Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үлгілі отбасылар көбейе түссін - АРҚА АЖАРЫ

Үлгілі отбасылар көбейе түссін

«Достар» мәдениет сарайында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының  облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді  облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов марапаттады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы Өкімімен жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы биыл да ойдағыдай өтті. Шаңырақтың шаттығын, үй ішінің берекесі мен жарасымын насихаттайтын байқаудың былтырғы жеңімпаздары Кәкпеновтар отбасы Президентіміздің қатысуымен өткен республикалық сайыста өңіріміздің намысын лайықты қорғаған еді.  Биылғы жеңімпаздарға да осындай үлкен үміт артатынымыз ақиқат.
Байқауға қатысқан отбасылардың жанкүйерлері көп болды. Облысымыздың әр ауданынан келген олар мәдениет сарайының кең залын лық толтырды. Сахнада «Мерейлі отбасы» әні шырқалғаннан кейін Нұрлан Нұркенов құттықтау сөз сөйлеп, жүлдегер атанған отбасыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының ұйымдастыру комитетінің шешімімен осы шараға белсене қатысқаны үшін Агафоновтар әулеті марапатталды. Агафоновтар – екі дін мен екі ұлттан құралған аралас отбасы. Облыстық «Бақыт шаңырағы» байқауының бас жүлдесіне ие болған олар Сандықтау ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған берекелі де мерекелі шаңырақ. Отағасы Александр «Максимовский» шаруа қожалығының директоры.
Осындай ынталандыру сыйлығымен Лошаковтар отбасы да марапатталды. Бұл ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі 407 жыл екен. Раиса Лошакова 43 жыл мұғалім, 17 жыл Баранкөл орта мектебінің директоры болған жан. Қазіргі уақытта зейнеткер. Қызы Жанна мен ұлы Талғат Сейітжановтар да талапты шәкірт тәрбиелеп отырған өз істерінің бір-бір біліктілері.
Байқауда екі отбасы үшінші орынды жеңіп алды. Олар Көкшетау қаласында тұратын Айтқожиндар әулеті мен осы байқауға Қорғалжын ауданынан қатысқан Смановтар отбасы. Қажығали Айтқожин еңбек ардагері, көптеген мерекелік медальдардың иегері. Жұбайы Қазкен Айтқожина да «Алтын алқа» алқасымен марапатталған Батыр ана. 2012 жылы отау құрғандарының 60 жылдығын тойлаған, 11 бала өсіріп, солардан немерелер мен шөберелер сүйіп отырған үлгілі отбасы. Қорғалжын ауданынан  Смановтар отбасы байқау қорытындысына келе алмапты.  Дегенмен, облыс әкімінің орынбасары көрермендер алдында Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын жеткізіп беретіндіктерін айтты. Байқауда екінші орынды Жарқайың ауданынан Сұлтановтар және Зеренді ауданынан Ыбыраевтар отбасылары иеленді. Сұлтановтар әулетінің ұйытқысы болып отырған Рахима апай бүгінгі таңда зейнеткер, ұл-қыздарынан 25 немере,
 8 шөбере сүйіп отырған Батыр ана болса, Сайран мен Гүлнұр Ыбыраевтар да көпбалалы отбасы атанып отырған жандар. Ал, енді байқау жеңімпаздарына келсек, бұл құрметті атаққа Сандықтау ауданынан Докаевтар отбасы мен Бұланды ауданынан Әкімбаевтар отбасы ие болды.
Докаевтар әулетінің отағасы Атлан Алиевич Сандықтау ауданының құрметті азаматы, «Сандықтау Астық» диірменінің қожасы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған өңірге танымал кәсіпкер. Жұбайы Таита Висаевна екеуі биыл шаңырақ құрғандарының 40 жылдық мерейтойын тойламақ. Ал, Макинск қаласында тұратын Серік пен Жаңылған Әкімбаевтарға келсек, олар өздерінің үш ұлынан бөлек
17 балаға патронатты тәрбие беріп отырған қайырымды жандар. Бұл көп ұлтты отбасында қазақ балаларымен қатар, украин, татар, орыс, поляк, молдаван ұлттарының балалары тәрбиеленуде. Отағасы Серік Құрмашұлы «Қазақ зағиптары қоғамының» төрағасы, бірінші топтағы мүгедек. Ал, жұбайы Жаңылған Абдоллақызы патронатты тәрбиеші.
Осы екі отбасының біреуі қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының қатысуымен өтетін республикалық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» байқауына қатысатын болады. Ендеше, шаңырақ  абыройын асырған жерлестерімізге байқауда жеңіс тілейміз.   
Тағы бір құптарлығы, осы жолы облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов Әлинұр Дәулетхан есімді сәбидің тұсауын кесіп, жұрт алдында бүлдіршінге батасын берді. Ал, облыстық Ассамблеяның жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Еспайқызы шашу шашты. Әлинұрдың ата-анасы разы көңілдерін білдіріп, сый-сияпат жасады.  Мазмұнды шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар