Ақтөбе қаласында бокстан әлем чемионы Галиб Джафаровтың жүлдесіне арналған VII халықаралық турнирде Көкшетау қаласындағы №18 орта мектептің 9 сынып оқушысы Талғат Шәйкен жүлдегер атанды.
Талғат сынға түскен 57 келі салмақ дәрежесінде 16 боксшы бақ сынасыпты. Олар Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген жас боксшылар. Осы жарыста қарсыластарын қапы қалдырған Талғаттың мерейі үстем болды. Ол бұдан бұрын да бірнеше мәрте үлкен додалардың жеңімпазы атанған болатын. Тек биылғы жылдың өзінде Ақмола облысының екі дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған турнирдің жеңімпазы, Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері және Мереке Жүсіпов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Талғаттың боксқа деген қызығушылығын оятқан ағасы Рахат екен. Алғаш рет бокс секциясына қолынан жетектеп апарған да сол болыпты. Содан бастап бокс оның өмірлік ұстанымына айналған. 10 жасынан «Қажымұқан» спорт мектебінде жаттықты. Талғаттың осындай көптеген жетістіктерге қол жеткізуіне аға жаттықтырушысы Қуат Бейсенбаевтың сіңірген еңбегі зор. Осының арқасы шығар, ол қазірдің өзінде болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшы атанып отыр.
– Мен өзімнің шәкіртім Талғатты мақтан тұтамын. Болашақта оның талай жарыста тәуелсіз еліміздің Көк туын желбіретіп, Әнұранымызды асқақтататынына нық сенемін, – дейді бапкері.
Ғалия АҚМАҒАМБЕТОВА,
Көкшетау қаласындағы №18 орта мектебінің физика пәні мұғалімі.