Ірі астықты өңірдің тағы бір элеваторы

Державинск қаласынан «Алтын дән кz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаттылығы 60 мың тонналық элеватор салып жатыр.
Наурыз айында басталған құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылдың қыркүйек айында элеватордың 30 мың тонна астық тазалайтын алғашқы кезегі іске қосылады деп жоспарланып отыр. Әлемді қамтыған экономикалық дағдарыс салқыны біздің елімізде де байқалуда. Осындай дағдарыс қысқан қиын кезеңде жаңа өндіріс орнын ашпақ түгілі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды аман сақтау өзекті мәселе болып тұрғаны жасырын емес. Білікті кәсіпкер Бақытжан Тілеубаев басқаратын «Алтын дән кz» ЖШС-інің астықты өңірден жаңа элеватор салу жобасын қолға алуы бүгінгі күнмен емес, болашақтың жайын ойлап жасаған тірлік екені анық. Дағдарыстар келеді, кетеді. Ел мен жер, халық қалады. Ендеше егін шаруашылығы дамыған өңірде астық тазартып, сақтайтын элеваторға деген қажеттілік азаймайтыны даусыз. Алысты болжап, болашаққа қажет істермен айналысатын білікті кәсіпкер бұл жобаға өз қаржысы есебінен 1,2 миллиард теңге ақша салып отыр. Бұл аз қаржы емес.
Қазір элеватор құрылысында теміржолшыларды қосқанда  60-қа тарта адам жұмыс істеп жатыр. Екі қабатты офис ғимараты тұрғызылып, бірінші қабаты әзірге асхана қызметін атқаруда. Асхана демекші, мұнда жұмысшыларға үш мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі және сырттан келгендер үшін вагоннан жатақхана дайындалып берілген. Жұмысшылар үшін көшпелі монша жұмыс істейді. Құрылыста істеп жүргендердің көбі жергілікті тұрғындар. Сырттан келген жұмысшылар да бар. Жүз мың теңгенің үстінде жалақы төлеп, күніне үш мезгіл тегін тамақпен және жататын орынмен қамтамасыз етіп отырған жұмыс берушіге жұмысшылардың өкпе-реніші жоқ. Мұны құрылыста еңбек етіп жүрген жұмысшылармен сөйлескенде анық аңғардық.
Элеватор орналасатын 15 гектар аумақ түгел қоршалып, теміржол тартылуда. «Құрылысқа қажетті материалдармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапқан. Бірер айдың ішінде екі қабатты офисті аяқтаймыз. Онан әрі дайын құрамалы конструкциядан элеваторды құрастырып, орнатамыз», – дейді бригадир Берік Жақыпбеков.  Құрылысқа қажетті техникалар да серіктестіктің өзінікі. Тек көтергіш крандарды ғана тапсырыс арқылы басқа мекемелерден жалға алады. Құрылыс жұмыстары таңертеңнен қас қарайғанша бір ауысыммен үзіліссіз жүргізілуде. Элеватордың жанынан сондай-ақ, сыйымдылығы 10 мың тонналық астық сақтайтын қойма салынбақ.
Биылғы жылдың қыркүйегінде қуаттылығы 30 мың тонна болатын элеватордың бірінші кезегі іске қосылса, келесі жылы 30 мың тонналық екінші кезегі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыс қарқынына қарап, құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сай орындалатынына сенім мол.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар