Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Қазыбек Ескендіров жергілікті БАҚ өкілдерімен өткізілген брифингте палатаның 2013-2016 жылдар аралығында атқарған жұмысына тоқталды.
Сондай-ақ, брифинг барысында майлы дақылдарды өсіретін кооперативтер құру мәселесі көтерілді. Осы орайда, Қазыбек Ескендіров жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірнеше кездесу өткізіліп, майлы дақылдарды өндіретін кооперативтерді ұйымдастыру мәселелері қарастырылғанын атап өтті.
– Бірлесіп жұмыс істеу қаржының қолжетімді болуына, нарықтық жағдайда бағаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кооператив құрудағы мақсат – қатысушылардың экономикалық жағынан қызығушылығын арттыру, – деді өз сөзінде ол.
Кездесуде айтылғандай, палатаның соңғы мәжілісінде халықаралық ірі трейдерлердің бірімен облыс аумағында майлы дақылдар өнімдерін өткізу бойынша келісім жасалды. Оған қоса, майлы дақылдарды сақтау және қайта өңдеу туралы ұсыныстар қаралуда.
Палата басшысының орынбасары Фатима Герфанова өңірлерді дамыту картасын құру жөніндегі ойымен бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, қазір палата тарапынан бизнес жоспар жасау, инвестор табу бойынша әлеуетті инвестициялық жобаларды таңдауда нақты жұмыстар жүргізілуде. Жобалардың арасында ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп және туризм саласына басымдық берілген.
Жалпы, Ақмола облысы бойынша Индустрияландыру картасына 15 жоба енгізіліп отыр. Оның ішінде 10 жоба ауыл шаруашылығы саласында, яғни, сүт және ет өнімдерін өңдеу, күрке тауық өсіретін кешен және тауарлы-сүт фермасын салу, мал азығын өндіру бойынша енгізілген.
–2015 жылдан бастап кәсіпкерлерге сервистік қызметті өңірлік палата көрсетуде. Былтырғы жылы 1677 кәсіпкерге 2500-ден астам сервистік қызмет көрсетілді. Оған қоса, «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша 1000-нан астам адам арнайы курстан өтті. Осының арқасында 150 адам өз кәсібін ашып, 324 жоба жүзеге асырылды, – деді Фатима Герфанова.
Брифинг барысында палата басшылары журналистердің бизнесті дамытуда жиі кездесетін әкімшілік кедергілермен күрес, кәсіпкерлердің өтініштері бойынша жұмыс істеу тәрізді сауалдарына да жауап қайырды.
Аслан ОСПАНОВ