Жастар аза тұтты

Достық үйінің алдында  ақмолалық жастар Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік әрекеттің құрбандарын еске алды.

Облыстық  жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға  жастар көп жиналды. Олар жазықсыз қаза тапқан отандастарымыздың суреттері мен ақ, қара түсті әуе шарларын қолдарына алып, сап түзеді.  Еске алу жиынын осы орталықтың ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Мырзабек Мырзахметов ашып,  орын алған лаңкестік оқиғаға қатысты ой-пікірін білдірді.
– Cодырлардың сойқаны тек ақтөбеліктерді ғана емес, бүкіл елімізді ауыр қайғыға душар етті. Жазықсыз адамдардың қаза болуы бәріміздің қабырғамызға батты. Біз жастар қауымы олардың туған-туыстарының қайғысына ортақпыз. Мұндай  оқиға енді қайталанбауы тиіс.  Қазіргі уақытта бірлігіміз бен ынтымағымызды одан әрі нығайтып, ел еңсесінің төмен түсуіне жол бермеуіміз қажет, – деді ол.
Бұдан соң жиналғандар  лаңкестердің қолынан өлім құшқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.  Шараға қатысқан «Жас Отан» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының төрайымы Жанаргүл Жүнісованы сөзге тартқанымызда, ол жастар қоғамның қозғаушы күші екендігін, бірақ, бұл күшті арам пиғылды пайдаланушылар да бар  екенін айтты. Сол себепті, жастардың күш-қуатын бір арнаға тоғыстырып,  ел мүддесі жолында еңбек етуге жұмылдыру керек дейді ол. Осы орайда,  «Жас Отан» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, жастар арасындағы діни экстремизмнің таралуының алдын алу бағытында түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алуда. Мәселен, «Насихат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Алшынбаев Көкшетау техникалық институты курсанттарымен  әңгіме өткізіп, теріс діни ағымдардың  жат пиғылы жөнінде баяндап берді. Осындай шаралар таяу арада барлық өңірлерде жүзеге аспақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар