Құрметіміз жетіспей жатыр

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні жыл сайын рес-публикамыз бойынша кең көлемде аталып өтіледі.

Мен облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде бұл күннің маңызы артып, рәміздеріміздің жете насихатталуына өз үлесімді қосуға барынша күш салумен келемін.  
Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, ұлттық сана-сезімін ояту мақсатында, салт-дәстүрімізді насихаттау жолында Мәлік Ғабдуллин музейі, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана, қалалық кітапханалар жүйесі, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры және Көкшетаудағы бірқатар мектептер де  тынбай жұмыс істеуде. Ойымыз бір жерден шығып, мақсатымыз бен мұратымыз ортақ болған соң осы мекемелермен бірлесіп іс-шаралар өткіземіз. Әрине, жиналып алып, бүгін рәміздер күні екен деп талабы бар бес-алты балаға ән айтқызып, қазақша киім киген бір топ қызды билетіп, концерттік бағдарламамен шектелсек дұрыс болмайды.
Біз жастардың арасында Елтаңба-мыздың, Туымыздың  әрбір элементін талдап, оны неге олай жасағанын, ол нені білдіретінін айтып, түсіндіреміз. Әнұранның мәтінін ұғындырамыз. Одан қалды, авторларын естеріне түсіріп, олардың кім екендігін, соңында қандай еңбектер қалдырғанын айтып, кейінгі жас-
тар үлгі алсын деген ниетте игі қадамдар жасаймыз.  
Кішкентай кезімізде мектеп қабырғасында Әнұранды қол ұстасып шырқайтынбыз. Ол кездегі талап солай еді. Бірақ, ешкім Әнұранды айтқызып қойды деп ренжімейтін. Қайта керісінше, әр оқушы Әнұран айтқанға мәз болып, рухтанып, қанаттанып қалатын. Ал, қазіргі мектептерде ондай ештеңе өткізілмейтін сияқты. Себебі, көптеген жарыстарда, қоғамдық шараларда жүргенде өзге ұлт өкілдерін жауып қояйық, өзіміздің қаракөз балаларымыз Әнұран айтылып жатыр-ау, бірге шырқайық, ең болмаса тыңдап, дұрыс тұрайық деп ойламайтыны қынжылтады. Әркім өз бетімен сөйлесіп, не болмаса, айдалаға қарап тұратынына қарным ашады. Шіркін, әр ата-ана, әр мұғалім рәміздеріміздің қадір-қасиетін ұғындырып, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелесе екен дейсің.
Бірақ жасыратын не бар, көптеген ата-аналардың өзі де сол Әнұранның сөзін білмейді. Десек те, көпке топырақ шашуға тағы болмайды. Еліміз тәуелсіздік алғалы міне, биыл ширек ғасыр болды. Құдайға шүкір, елім дегенде етегі жасқа толып, жұртым дегенде жұлқынып тұрған жастар да, ересектер де баршылық. Оған тәубе деуіміз керек. Алайда, Әнұранды білмейтін жандарға шара қолдану қажет. Жылына бір рет Рәміздер күнінде ме,  әлде Қазақстан Республикасының Ата заңы, Тәуелсіздігі, Тұңғыш Президенті күндерінде немесе Наурыз мерекесінде, ұлттық мейрамдар қарсаңында әр мекеменің қызметкерлеріне Әнұранымызды шырқататын акциялар ұйымдастыру керек болар, бәлкім.  

Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар