мұсылмандар үшін қасиетті ай саналатын Рамазан айы басталар тұста маусымның 5-і күні Ақтөбеде болған лаңкестік әрекеттер барша қазақстандықтарды қатты алаңдатып отырғаны белгілі. Сондай қаскөй әрекеттің салдарынан жазықсыз жандардың қаны төгілгені жанымызға аяздай батады. Бұны жасаған өздерін мұсылманбыз деп жүрген әсіре діндарлар екендігі қынжылтады. Мәселе олардың қалай аталуында емес, мәселе олардың жасап жатқан қатерлі әрекеттерінде болып отыр.
Жүзден астам ұлт өкілдерінің ортақ Отаны болып, ұйыған тыныштық пен бірліктің ордасына айналған еліміздегі бейбітшілік пен татулыққа сына қаққысы келгендердің мұндай әрекеті еліміздің, халқымыздың мүддесіне қайшы өте қауіпті әрекет болып табылады. Сондықтан, лаңкестердің әрекетін барша қазақстандықтар батыл айыптауда.
Ақтөбеде болған қанды оқиғаға байланысты 9 маусымды Мемлекет басшысы аза тұту күні деп жариялады. Қаскөйлердің әрекетіне тосқауыл қойып, жанын құрбан еткен азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Олар өз міндеттеріне ақырына дейін адал болды. Экстремистік топтың ойлағандары орындалмады. Құқық қорғау органдарының белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде оларға дер кезінде тойтарыс берілді. Біразының көзі жойылса, қалғандарына іздеу жарияланды.
Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі ең басты байлығы – бірлігіміз бен татулығымыз. Бірлігімізді бұзып, елдігімізге қатер төндіретін барлық әрекет біз үшін жат. Өйткені, көптің тілегі – бірлігіміз бен татулығымызды сақтап, бейбіт өмір сүру. Елбасы жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күні тәуелсіздігіміз бен елдігімізді, бірлігімізді сақтаудың қаншалықты құнды екендігін санамызға онан әрі сіңіре түспек. Мұндай қаскөйлік пен зұлымдыққа барша халық болып қарсы тұрғанда ғана тойтарыс бере аламыз.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
«Ақжол» ҚДП Ақмола облыстық
филиалының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар