Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атқарылған істер көп, ойға алған шаруалар да аз емес - АРҚА АЖАРЫ

Атқарылған істер көп, ойға алған шаруалар да аз емес

«100  нақты қадам» Ұлт жоспарының 5 институционалдық реформаларын жүзеге асыру еліміздің барлық салаларын серпінді дамытып, әлемнің бәсекеге қабілетті озық 30 елінің санатына қосылуға мүмкіндік бермекші. Мұндай үлкен міндетті барша қазақстандықтар болып бірлесе жұмыс істегенде ғана жүзеге асыруға болатыны белгілі. Осы орайда, астаналық облыстың іргелі аудандарының бірі саналатын Жарқайың ауданының тұрғындары  да Ұлт жоспарында алға қойылған ауқымды міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өткен жөн.

Аудан еңбеккерлері өткен 2015 жылды біршама жоғары табыспен аяқтады. Өткен жылғы ауданның өндірген жалпы өнім көлемі  21 миллиард 552 миллион теңгені құрады. Негізінен ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілікпен айналысатын өңір 2015 жылы 558,6 мың тонна астық жинады. Гектар түсімі 10,1 центнерден айналды. Жалпы алғанда 2015 жыл жарқайыңдықтар үшін табысты жыл болды деп айтуға негіз бар. Бұл жылы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында едәуір ілгерілеушіліктер болғанын атап өткен  жөн. 2015 жылы өз кәсібін ашқысы келген 4 адамға 8200,0 мың теңге көлемінде шағын несие берілді. Ауылдық жерлерде 20 тұтынушылар кооперативтері құрылып, жұмысқа кірісті. Бұл кооперативтер 150 бас асыл тұқымды өндіргіш бұқа сатып алып, мал басын асылдандыру ісін қолға алуда. Асыл тұқымды малдың өнімділігі де жоғары болатыны белгілі.  Өткен жылы игерілмей жатқан жер көлемі анықталып, мемлекет иелігіне қайтарып алынды. Жерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмыс онан әрі жалғасатын болады. Өйткені, жер – ел байлығы.
Биылғы жылдың да бірнеше айы өтіп кетті. Осы өткен мерзім ішінде аудан экономикалық-әлеуметтік жағынан даму бойынша бұрынғы қарқынды бәсеңдетпей, онан әрі ілгерілей түскенін көрсетуде. Биылғы жылдың төрт айы ішінде өнеркәсіп тауарларын өндіру және қызмет көрсету көлемі 557,1 миллион теңгені құрады. Егер салыстыра айтар болсақ, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегі деңгейдің 129,3 пайызы деген сөз. Көріп отырғанымыздай, бұл салада айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. Нақты көлем индексі 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 118,2 пайызды құрап отыр. Ілгерілеушіліктер әсіресе, тау-кен өндірісі, өңдеуші салаларда байқалуда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласының мәні зор. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында аудан шаруашылықтары 694,3 миллион теңгенің мал өнімдерін өндірген. Нақты көлем индексі 102,2 пайызды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл салада да ілгерілеушілік бар деп айтуға болады.
Мал өнімдерінің көлемі мал басының санына байланысты болады десек, ауданда жекеменшік пен ірі шаруашылықтарды қосқандағы мал басы саны өткен жылға қарағанда біршама өсіп отырғаны байқалады. Ірі қара саны бүгінде 14909 басқа жетіп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 104 пайызды құрады. Сондай-ақ, жылқы, шошқа саны да біршама өскен. Әсіресе, үй құстарының саны айтарлықтай, нақтырақ айтқанда 110 пайызға көбейгендігі байқалды. Жыл басынан бері тірідей салмақ  бойынша 721,2 тонна ет, 2305 тонна сүт өндіріліп, 705,1 мың дана жұмыртқа алынған. Қазіргі күні мал өнімдерімен аудан ішкі рынокты толық қамтамасыз етіп, сыртқа да шығаруда.
Нарық жағдайында экономиканың дамуы салынған қаржыға байланысты болатыны түсінікті. Осы орайда, экономикалық секторға инвестиция тартудың мәні зор.  Бүгінгі күні экономика саласына 952,9 миллион теңге инвестиция салынды десек, оның басым көпшілігі шаруашылық жүргізуші субъектілердің өз қаржылары екендігін атап өткен жөн. Сырттан келіп жатқан инвес-тиция көлемі айтарлықтай болмай отыр. Дегенмен, өндіріс саласына салынып жатқан қаржы көлемі өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғарылап, 146,3 пайызды құрады.
Құрылыс саласына да ауданда жете көңіл бөлініп, елді мекендерде бой түзеп жатқан жаңа үйлер қатары жыл санап өсіп келеді. Қазіргі күні ауданның біраз іргелі елді мекендерінің бас жоспарлары жасалып, құрылыс жұмыстары сол бас жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан орталығы Державинск қаласында үй құрылысы жұмыстарына ерекше назар аударылады. Кеңес заманында әскери қалашық болған, бүгінде қаңырап қалған қала іргесіндегі шағын ауданды игеру бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Осы қалашықтағы бес 75 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, жас отбасылар мен қала тұрғындары баспаналы болды. Жаңа пәтер кілтін алушылар арасында Калачи ауылынан көшіп келгендер де бар. Олардың бәрі баспанамен ғана емес, жұмыспен де қамтамасыз етіліп, жаңа орынға орнығу үшін қажетті жағдайлар жасалды. Осы ықшам ауданнан жаңа 70 орындық ауруханасы бар емхана  салынуда. Бұл емдеу-сауықтыру кешені биыл жазға қарай пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Яғни, қаңырап қалған қалашықты қалпына келтіру бағытында қазірдің өзінде осындай ауқымды шаруалар атқарылып жатыр.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызы зор міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгінгі күні аудандағы елді мекендердің 92 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Өткен жылы Отрадный мен Кен елді мекендерінің су желілері қайта жаңғыртылды. Дегенмен, 5 елді мекен әлі де орталықтанған су жүйесіне қосылмаған. Алдағы уақытта бұл ауылдарды сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табатын болады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бірсуат ауылының су желісін қайта жаңғырту жөніндегі жобалық-сметалық құжат әзірленді. Ал, Шойындыкөл, Нахимов, Құмсуат және Баранкөл ауылдарының жер асты суы қорын зерттеу жүргізілуде.
Адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау аудан әкімдігінің жұмыс бағдарының басым бағыты болып табылады. Өткен жылы 564 адам құзырлы органдарға жұмыс сұрап келген екен. 210 адам ақы төленетін қоғамдық жұмыстарға жіберілген. 343 жұмыс орны ашылса, олардың 101-і тұрақты жұмыс орындары. «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде 95 адам еңбекпен қамтамасыз етілген. Олардың 39-ы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлықтан өтсе, 12 адамға шағын несие беріліп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасалған.
Іргелі аграрлы ауданда орта буынды ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнының болмауына байланысты өткен жылы құзырлы органдардың алдында бұл мәселені көтерген едім. Жарқайың ауданынан агротехникалық колледждің филиалын ашу жергілікті жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби мамандықтар алуына үлкен мүмкіндік берер еді. Таяу болашақта бұл мәселе шешімін табады деген үміт бар.
Жастар еліміздің болашағы десек, жас мамандарға жағдай жасау, олардың жергілікті жерлерге орнығып кетуіне мүмкіндіктер беру – маңызы зор мәселе екендігі анық. 2015 жылы ауданымызға түрлі салалар бойынша «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде 20 жас маман келген екен. Олардың бәріне заң шеңберінде қарастырылған мөлшерде материалдық және қаржылай көмек көрсетіліп, жергілікті жерге орнығып кетуіне мүмкіндік жасалды. Бүгінгі күні аудан аумағында 1,5 мыңдай жас түрлі салаларда жемісті еңбек етуде.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында салауаттылықты ұстану, бұқаралық спортты дамыту мәселесіне жиі көңіл бөледі. Осы орайда, ауданымызда жастарды бұқаралық спортқа көптеп тарту жайына ерекше назар аударылады. Таяу болашақта аудан орталығынан   футбол алаңын салу, Тасөткел ауылындағы шаңғы базасы негізінде қысқы спорт түрлері бойынша инфрақұрылым салу жоспарлануда.
Биыл еліміз өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Осы ширек ғасыр уақыттың ішінде тәуелсіз мемлекетімізде ауыз толтырып айтарлықтай көп өзгерістер орын алғанын бәріміз көріп, куәсі болып жүрміз. Астаналық облыстың аграрлы ірі өңірі болып саналатын Жарқайың ауданында да тәуелсіздігімізбен бірге келген оң өзгерістер мен жаңалықтар аз емес. Өткенге ой жіберіп қарасақ, атқарылған ауқымды шаруалардың көптігін көреміз. Ойға алған жоспарларымыз да бұдан аз емес. Елбасы алға міндет етіп қойған әлемнің озық елдерінің санатына қосылу үшін  бүгінгі тәуелсіз еліміздің ең басты байлығы болып  отырған – бірлігіміз бен ынтымағымызды жоғалтпауымыз қажет.

 

Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ,
Жарқайың ауданының әкімі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар